Мектеп • 24 Тамыз, 2023

Мыңбаев мектебі

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы №59 мектепке қазақтың тұңғыш биолог ғалымы Кәрім Мыңбаевтың есімі беріледі. Игі іске белгілі ғалымдар Жабай Қалиев пен Сейітқали Дүйсен бастамашы болған.

Мыңбаев мектебі

– №59 мектептің директоры Алма Жұмабековаға білім ордасына қазақтан шыққан тұң­ғыш биолог ғалым Кәрім Мың­­баев­тың атын беру туралы ұсыныс айттық. Содан кейін мектеп директоры ұстаздармен, ата-аналар кеңесімен жиналыс өткізіп, ұсынысымызды қабылдап, қолдау білдірді. Бұдан бұрын да мектептерге ұлы тұлғаларымыздың атын бергізуге азды-көпті үлесі­міз­ді қосқанбыз. №10 мектепке Жұмабек Тәшеновтің, №67 гим­на­з­ияға Ілияс Есенберлиннің атын беруге ұйытқы болдық. Енді кезек Кәрім Мыңбаевқа да келді, – дейді Мемлекет тарихы институтының зерттеуші ғалымы Жабай Қалиев.

Мектепке ғалымның аты бе­ріл­­ген­нен кейін Кәрім Мың­баев­­қа арналған музей ашу жоспарланып отыр. Онда ға­лым­ның артында қалған мұ­расы, пайдаланған заттары, ең­бек­тері жинақталады. Жәді­гер­лерді жинауға К.Мыңбаевтың жа­қындары атсалысып, қолдау көр­сетіп жатыр.

Кәрім Мыңбаев – қазақтың тұңғыш биолог ғалымы. Қазақ­тар­дан бірінші болып Мәскеуде докторлық диссертация қорғаған. Әрі әйгілі биолог ғалым Н.Вави­лов­ке шәкірт атанған. Оның ғы­лым жолындағы арманының бірі Бетпақдаланы гүлдендіру бо­лып­ты. К.Мыңбаевтың Ми­лица Васильевнадан төрт ба­ласы бар. Тұңғышы Гүлнұр гео­лог еді. 2013 жылы өмірден өтті. 1939 жылы туған ұлы Жафар Ленинград политехникалық инс­ти­тутының Электр желілері факуль­те­тін бітірген. Кандидаттық, док­тор­лық диссертация қорғаған. Кеңес одағы ыдырап, аласапыран басталғанда АҚШ-қа қоныс аударды. Бұдан бөлек, К.Мыңбаевтың Тимур және Алла есімді егіз баласы бар. Тимур – дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Туған жерден жырақта жүрген талантты кезінде Дінмұхамед Қонаев Қазақстанға шақырған. Ал Алла қазір АҚШ-тың Бостан қаласында тұрып жатыр.

– Мектепке ғалымның атын бе­ретін күнді белгілесек, ұрпақ­та­рын арнайы шақырамыз. Былтыр желтоқсан айында Кәрім Мыңбаев туралы кітапты орыс тіліне ауда­рып шығардық. Оны Жафар Кәрімұлы қаржыландырды. Ол үлкен ұлына әке­сінің атын бе­ріп­ті. Кәрім Жафар­ұлы қазір ғылым жолында жүр. Ресейдегі Иоффе атындағы физика-тех­ника институтында зертхана мең­­ге­рушісі және ақпараттық тех­нология, механика және оптика университетінің профессоры болып еңбек етеді. Әкесі, баласы, немересі бәрі ғылым жолын таң­даған. Осылайша, ұрпақтар сабақ­тас­тығы үзілмей келе жатыр, – дейді Ж.Қалиев.

Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиев Кәрім Мыңбаевты 2006 жылдан бері зерттеп келеді. Бұл іске ғылыми жетекшісі Болат Әбдікәрімұлы ұйытқы болыпты. Зерттеуші ғалым Кәрім Мыңбаев пен Бауыржан Момышұлының дос­тығы жайында қызықты дерекпен бөлісті. «Кәрім Мыңбаев Мәс­­кеуде оқып жүргенде Бауыр­жан Момышұлы да әске­ри ака­­демияда білім алыпты. Олар­дың достығы сол кезден басталған. Батыр Бауыржан ғалым досының докторлық диссертация қорғауына қатысып «Қазақ баласы Мәскеудің төрінде докторлық қорғағанда төбем көкке жетті. Бәрі оның жұмысын қолдап, қолпаштады», деп қатты қуанған,  дейді Ж.Қалиев.

К.Мыңбаев 1946 жылы Ғы­лым академиясы құрылғанда со­ған мүше болып қабылданады. Оның ең бір ерекше жұмысы – Бет­пақдаланы зерттеуі. Мойын­құм­да 2 млн, Бетпақдалада 5-6 млн мал ұстауға болады деген тұжырым жасаған. Алайда оның бұл зерттеуі тәжірибеге еніп  үлгермейді. Ол 1948 жылы қайтыс болды. Оның өлімінде құпия көп. Қастандықпен өлтіріл­ді деген кү­мән бар.

– Бүкілодақтық ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдары акаде­мия­сының басшысы Лысенконың 50 жасқа толған мерейтойына Кәрім Мыңбаев бастаған делегация шақырылады. Сол сапарда ұшақ Балқашқа тоқтап жанармай құйып алған соң, көкке көтеріледі. 15 минуттай ұшып, жарылып кетеді. Шерхан Мұртазаның айтуынша, Бауыржан Момышұлы бұл қаралы хабарды естігенде «убили, сволочь, убили», деп айқайлаған екен. Ғалымның әйелі Дариға Тінәлина да ұшақ апаты әдейі ұйымдастырылған деген пікірді қолдайды. Ғалым «Бетпақдаланы бақ далаға айналдырам» дегенде Сталин ол аумақтарға әскери қалашықтар салдырмақ болған. Сол үшін де оны өлтірген болуы мүмкін деген болжам бар, – дейді Жабай Қалиев.