
Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бүгінде Еуропа, АҚШ, Азияда күн күйіп тұр. Аптап ыстықтың салдары әсіресе Еуропаның оңтүстігінде қатты сезілді. Мәселен, Испанияда ыстықтың үшінші толқыны басталды. Ал қазір Түркияның Эскишехир провинциясында ауа райы Цельсий шкаласы бойынша 49 градусты көрсетіп тұр. Метеорологтер алдағы бірнеше тәулікте аптаптың беті қайтпайтынын айтады. Осылайша, Түркиядағы орташа температура маусымдық шамадан 7 есе асты.
Мұның бір себебі – қазір Антарктидада мұздықтар еріп жатыр. Өткен шілдеде мұздықтардың ұзындығы өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Қазір Антарктидада қыс мезгілі. Әдетте бұл уақытта суда қалқып жүретін мұздың ауданы тез ұлғаю қажет. Алайда биыл керісінше азайған. Салдарынан ауданы әлемдегі ең үлкен арал Гренландиядан асып кететіндей мұз еріп кеткен. Ғалымдардың дерегінше, Антарктиданың шығысындағы мұз қабатында температура минус 50 градус болуы қажет. Алайда бірнеше күн бойы минус 10 градус сақталып тұр.
«Антарктида күн сәулесін шағылдырып, жерді ыстықтан қорғайды. Алайда бетіндегі қар мен мұз еріп кетсе, сәуле жұтылады да, күн ыси бастайды. Антарктида жер бетіндегі ауа температурасын төмендету керек. Бірақ қазір керісінше жаһандық жылынуды жылдамдатып жіберуі мүмкін», деді «The Guardian» басылымына берген сұхбатында ғалым Мартин Зигерт.
«Мұндай жағдайды ушықтырмай дәл қазір мәселені шешуді қолға алу керек», дейді ғалымдар. Ол үшін, ең алдымен, ауаға бөлінетін көмір қышқыл газының мөлшерін азайту қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мәселеге бейжай қарай алмай, мәлімдеме жасады.
«Климат өзгеріп болды. Жаһандық жылыну емес, жаһанның қызу дәуірі басталды. Тұрғындардың тыныс алуы қиындап барады. Дала өте ыстық, қапырық. Мұндай жағдайда климаттың өзгеруіне әрекетсіздік таныту орынсыз деп санаймын», деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Ыстықтан жапа шегіп жатқан елдің бірі – Оңтүстік Корея. Қапырықта қалған халық сая іздеп, су жағалап жүр. Ыстық күнге шыдамай ауруханаға түсіп жатқандар да жетерлік. Мәселен, Солтүстік Чолла провинциясында өткен Дүниежүзілік скауттар 25-слетінің ашылу салтанатында 108 адам ауырып, ауруханаға жеткізілген. Осыған байланысты ұйымдастыру комитеті медициналық персонал санын 30 дәрігер мен 60 медбикеге арттырды. Лагерьдегі науқастарға күтім жасау үшін төсек саны да көбейтілді.
Иракта ауа райының сынап бағанасы 50 градусқа дейін көтерілген. Аптап ыстыққа электр сымдары да шыдас бермей, жарық жиі сөнетін болған.
Ал Иранда күннің ыстығынан қорғану үшін ел билігі екі күндік демалыс жариялаған. Жергілікті БАҚ өкілдері таратқан мәліметке қарағанда, ауа температурасы 51 градустан асқан. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрек, қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға және де қарттарға сыртқа шықпауға кеңес берілген. Канадада күннің қызуынан адам ғана емес, жануарлар да жапа шегіп отыр. Өрт қаупі күшейген. Канаданың Британдық Колумбиясы провинциясында 360 өрт ошағы тіркелген. Осыған байланысты жергілікті билік жалынға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірген.