Үкімет • 22 Тамыз, 2023

Көмірдің сапасын, жеткізу кестелерін және бағалар негізділігін тексеру тапсырылды

196 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көмірдің сапасын, жеткізу кестелерін және бағалар негізділігін тексеру тапсырылды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің электр станцияларында 10 энергетикалық блок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Бүгінгі таңда 4 энергетикалық блок, 24 қазандық және 15 турбина жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Сондай-ақ 3 энергетикалық блок, 13 қазандық және 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Бұдан басқа биыл 25,3 мың км электр желісін, 567 қосалқы станцияны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторды күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 13 мың км электр желісі, 364 қосалқы станция және 2 мың тарату пункті мен трансформатор бойынша жұмыстар аяқталды.

Жылу беру маусымына дайындық аясында тәуекел аймағында тұрған энергетикалық кәсіпорындарға ерекше назар аударылады. Мәселен, Риддер ЖЭО-да барлық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, әртүрлі деңгейде осындай жұмыс Екібастұз, Жезқазған, Шахтинск, Кентау, Степногорск ЖЭО-ларда жүргізіліп жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов жылу желілерін, әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникацияларды дайындау туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды (9 399), денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 88,6%-ды (5 015), тұрғын үйлердің дайындығы 75,1%-ды (37 555) құрайды. Бұл ретте республика бойынша 593 км жылу желісін жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 382 км немесе жоспардың 64,4%-ы аяқталды.

Павлодар облысында жылу беру маусымын апатсыз өткізу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы өңір әкімі Асайын Байханов баяндама жасады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск ЖЭО-cы және Теміртаудың екінші ЖЭО-сын жөндеу жұмыстары туралы айтып берді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қыс мезгілінде «МАЭК» жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету туралы, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған ЖЭО-сын жөндеу туралы, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Риддердегі ЖЭО мен желілерді жөндеу жұмыстары туралы баяндады.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жылыту маусымының басталуына 1 айдан астам уақыт қалды және жалпы дайындық жұмыстары белсенді жүруде. Жүйелік оператор «KEGOC» компаниясы Жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда бұл кестеден кешігу байқалып отыр, кейбір жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері орын алуда. 

«Сондықтан қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін. Мәселен, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында екенін атап өткен жөн», деді Үкімет басшысы. 

Осыған байланысты Премьер-министр проблемаларды шешу үшін «Қазақмыс», «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы», «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесулер өткізу қажеттігін айтты.

 Үкіметтің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Үкімет басшысы жыл соңына дейін елордада 3-ЖЭО мен екі газ турбиналық станцияны жоспар бойынша іске қосудың маңызын атап өтті. Премьер-министрдің айтуынша, өңірлерде 13 мыңнан астам автономды қазандық дайындау қажет.

«Іс жүзінде шамамен 11 мың қазандық немесе 81%-ы дайындалды. Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкентте жұмыс қарқыны баяу», деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Премьер-министр жылу желілерін жөндеу бойынша 4 өңір жұмыс көлемінің жартысын да аяқтамағанын айтты. Бұлар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстары.

Сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеуге жоспарланған 1,5 мың км-дің тек 60%-ы ғана жөнделді. Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында, Алматы қаласында және Қызылорда облысында жұмыстың қарқыны төмен. 

Бұдан басқа энергия өндіруші ұйымдардың жеткізілген газ үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясына берешегі көп, шамамен 13 млрд теңгені құрайды. МАЭК-тің қарызы ең көбі – 10 млрд теңге, одан кейін Жайықжылуэнерго, Ақтөбе ЖЭО-сы, Өзен Жылу және Таразэнергоорталық тұр. 

Сондай-ақ ЖЭО-лардың «Богатырь-Көмір» компаниясына көмір үшін 6,4 млрд теңге сома берешегі бар. Оның ішінде Павлодарэнергоның қарызы ең көбі – 2,6 млрд теңге, Севказэнерго – 1,4 млрд теңге және Екібастұзжылуэнерго – 1,3 млрд теңге.

«Бұл қарыздарды жаңа маусымға қалдыруға болмайды. Өйткені отынның нормативтік қорларын қалыптастыруда проблемалар орын алуы мүмкін. Аталған өңірлердің әкімдері осы мәселелерді шешуі керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы жалпы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу барысы күнделікті маңызды мәселе екенін ескере отырып, әрбір өңірде жол картасын әзірлеп, бекіту қажеттігін айтты.

«Онда жылу желілерін дамыту, жаңа Жылу орталықтарын салу мен қолданыстағы орталықтарды күрделі жөндеу жұмыстары нақты айқындалады. Сондай-ақ авариялар болған жағдайда өңірлік коммуналдық қызметтер мен Жылу орталықтарының іс-қимылының әр қадамы жазылған алгоритм бекітілуі тиіс», деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Премьер-министр осы сектордағы цифрландыру мен автоматтандыру деңгейін арттыру маңызды екенін айтты.

«Жылу желісі инфрақұрылымының жай-күйі, шығын деңгейі, тұтынатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет. Бұл жылу жүйесін басқаруға және жылу беретін объектілердегі авариялар санын азайтуға мүмкіндік береді», деді ол. 

Жалпы Үкімет басшысы белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмысының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

«Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет», деді Әлихан Смайылов.