Форум • 21 Тамыз, 2023

Жастар – қоғамның тірегі

283 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкентте жастар мәселесін қозғаған «Уақыт сынағы және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты» атты екі күндік азаматтық форум өтті.

Жастар – қоғамның тірегі

Форум жұмысына қатысқан Ақпа­рат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі азаматтардың қо­ғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы», «Онлайн петиция институты туралы» заң жобаларына кеңінен тоқталып, құжаттарға енгізілген жаңа өзгертулер жайлы мәлімет берді. Министр бұл заңнамалық негіздер аза­маттық қоғам институттарының ха­лықтың әлеуметтік мәселелерін ше­шуге және қоғамдық-саяси жүйені жаңғыртуға мүмкіндік беретінін баян­дады.

Сондай-ақ оның айтуынша, Шым­кент тұрғындарының 32%-ы – жастар, тиісінше бұл өңірді Жастар қаласы деуге толық негіз бар. «Бүгінде бүкіл ел бойынша 232 жастар ресурстық орталығы бар, онда 3 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Жастардың дамуына жағдай жасау мақсатында, жыл соңына дейін Жастар ресурстық орталықтар базасында әр өңірде «IT Hub» ашу жоспарда бар», деп атап өтті министр.

«Таяуда «Жастар саясаты туралы» Заң күшіне еніп, Жастар саясатының тұжы­рымдамасы іске асырылуда. Алғаш рет «Жастардың даму индексі» енгізілді. Бұл индекс әкімдіктердің жастармен жұмысын 7 басты бағыт бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Олар – білім, денсаулық, жұмыспен қамту, азаматтық және саяси қатысуы, бос уақыт өткізуі және қауіпсіздік. Азаматтық қоғам институттарының ішіндегі маңызды топтардың бірі – қоғамдық кеңестер. Қазір елімізде 258 қоғамдық кеңестің құрамында 4 мыңнан астам белсенді азамат өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырма бойынша осы жылдың соңына дейін Қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 10 пайызға жеткізу қажет. Қазір республикалық көрсеткіш – 9 пайыз», деді Д.Қыдырәлі.

Өз кезегінде сала басшысы ин­к­лю­зивті қоғам құру бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың саны арта түскенін, осы және басқа да азамат­тық қоғам институттары тұрғын­дар­дың әлеуметтік проблемаларын шешуде және қоғамдық-саяси үдеріс­тер­ді жаңғыртуда маңызды құралға айналғанын жеткізді.

Министр үкіметтік емес ұйымдар елдің әлеуметтік мәселесін шешуге зор көмегін беретінін сол арқылы қоғам ізгілік пен қайырымдылыққа толатынын айта келе, «шырайлы өлкенің даңқты перзенті, Отырардан шығып, аты әлемге жайылған әл-Фараби бабамыздың әйгілі еңбегінде қайырымды қоғам, парасатты қала туралы ой толғағаны белгілі. Қайырымды қала қайырымды қоғамнан басталады. Сондықтан ізгілік пен мейірім, парасат пен пейіл салтанат құратын абзал қоғам біздің баба танымының тамырынан бастау алады», деп сөзін қорытылады министр.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Президент тапсырмасы аясында қазіргі таңда қалада азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кеңейе түскенін, соның нәтижесінде шаһар аумағында 550-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркеліп, жұмыс атқарып жатқанын, ал әкімдік тарапынан осы ұйымдардың дамуына, олардың қалыптасуына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келетінін айтты.

«Азаматтық қоғам – бұл қарапайым халық, біз бен сіз және қоғамда өзіндік орны бар үкіметтік емес ұйымдар. Ал үкіметтік емес ұйымдардың мем­лекеттің дамуында ықпалы орасан зор. Жалпы, билік қашан да ха­лық­тың үніне құлақ асса, онда қо­ғамда өзара түсіністік орнайды, басты құнды­лы­ғымыз – ынтымақ, бірлігіміз арта түседі», деді қала әкімі.

Ал Қазақстанның азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева мықты мемлекет болу үшін күшті азаматтық қоғам қажет екенін алға тартты. Кез келген дамыған елде азаматтық қоғам жүйелі жұмыс атқаратынын атап өткен спикер атқарушы билік пен үкіметтік емес ұйымдарды бір-біріне серіктес болуға шақырды. Сонымен бірге 2005 жылы қабылданған әлеуметтік тапсырыстар туралы Заң бойынша әкімдік, министрліктер жанында үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасқа негізделген ке­ңес­­тер болу қажеттігін атап өтті. Альянс президентінің айтуынша, егер әлеу­мет­тік мәселемен шұғылданатын үкі­меттік емес ұйымдарға мемлекет қаржылай қолдау білдірмесе, олардың жобаларына қаражат шетелден келуі мүмкін. «Ал бұл өз елімізде тұрып, көмек ала алмау баршамызға сын», деді Б.Нұрғазиева.

Сондай-ақ жиында баяндамашылар тарапынан жастар ресурстық орталықтардың рөлін күшейту туралы мәселе көтерілді. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін онда істейтін ма­ман­дардың айлық жалақысын көбейту керектігі айтылды.

Форум аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бір топ үкіметтік емес ұйым жетекшісін осы саладағы жемісті еңбегі үшін мақтауқағазымен марапаттады.

 

ШЫМКЕНТ