Білім • 15 Тамыз, 2023

Оқу құралдары мен мектеп формасына қолжетімді баға бекіту тапсырылды

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 52 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа білім ордаларын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Бұл Қазақстандағы үшауысымды мектептердің санын азайтып қана қоймай, жас мұғалімдерді де жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Алайда жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында хабарланды, деп жазады Egemen.kz.

Оқу құралдары мен мектеп формасына қолжетімді баға бекіту тапсырылды

«Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет», деді Әлихан Смайылов жиын барысында.

Үкімет басшысының айтуынша, 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, бірақ мұнда да жұмыстар аяқталмай қалу қаупі бар. Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын соңына дейін жеткізуге үлгермей қалуы мүмкін, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектеп бар.

«Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес, барлық құрылыс жұмысы жаңа оқу жылының басталуынан 2 апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу иісі жоқ сыныптарға келуі тиіс», деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, 54 мектеп ғимаратының жылыту қазандықтары әлі күнге дейін шығарылмаған. 

«948 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілді деп саналады, алайда тек 290 мектеп заманауи робототехника, химия, биология және физика кабинеттерімен жабдықталған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өңірлер әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пән кабинеттерін ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізуі керек. Жұмысты есеп беру үшін ғана жүргізуге болмайды», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-министрдің айтуынша, білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайды қарауға жол бермеу керек. 

«Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мектептердің 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Осы ретте жұмысты белсенді жүргізу қажет», деді Үкімет басшысы.

Айта кетсек, 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушысы, яғни шамамен 1,5 млн бала тегін тамақпен қамтылады.

«Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін бір балаға кемінде 40 мың теңгеден алады. Барлығы 500 мыңға жуық балаға осындай көмек көрсетіледі. Балаларды мектепке тасу үшін биыл 500-ден аса жаңа автобус сатып алынды», деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Үкімет басшысы көмекке мұқтаж балаларды 100% мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Әкімдіктер, Оқу-ағарту, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен «Атамекен» палатасы оқу құралдары мен мектеп формасының қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауы тиіс», деді Премьер-министр. 

Сөз соңында Әлихан Смайылов бейнекамераларды жаңарту, бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігін айтты.