Суретті түсірген Нұрхат ЖАНБОЗОВ
Отбасы шағын мемлекет дейміз. Үлкен отбасымыз – мемлекетіміздің бақ-берекесі ең алдымен шағын мемлекеттің – әр шаңырақтың аясындағы ырыс-ынтымаққа байланысты екені сөзсіз. Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Халқымыз қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, зор маңыз, үлкен мән берген.
Елімізде отбасы құндылығын насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіле бастағанына 10 жыл болған екен. Сайыстың биылғы кезеңі мерейтойлық дәрежесіне сай ерекше аталып өтуде. Мұны байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын арнайы құттықтаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев анықтап айтып өтті.
– «Мерейлі отбасы» байқауы – мазмұны мен тәрбиелік жағынан өзгеше іс-шара. Яғни аға буынға «Артымда қандай ұрпақ қалдырамын?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейтін, рухани байытатын шараның мәні тереңде жатыр. Бұл ұлттық байқау ұрпақтар сабақтастығын жария етіп, елге қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, өнеге алатын сайыс болуымен де қоғам алдындағы құндылығы арта түспек, деді облыс әкімі.
«Мерейлі отбасы» байқауы 2013 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқанын айттық. Осы уақыт ішінде ұлттық байқаудың кезеңдеріне елімізде 20 мыңнан аса, ал Батыс Қазақстан облысында 2 мыңнан аса үйелмен қатысқан екен. Бұл отбасы құндылығын ту еткен, шаңырақ шаттығын өзгелерге де үлгі етуге ұмтылған жарасымды жұптардың мол екенін көрсетеді.
Байқаудың биылғы қорытындысы Астанада қыркүйек айында өтеді деп күтіліп отыр. Ал бұл сайысқа әр өңірден іріктеліп шыққан ең таңдаулы отбасылар баратынын ескерсек, қазылар алқасына да оңай болмайтын тәрізді.
Отбасы институтын, отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, үлгілі отбасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық, облыстық деңгейдегі іс-шаралары жыл бойы өткенін айттық. Соның ішінде 50 жыл бірге тұрған өнегелі жұптар үшін «Алтын шаңырақ», 40 жыл бірге тұрған отбасыларға «Күміс кереге» атты марапаттау шаралары ұйымдастырылды. Байқау жеңімпаздары қоғамдық бақылау жұмыстарына, әлеуметтік маңызы бар жобаларға сарапшы ретінде тартылды. «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының 10 жылдығына орай аудандық, қалалық, облыстық деңгейде түрлі акция – сурет байқауы, шығармашылық байқаулары, жас отбасылар сайысы өтті.
Ал байқаудың биылғы облыстық кезеңіне 200-ден аса отбасы өтініш білдірді. Соның ішінде 21 отбасы іріктеліп шығып, облыстық кезеңге жолдама алды. Батыс Қазақстан облыстық драма театрының ғимаратында марапаттау іс-шарасына жиналған байқауға қатысушылардың өзі-ақ кең залды толтырып, айналаны мерекелік көңіл күйге бөлеп жіберді.
Ұйымдастырушылар байқаудың финалдық кезеңіне өткен 21 қатысушыны да сахна төріне шығарып, ерекше құрмет көрсетті. Бұлардың ішінде 18 отбасы өңір басшысының қолынан естелік сыйлық пен алғысхат алса, ең үздік 3 отбасына қомақты қаржы сертификаты ұсынылды. Ал бірінші орын иегері 1 млн теңге жүлдеге қоса Астанада өтетін республикалық байқау финалына жолдама алды.
Сонымен, батысқазақстандық бақытты отбасыларды кезегімен таныстырып өтейік. Сахнаға ең алдымен қаратөбелік Ақдонов отбасы көтерілді. Үлкен әулеттің темірқазығы, «Құрмет» шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығын дамытып отырған Бірімжан Ақдонов «Egemen Qazaqstan» газетінің оқырмандарына таныс болса керек. 1987 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алған ағамыз жайында биыл ғана мақаламыз шыққан еді. Жары Тұрсынгүл апамызбен бірге отбасында 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген Бірімжан ағамыз қазір 15 немере-жиен сүйіп отыр. Айта кетейік, төрт түлік мал өсіріп отырған «Құрмет» шаруа қожалығында барлық шаруаны Ақдонов отбасы тек өз күшімен атқарады, бірде-бір адамды сырттан қоспайды екен.
Келесі Шыңғырлау ауданынан келген Байғалиев отбасы өнерімен әйгілі шаңырақ болып шықты. Отағасы Жұмабай Тілегенұлы Шыңғырлау ауданы ардагерлер ансамблінің жетекшісі болса, қызы Бибігүл Жұмабайқызы – С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ал Нұргүл Жұмабайқызы түрлі республикалық, облыстық сайыстардың жүлдегері екен.
Байқау жеңімпаздарының басым көпшілігі – қарапайым ауыл тұрғыны, еңбек торысы. Олар – ақадал еңбегімен өздерін асырап қана қоймай, елге де шарапатын тигізіп отырған шаңырақтар. Мысалы, Сырым ауданы Жосалы ауылдық округі Қоңыр ауылынан келген Байқатов отбасы, Қаратөбе ауданы Жусандыой ауылының тұрғыны Бақытжанов әулеті, Бөрлі ауданынан келген Ашот Манукян, Жаңақала ауданы Мәстексай ауылының тұрғыны Жеңіс Мүсірепов – дәл осы санаттан. Ал Жаңақала ауданы Бірлік ауылының байырғы тұрғыны Айдос Ғиниетоллаұлы отбасы, 60 жылдық ұстаздық еңбек өтілі бар бәйтеректік Жанұзақов отбасы ұрпақ тәрбиесіндегі қызметімен ерекшеленсе, Бәйтерек ауданы Атамекен ауылынан келген Досмұхамбетов отбасы қоғамдық белсенді қызметімен ауылдастарына үлгі болған. Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінде, аудандық тарихи-өлкетану музейінде қызмет атқарған Қаршыға Елемесовті жерлестері журналист-жазушы, ақын ретінде жақсы таниды. Жұбайы Жанар Орынбасарқызы екеуі бұдан бұрын да облыстық «Алтын ұя», «Оқырман отбасы» сынды байқауларға қатысып, жүлдегер атанған. Бөкейордалық Сатыбалды Ерекешов «Орда» шекара заставасында кинолог болып қызмет етеді. Қазталов ауданынан үздік шыққан Есенғазиев отбасы – халыққа адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы қатарынан. Әулеттің атасы Серікқали Орашұлы механизатор болса, жұбайы Сәндеш – 40 жылдан астам Қазталов аудандық ауруханасында қызмет етіп, елдің алғысына бөленген жандар. Ал Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округі әкімі аппаратында кеңсе күзетшісі болып қызмет ететін Аманжол Қабланов – ұлттық тәрбие мен спортты ту еткен отбасының иесі.
Әрине, шығармашыл әлеуетімен танымал болған тасқалалық Нәріков отбасына, адами құндылықтар мен салт-дәстүрді ерекше бағалайтын жәнібектік Рахмушев пен тасқалалық Сансызбаев әулетіне, патриоттық тәрбиені ту еткен бөкейлік Сүйінішев шаңырағына, таланттар ұясы – оралдық Сүлейменнің әрқайсысына бір мақала арнауға болар еді. Дегенмен жиналған халық «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық конкурсының облыстық финалындағы ең басты үш жүлдегері жарияланар сәтті асыға күтті.
Қазылар алқасының шешімімен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған сырымдық Қажиахметов әулеті жүлделі ІІІ орынға, алғысхат пен 500 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Айта кетейік, әулет басы Махмет Қажиахметов – ақын, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Саналы ғұмырын аудандық газеттің қарбалас тіршілігіне арнаған Махмет аға бүгінде Сырым ауданының құрметті азаматы. Жұбайы Ботагөз Хайрошқызы да аудандық газетте ұзақ жыл линотипші, корректор болса, әулеттің тұңғыш ұлы Дәурен «Aqjaiyq» телеарнасының Сырым ауданындағы телеоператоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Дәурен түсірген бейнематериалдар облыстық телеарнадан бөлек «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Хабар 24», «Аbai TV», тағы басқа республикалық арналардан көрсетіледі. Бұл әулеттің үлкен келіні Шынар Молданиязова да – журналист. Қажиахметов отбасының журналистика саласындағы еңбек өтілі 107 жыл болған екен.
Ал оралдық көпбалалы, әскери қызметшілер әулеті – Өтебаев отбасы облыстық кезеңде ІІ орынға лайық деп танылып, 700 мың теңгенің сертификатына ие болды. Отағасы Ғалымжан Көбенұлы да, жұбайы Зылиха Түлкібайқызы да Орал қаласындағы 5515 әскери бөлімінде қызмет етеді. Жауынгерлік үздік қызметі, Отан алдындағы ерекше еңбегі, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсенді қатысқаны үшін талай мәрте марапатқа ие болған. Отбасындағы 5 бала да оқуда озат, спортта алғыр, қоғамдық жұмыста белсенді.
Сонымен, «Мерейлі отбасы-2023» байқауының Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпазы атағы мен 1 млн теңге сыйлыққа Қазталов ауданы Сарықұдық ауылынан келген Ниетқабылов отбасы ие болды. Қарапайым еңбек адамдары, көпбалалы отбасы шағын ауылда тұрса да шаруаның көзін тауып, айналасына үлгі көрсетуде. 2010 жылы құрылған «Сағынгерей» шаруа қожалығы бүгінде құрт жасау кәсібімен әйгілі болған. Атакәсіпті қолға алып, сиыр сауып, құрт жасап, бір жылда 40 мың құрт сатып, ауыл орталығынан зәулім үй салған берекелі отбасы. Ниетқабылов әулеті мүшелерінің басқа да өнері көп, балалары білімді, еңбекқор болып өсіп келеді. Бұйырса қыркүйек айында Астанада өтетін республикалық сайыста Ақжайық өңірінің намысын абыроймен қорғау осы әулетке жүктеліп отыр. «Тынымсыз, адал еңбекпен өмір сүріп, жетістікке жете білу – біздің Ниетқабылов отбасының басты ұстанымы», дейді әулеттің бәйтерегі, 70 жастағы Сағынгерей Қарекенов.
Біз осындай отбасылармен мақтанамыз. Өйткені Отанның тірегі – шаңырағына шаттық ұялаған, босағасына береке байланған осындай отбасылар!
Батыс Қазақстан облысы