– Мұрат Жамбылұлы, айбарлы Ата Заң күнін атап өтіп жатырмыз. Өткен жылғы конституциялық реформадан кейін «Прокуратура туралы» заң қайта қабылданғаны белгілі. Осыдан кейін не өзгерді? Прокуратура органдарының құзыреті артты ма?
– Конституция – адам мен азаматтың негізгі құқықтарына кепілдік беретін құжат. Мысалы, өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, сондай-ақ олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау және т. б. Прокуратура органдарына азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және қорғау бойынша үлкен міндет жүктелген. Ата Заңымыздың 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан республика аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Өткен жылдың маусым айында жүргізілген конституциялық реформа прокуратура мәртебесін күшейтті. Енді Конституцияның жетінші бөлімі «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» деп аталды. Егер бұрын Конституциялық Кеңеске Президент, Сенат, Мәжіліс төрағалары, Парламент депутаттарының бестен бір бөлігі, Премьер-министр және сот қана жүгіне алатын болса, қазір мұндай құқық Бас прокурорға да берілді. Сондықтан егер нормативтік-құқықтық актілер немесе заңдар Конституцияға қайшы келсе, Бас прокурор оларды Конституция нормаларына сәйкестігін тексеру үшін Конституциялық сотқа жіберуге құқылы.
Сондай-ақ, Бас прокурордың өтініштері бойынша Конституциялық сот халықаралық шарттарды ратификациялауға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды және Конституция нормаларына ресми түсініктеме береді. Бұл маңызды мәселе, өйткені прокуратураның конституциялық міндеті – елдегі заңдылықты қамтамасыз ету. Сондықтан заңдылықты сақтаудың тиімді құралы ретінде жоғары қадағалау конституциялық мәртебесі бар заңмен қамтамасыз етілуі керек.
Осыған байланысты 2022 жылғы 5 қарашада қабылданған «Прокуратура туралы» конституциялық заң прокуратура органдарының құқық қорғау функцияларын күшейтті. Заңның негізгі ережелері заңдылықтың сақталуын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнестің, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін пәрменді құралдар мен тетіктерді бекітті.
– Өзіңіз басқаратын Бас прокуратура қызметінің жұмысы туралы толығырақ айтып берсеңіз?
– Біздің қызмет қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз етуге жауапты және олардың орындалуын қадағалайды. Қарапайым тілмен айтқанда, біз қылмыстық істер бойынша соттарға қатысатын мемлекеттік айыптаушылардың жұмысын, сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокурорлардың қызметін үйлестіреміз және ұйымдастырамыз.
Бұдан өзге, қызмет азаматтардың кассациялық шағымдарын қараумен айналысады, заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын тексереді, кассациялық наразылықтар дайындайды, сот практикасын талдайды және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді. Мәселен, осы жылдың өзінде прокурорлар 16 мыңнан астам қылмыстық іс бойынша соттарға қатысты. Олардың сот ісіндегі басты міндеті – қылмыстық іс бойынша заңды және әділ іс жүргізуді қамтамасыз ету. Біз бірте-бірте айыптаудан арыламыз. Мемлекеттік айыптаушылардың алдына қойған басты мақсат – сотталушының кінәлі немесе кінәлі еместігін анықтау. Егер прокурорлар дәлелдемелердің жоқтығын немесе айыпталушының құқықтарын бұза отырып алынғанын көрсе, онда сот айыптаудан бас тартады.
Биыл прокурорлар 9 адамға қатысты айыптаудан бас тартты, осылайша олардың конституциялық құқықтары қорғалды. Біздің наразылықтарымыз бойынша 9 адамның ақталғаны, тағы 189 сотталушының қажеттен тыс қатаң жазалары жеңілдетілгені сот процесінде прокурордың адам құқығын қорғаудағы рөлін көрсетеді. Сонымен бірге, жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтай отырып, прокурорлар бұрын соттар ақтаған 61 қылмыскерге қатысты сот актілерінің күшін жойып, қайта соттауға түбегейлі қол жеткізді. Жалпы, прокуратураның апелляциялық өтініш хаттары мен кассациялық наразылықтары арқылы 736 адамға қатысты үкімі заңға сәйкестендірілді.
Азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Тек осы жылы соттардың үкімдеріне қатысты 5,5 мыңға жуық шағым қаралды, 3 мыңға жуық азаматқа заң нормалары түсіндіріліп, 152 өтініш қанағаттандырылды, оның ішінде 63-і бойынша оларды ақтауға немесе жағдайларын жақсарту бағытында наразылықтар енгізілді.
Бас прокурор, оның орынбасарлары және қызмет басшылығы қылмыстық істер бойынша сот актілерімен келіспейтін азаматтарды тұрақты негізде қабылдайды. Оның жұмысы аясында 280-нен астам азамат қабылданды. Біздің қызмет 307 сотталушыға қатысты Жоғарғы сотқа наразылық енгізді.
– Кейінгі уақытта көптің назары былтырғы қаңтар оқиғаларына байланысты істерге ауып келеді. Осы санаттағы істер бойынша бізге не айта аласыз?
– Сіз дұрыс айтасыз, біз осы санаттағы істерге көп көңіл бөлдік. Бүгінде соттар қаңтар оқиғалары барысында қылмыс жасаған 1373 адамға қатысты үкім шығарды. Олардың тек 19 пайызы (266) түрмеге жабылды. Бұлар қоғам үшін ең қауіпті қылмыс жасаған адамдар.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен қаңтар оқиғаларына қатысушылар үшін рақымшылық жарияланғаны белгілі. Бүгінгі таңда ол 1194 сотталушының мүдделерін қозғады. Оның ішінде 100 адам қылмыстық жауаптылықтан және жазадан толық босатылса, 1094 адамның жаза мерзімдері қысқартылды, 85 адам қамаудан және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылды.
Рақымшылық қаңтар оқиғалары барысында азаптаулар мен басқа да лауазымдық қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмады. Азаптау үшін қылмыстық процесті жүргізетін органдардың 21 қызметкері сотталды. Олардың барлығы дерлік нақты мерзімге бас бостандығынан айырылады. Тағы 12 қызметкерге қатысты істер сотта қаралып жатыр.
Сонымен қатар, билікті асыра пайдаланғаны және басқа да қылмыстар жасағаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің және полиция департаменттерінің бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары сотталды.
– Сіз өзіңіз басқаратын қызметтің функциясына жазаның орындалуын қадағалауды қамтамасыз ету де кіреді дедіңіз. Прокурордың бұл саладағы жұмысы қандай?
– Елімізде қылмыстық атқару жүйесінің 79 мекемесі жұмыс істейді, ол жерде 34 мың адам қамауда отыр. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды 29 мыңнан астам азамат өтеп жатыр. Прокурорлар күн сайын күзетпен ұстау тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесінің лауазымды тұлғалары қабылдаған актілердің заңдылығын тексереді. Заң бұзушылықтар анықталған кезде прокурорлар тұтқындарды тергеу изоляторлары мен колониялардан босата алады, мекемелер әкімшілігінің жаза қолдану және көтермелеу туралы заңсыз шешімдерінің күшін жояды. Мысалы, биыл 33 заңсыз жазалау шарасының күші жойылып, тәртіптік үй-жайлардан 9 адам босатылды.
– Қаңтар оқиғасынан бері қамаудағыларды азаптау проблемасы жиі көтеріліп жүр. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін прокуратура тарапынан қандай да қадағалау бола ма?
– Иә, бұл мәселе прокуратура органдарының ерекше бақылауында. Азаптауды жою бойынша жан-жақты шаралар қабылданып жатыр. Осы мақсатта прокурорлар күн сайын мекемелерге барады, тосын тексерулер жүргізеді, соның ішінде түнгі уақытта да ескертусіз барады. Сотталғандардың дене жарақаттары туралы ақпарат алу және оларды дереу тексеру мақсатында медициналық мекемелермен байланыс орнатылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жабық мекемелерде бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі таңда ҚАЖ-дың 52 мекемесі оған қосылған және прокурорлар жағдайды бақылау үшін колонияларда бейнебақылауға қашықтан қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, жұмыс аяқталғаннан кейін прокурорлар мекемелерде «көрінбейтін орындардың» бар-жоғын тексереді. Бұл сотталғандардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, қызметкерлерді тәртіпке келтіруге, азаптауға және басқа да құқық бұзушылықтарға тосқауыл болуға тиіс. Айта кетейік, бұл ТМД кеңістігінде баламасы жоқ тәжірибе.
ҚАЖ мекемелерінде сотталғандардың электрондық өтініштерін беру үшін 455 терминал жұмыс істейді, олар сотталғандар үшін жалпыға қолжетімді орындарға қойылған. Прокурорлардың үздіксіз бейнебақылау жүргізуі, терминалдар орнатуы және мекемелерге күнделікті келіп кетіп жүруі азаптау оқиғаларының алдын алуға өз септігін тигізді. Атап айтқанда, тұтқындардың азаптау бойынша шағымдарының саны 6 есеге, яғни 74-тен 12-ге дейін қысқарды.
– Биыл 20 мамырда «Қылмыстық сот ісін жүргізу, жазаны орындау, азаптаудың алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері жөніндегі актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң күшіне енді. Ол сотталғандардың жағдайын қаншалықты жақсартады?
– Заңда сотталғандарды жазасын өтеу орындарына бөлудің жаңа критерийлері бар. Алғаш рет сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде мерзімі өтелгеніне қарамастан, бұрын бас бостандығынан айыру жазасына кесілген, яғни қайта сотталғандар жазасын өтейді. Ал төтенше қауіпсіздіктегі мекемелерде өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар отырады. Бізде мұндай бір мекеме бар, ол – Жітіқара қаласында орналасқан мекеме.
Осыған орай, қазіргі уақытта соттар үкімдерді қайта қарап жатыр. Соттардың шешімдерімен орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылатын сотталғандар үшін әрбір күні бір жарым күн деп есептеліп, олар ертерек бостандыққа шығады. Бұл өзгерістер 7 мыңнан астам сотталғанның құқықтық жағдайын жақсартпақ. Өйткені олар колониялардың түрлерін өзгертеді және көпшілігі тұрғылықты жері бойынша жазасын өтейді.
– «Прокуратура туралы» конституциялық заңға сәйкес, прокуратураға Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасау жүктелген. Бұл нені білдіреді, тарқатып айтып берсеңіз?
– Иә, шынында да, аталған заңға сәйкес прокуратура Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру мақсатында жәрдем көрсетеді. Осыған байланысты, биыл 13 сәуірде Бас прокуратура Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен ҚАЖ мекемелеріне бару жөніндегі бірлескен іс-шаралар бойынша Адам құқықтары мен ұстау жағдайларының бұзылуын анықтау жөніндегі меморандум жасасты. Өзара іс-қимыл шеңберінде 2 ведомствоаралық кеңес өтіп, 150-ден астам сотталған азамат жеке қабылданды.
2023 жылдың басынан бері прокурорлар Өңірлік үйлестіру кеңесі өкілдерімен бірлесіп ҚАЖ мекемелеріне 73 рет барды. Негізінен, сотталғандар тиісті медициналық көмекке, тамақтану сапасына және т.б. шағымданды. Көп мәселе дереу арада шешімін тапты.
– Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға және қоғамнан оқшаулаусыз жаза түрлеріне сотталған адамдарға мемлекет қандай әлеуметтік көмек көрсетеді?
– Пробация туралы заңға сәйкес жергілікті атқарушы және білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдарға медициналық көмек көрсету, білім алуға жәрдемдесу, кәсіпті меңгеру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, психологиялық демеуді қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдерді алу бойынша міндеттер жүктелген. Биылғы 7 айда жергілікті атқарушы органдар 4198 сотталған адамды жұмысқа орналастырды. Жұмысқа орналасқан сотталғандардың жалпы саны 1145 адамды құрайды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 12 251.
Әкімдіктер біздің ұсынысымыз бойынша құқықтық, психологиялық, материалдық көмек көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдарды көбірек тарта бастады. Ел бойынша олардың қызметтеріне 160 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Пробация органдары өз кезегінде мемлекеттен көмек алу тәртібін түсіндіреді. Әлеуметтік-құқықтық қолдауды сапалы және уақытылы алу қамтамасыз етіледі. Бірқатар өңірде «Пробация үйлері» жұмыс істеп тұр, онда сотталғандар бір жерде барлық қажетті ақпарат пен көмек ала алады.
– Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»