Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық тоғызыншы территорияның бұл бастамасын жоғары бағалайды. Таяуда «The Washington Times» газеті осыған орай көлемді мақала жариялады. Хадсон атындағы институты әскери-саяси сараптама орталығының директоры Ричард Вайц әлем елдері Қазақстаннан үлгі алу керек деп есептейді. Төменде америкалық басылымға шыққан мақаланы аударып ұсынып отырмыз.
АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі 17 тамызда Биологиялық қорғаныс саясатының жаңартылған шолуын жариялады. Құжат «биологиялық қаруды қолдануға тыйым салатын, табиғи індеттерге тез жауап беретін және зертханалық апаттардың жаһандық қаупін барынша азайтатын тұрақты ортақ күш» құруға бағытталған. «Биологиялық қорғаныс» шолуы да, АҚШ пен шетелдік беделді стратегияларда да осындай қауіптерге қарсы тұру тежеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кешенді шараларды қамтиды.
Сонымен қатар осы айда Женевада биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға (BWC) мүше мемлекеттердің өкілдері кездесу өткізіп жатыр. Құжат халықаралық қауіпсіздіктің ең маңызды құралы саналады. 1975 жылы күшіне енген BWC – жаппай қырып-жоятын қарудың бүкіл түріне тыйым салатын алғашқы көпжақты шарт. Оған қатысушылар шабуылға арналған биологиялық қару жасамау, өндірмеу, сақтау, сатып алмау, бермеу немесе қолданбау міндетін алған. Кез келген биологиялық зерттеу қызметі тек бейбіт мақсатты көздеуге тиіс.
Бертінге дейін мұндай бастамалар коронавируспен күресуге тікелей қатысты болған-ды. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде пандемия аяқталғанын жарияланғаннан кейін халықаралық қоғамдастық осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, келешекте жер-жаһанды биологиялық аурулардан қорғауды күшейтуге белсене кіріскені абзал. Көптеген мемлекет BWC-ге қосылғанымен, конвенцияны ратификация жасамаған елдері әлі бар.
Кей мемлекет бүкіл ұлттық міндеттемесін орындауда қиындыққа тап келді. Сонымен бірге АҚШ кей елдің жар салмай-ақ биологиялық қару жасау бағдарламасын жетілдіріп жатқанына алаңдаулы. Сондай-ақ лаңкестер бактериялар, вирустар және басқа да қауіпті агенттерді пайдаланады. Генді өзгерту, оның қызметін жетілдіруді зерттеу, кванттық есептеулер, жасанды интеллект, синтетикалық биология, нанотехнология, 3D және заманауи роботтехника секілді биология ғылымы мен жаңа технологиялардың дамуы биологиялық қару жасауды жеңілдетеді.
Бұған қоса үкіметтер оған қарсы шара ретінде қауіпті патогендерді аз көлемде сақтай алады. Бұл қару-жарақ зерттеуінде кемшілікке айналып отыр. Әсіресе қазіргі биотехнологиялардың көпшілігі «қос мақсатты» болуы, яғни әскери және азаматтық мақсаттарда қолданылуы қиындық туғызады.
Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенциядан немесе Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан айырмашылығы – BWC-де конвенцияның сақталуын бақылайтын және қамтамасыз ететін арнайы мекеме жоқ. Бұған дейін міндетті тексеру режімін орнатуға талпыну сәттілік әкелген жоқ. Күдік келтірген елдер БҰҰ Бас хатшысы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен тексеруді ғана сұрай алады.
Сонымен қатар BWC-де Шарттың орындалуын қамтамасыз етуге көмектесетін шағын қолдау бөлімі бар. Мекеме БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің, Қарусыздану істері жөніндегі басқармасында орналасқан. Мыңдаған қызметкері бар және миллиондаған доллар бюджеті бар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік немесе Химиялық қаруға тыйым салу ұйымынан айырмашылығы – Іске асыруды қолдау бөлімінің қызметкері аз, бюджеті шамалы.
Халықаралық қауымдастық BWC-ге қатысты мәселелермен күресуде қиындыққа тап келеді. Осы орайда озық шешімдердің бірі ретінде Қазақстанды, ұзақ уақыт бойы ядролық қаруды таратпау саласындағы көшбасшылардың бірі саналатын елдің бастамасын келтіре аламыз. Аталған мемлекет 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай-ақ Кеңес одағынан мұраға қалған әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналын жойып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылып, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа енді.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Қазақстан – МАГАТЭ-мен ынтымақтасып, ядролық қару әлеуетінің таралуына жол бермеу үшін төмен байытылған уран банкін құрған бірінші ел. Мемлекет биологиялық қауіптерге қарсы тұру үшін ядролық қаруды таратпау саласындағы тәжірибесін қолдануға талпынады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін BWO-ға қосылып, өз аумағында Кеңес өкіметі салған биологиялық қару жасайтын ауқымды инфрақұрылымын жойды. АҚШ-тың Бірлескен қауіп-қатерді азайту бағдарламасы бұл нысандарды жоюға немесе қорғаныстық зерттеулерге, соның ішінде жергілікті COVID-19 сынақтарын әзірлеуге қайта бағыттауға елеулі қаржылық және техникалық көмек көрсетті.
АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін биоқауіптерге қарсы тұру бойынша тұрақты талқылаулар мен бағдарламалар өткізеді. 2020 жылы қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды ұсынды.
Агенттік BWO, БҰҰ және басқа органдарға биологиялық зерттеулердің бейбіт және ашық жүргізілуін қамтамасыз етуге, жер шары тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін жақсартуға, үкіметтің әлеуетін нығайтуға, вакциналар мен биологиялық қарсы шараларды әзірлеуді жеделдетуге арналған. Сондай-ақ экспортты бақылаудың инклюзивті тетіктері, сенім шараларының қолжетімділігін арттыру, биологиялық шабуыл қаупі бар мемлекеттерге әлеуетті көмек көрсету деректер базасын жүргізу арқылы халықаралық сенім мен ынтымақтастықты арттыруды көздейді.
Биологиялық қауіпсіздік агенттігі сонымен қатар басқа да маңызды мәселелерді шешпек. Мысалы, елдерге қатысты егжей-тегжей сауалдамалар секілді биологиялық зерттеу жүргізсе де, бұл ерікті және аз пайдаланылады. Алда-жалда агенттік жүйелі түрде шолу жасап, жинақталған деректерді талдауды қамтамасыз ете алса, онда BWC-ге қол қойған мүше мемлекеттер оны іске асыруды жан-жақты біле алатын еді.
Агенттік сондай-ақ жаһандық бақылауды күшейту және елдердің халықаралық көмек алуға сенімділігін арттыру үшін қоғамдық тексеру құралдары, ерікті әріптестік шолулар, AI көмегімен оқыту және ашық бастапқы деректерді өндіру сияқты қосымша бастамаларды қолдай алады. Бұл табиғи, кездейсоқ және қасақана биологиялық қауіптерді ерте анықтауда тиімді қорғаныс үшін өте маңызды.
Сонымен қатар биологиялық оқиғалардың институционалды және жиі халықаралық шолуын қолдау арқылы жалған ақпаратқа қарсы тұра алады. Қазақстанның Ресей, Қытай және АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста болуы бұл ұсынысқа кейінгі кездері ядролық қаруды таратпау жөніндегі басқа бастамалардағы ілгерілеуге кедергі келтірген қайшылықтарды жеңуге көмектеседі. «Биологиялық қорғаныс саясатына шолу» АҚШ пен одақтастарының биологиялық қауіптерден қорғанысын күшейтудің маңызын атап көрсетеді. Олар BWC және басқа да жаппай қырып-жою қаруларын таратпау құрылымдарын нығайту жөніндегі бастамаларды қарастыруы керек.