Экономика • 25 Тамыз, 2023

Декларация уақыты аяқталуға жақын

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет халықтың табысын бақылауды декларациялау арқылы жүргізіп жатқаны белгілі. 2024 жылы міндетті декларация тапсыру категориясына барлық типтегі ұйымдардың басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ бизнес иелері мен олардың жұбайлары жатқызылады. Бұл ретте кәсіпкерлік қызметтің ауқымы мен кіріс мөлшері рөл ойнамайды. Жеке кәсіпкерлік (ЖК) арқылы жұмыс істейтін кішкентай кәсіпкерден бастап ірі кеніштер мен зауыттардың құлағын ұстап отырған бизнесмендер түгел декларация өткізеді.

Декларация уақыты аяқталуға жақын

2021 жылы жалпыға бірдей де­к­ла­рациялаудың бірінші кезеңіне кірген және бұрын активтері мен міндеттемелері туралы декларация­ны ұсынған тұлғалар аталған құжатты тап­сыруды жалғастырады. Оларға мемлекеттік қызметшілер, олар­ға теңестірілген тұлғалар, банк, сақ­­тандыру нарықтары мен баға­лы қа­­ғаздар нарығының ірі қаты­су­­шылары, сондай-ақ осы адам­дар­дың барлығының жұбайлары жатады. Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік меке­­­ме­лердің қызметкерлері мен олар­дың жұбайлары, сондай-ақ ква­зи­­­мемлекеттік сектор субъек­ті­ле­рінің қызметкерлері мен олардың жұбай­ла­ры үшін декларациялау жүргізіледі.

Осылайша, 2023 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап жалпыға бірдей де­к­ларациялау жүйесіне кірген мем­лекеттік мекемелердің қыз­меткерлері мен олардың жұбайлары, квазимем­ле­кеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары 2023 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00-нысан) ұсыну арқылы 2024 жылы кірістер мен мүлік тура­лы декларацияны (270.00-нысан) ұсынады.

Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кә­сіп­керлер мен олардың жұбайлары декларациялауға жатады. Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаты декларация тапсырады. Айта кетейік, декларация дегеніміз – салық салынатын жеке тұлғаның табысы туралы есеп.

Қаржы министрлігінің хабарла­уынша, декларацияда мемлекеттік немесе басқалай тіркеуге тиесілі, оның ішінде шекарадан тыс аумақтағы мұрагерлікпен берілген, сатып алын­ған немесе сатылған мүліктер туралы ақпараттар көрініс табуға тиіс. Оған жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер телімі немесе жер үлесі; әуе және теңіз кемесі, автомобиль, арнайы техника; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім бойынша Тұрғын үй ғимаратындағы үлес; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; бағалы қағаздар, өндірілген қаржы құралдары, цифр­лық активтер; инвестициялық алтын, зияткерлік меншік нысандары, авторлық құқық жатады.

Сондай-ақ бағалау қызметі тура­лы заңнамаға сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн болған кезде жеке тұлға қалауы бойынша осы мү­лік­тің бірлігі үшін баға (құн) 1 000 АЕК-тен асқан жағдайда өзге мүлікті көрсете алады.

Елімізде кеңінен етек алған жағ­дай­дың бірі – мамандардың ЖК құру арқылы қызмет көрсетуі. Оларда жалдамалы жұмысшылар немесе бизнес-жылжымайтын мүлік болмайды, сол себепті олар өз қызметін аяқтай отыра ЖК-ні жабу процедурасын міндетті деп санамайды. Дегенмен мемлекет үшін ол ЖК-лер тіркелген болып есептеледі және сондықтан иелері 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ак­тивтер және міндеттемелер туралы декларацияны тапсыруға міндетті.

Егер жеке кәсіпкер өз қызметін әрі қарай жалғастырмайтын болса, онда ол ЖК-ні жауып, сәйкесінше 2024 жылы декларация тапсырмауына болады. Қазіргі уақытта ЖК-ні жабу үдерісі біршама жеңілдетілген және дер кезінде есеп өткізбегені үшін де айыппұл салынбайды.

Енді мемлекеттік қызметкерлер жа­йына келейік. №270 немесе №250 фор­масы бойынша деклара­ция тап­сырудың тәртібі біркелкі бекі­тіл­­ген. Мысалы, азамат мемлекет­тік қыз­меттен 2024 жылдың ақпанын­да кетсе, бірақ 2024 жылдың 1 қаң­та­рын­дағы жағдай бойынша жауапты басқарушылық лауазымда болған болса (декларация тапсыру бойынша міндетті тұлғалар категориясына жатқан болса), онда ол 2024 жылғы жалпы декларация тапсыру аясында кірістері туралы мәліметін ұсынуға мін­детті болады.

Кірістер туралы декларациясы фор­масының типтерімен Мемле­кет­тік кірістер комитетінің сайтында танысуға мүмкіндік бар.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 формасы) және ак­тивтер мен міндеттеме туралы дек­­­ла­рацияны (250.00 формасы) қа­ғаз күйінде де, электронды форматта да тапсыруға болады. Қағаз кү­йінде ұсыну үшін жергілікті Халық­қа қыз­мет көрсету орталығына жүгі­ну керек, не болмаса жергілікті мем­ле­кеттік кірістер департаментіне хат жол­дау қажет. Ал электронды түрде тапсыру үшін үш бірдей нұсқа бар. Бұл – Салық төлеушінің жеке каби­не­ті, eGov электронды үкімет порталы, eSalyq Аzamat және eGov mobile мобильді қосымшалары.

Егер декларацияны тапсырып, алайда онда қандай да бір мүлікті көр­сету ұмыт қалса, қосымша дек­ла­ра­­ция тапсыруға болады. Келесі үш жыл ішінде өзгерістер енгізуге жол бе­ріледі. Ал декларацияны ұсын­ба­ға­ны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет салық салушылар декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұған қоса салық салу объектілерін жасыру кезінде тө­ленбеген салықтар сомасының 200 пайызы мөлшерінде және егер мұн­дай бұзушылық қай­та­ланса, 300 па­йыз мөлшерінде айыппұл көзделген.

Еліміз шегінен тыс жерде мен­шік құ­қығында мүліктің болуы тура­лы ақ­паратты жасырған, сондай-ақ еліміз шегінен тыс орналасқан ше­тел­дік банктерде ақшасы бар жеке тұл­ға­лар 100 АЕК мөлшерінде айып­пұл төлейді.

Декларация қағаз түрінде 15 шіл­де­ден, электронды түрде 15 қыр­кү­йек­­­тен кешіктірілмей тапсы­рылуға тиіс.