Қылмыс • 30 Тамыз, 2023

Жоғалған жол белгілері

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жол қауіпсіздігі мен жүргізу­шілерді сақтандыруға арналған жол белгілерін ұрлау әрекеті тыйылмай тұр. Мұның ақыры үлкен жол апаттарына апарып соқтыруы кәдік. Сондықтан құны түкке арзымас деп алған жол белгісінің жоғалуы адам өмі­рінің қиылуына себепші бо­лу ықтималын еліміздің әр тұр­ғы­ны айқын ұққаны жөн.

Жоғалған жол белгілері

Республикалық маңызы бар жолдарды тұрақты патрульдеуге және профилактикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан жыл сайын жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері тіркеліп отыр. Алайда өткен жылдармен са­лыстырғанда жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау фактілері бір­шама азайған. Мәселен, 2023 жыл­дың басынан бері республикалық маңыздағы күрежолдардан шамамен 20 млн теңге сомаға жол инфра­құрылымы элементтері ұрланыпты. Салыстырмалы түрде қарасақ, осыдан екі жыл бұрын бұл шығын 60 млн теңгеден асқан екен.

Жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады. Тіпті белгісіз адамдар жарық бағыттайтын екі үлкен трансформаторды ұрлаған жағдай да тіркеліпті.

Ұрланған жол инфрақұрылымы элементтері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады екен. Мы­салы, төртбұрышты жол белгіле­рінен күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен табалар мен қазан­дарға арналған қақпақтар, үй жа­нуарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі екен.

Осыған орай жолға жауап­ты мекемелер респуб­лика­лық маңызы бар автомобиль жолдарын пайдаланушылардан мемлекеттік мүлікті ұқыпты ұстауға шақырып отыр. Жол бойында орналасқан бар­лық жол инфрақұрылымы эле­менті қозғалыс қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Бұл мәсе­леде аза­мат­тардың жеке жауап­кершілігі өте маңызды болып тұр.

Ел жолшылары биыл да бұл бағытта қыруар жұмыс атқарыпты. Атап айтқанда, 8 мыңға жуық жаңа жол белгісін, 19 мың дана катафотты, 3,5 мың шаршы метр шу жолағын және 10 мың сигнал бағанасын орнат­қан. Сонымен қатар мамандар 9,7 мың қума метр тосқауыл қоршауын жабдықтап, 23 мың ша­қы­рымнан аса жолтаңба сызығын жаңартыпты. 179 автопавильон және демалыс алаңын жөндеді. Жол қоз­ғалысы ережелерін сақтап, жол қауіп­сіздігін насихаттау мақсатымен рес­пуб­ликалық автотрассалардың бойында 300-ден аса жаңа ақпараттық панно орнатылған.