Қаржы • 01 Қыркүйек, 2023

Дивидендтер динамикасы

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

KASE өкілдік қоржынына өтімділігі жоғары эмитенттер ғана түсе алады. Өзіндік дивиденд тарихы бар кәсіби нарық ойыншыларының табыстылығына қарай инвестордың да көзқарасы қалыптасады.

Дивидендтер динамикасы

KASE индексі, яғни Қазақстан акциялар нарығының индикаторы биржаның ресми тізіміндегі ірі, қаржылық тұрақты компа­ния­лар шығарған ең өтімді акциялардың жалпы нарықтық құнының өзгеруін көр­сетеді. Осы жылдың шілдесінде бұл ин­дек­стің мәні 2,9%-ға өсіп, айдың соңына қарай 3 707 тармақты құрады. Осы кезеңде өкілдік қоржын акцияларымен мәмілелер көлемі 14,9 млрд теңгеге жетіп, маусым айындағы көрсеткіштерден 68%-ға көп бол­ды.

Жергілікті нарықтағы басқа инвес­ти­циялық құралдармен салыстырғанда акциялар инвесторларға бәсекелестік артық­шылық береді. Бұлар мемлекеттік ба­ға­лы қағаздарға салынған инвести­ция­лар­ға қарағанда көбірек кірістілікке қол жеткізе алады. Қазақстан қор биржасында 223 эмитенттің мемлекеттік емес бағалы қағаздары саудаланады. Оның ішінде «Халық банкі», Kaspi, «БанкЦентрКредит», Kcell мобильді операторы мен «Қазақ­те­леком» телекоммуникациялық ком­паниясы, KEGOC жүйелік операторы, сондай-ақ «Қаза­томөнеркәсіп», «ҚазТрансОйл» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ния­ларының акциялары KASE индексін ұсынады. Өткен жылы 9 индекс қор­жы­ны компаниясының алтауы дивиденд төледі. Негізінен олар­дың ак­ция­ла­рының кірістілігі – 5-6% төңі­ре­гінде. Алдыңғы шепте ‒ бір акцияға шақ­қан­дағы кірістіліктің шамамен 15%-ы бар Халық банкі мен дивидендтік кіріс­­тілігі 7,1%-ды құрайтын KEGOC. Деген­мен 15% дивидендтік кірістілік ая­сында Халық банкі инвесторлары бір ак­­цияға тек 25 теңге пайда алады. 5% кіріс­ті­лікпен «ҚазТрансОйл» қағаз­да­­рын сатып алғандар бір акцияға 39 теңге ғана иеленеді. «ҚазМұнайГаз» ак­цио­нерлерінің кірісі шамамен – 500 теңге. Ал «Қазақтелеком», Kcell және «Банк­Центр­Кредит» былтыр өз ак­цио­нер­леріне дивидендтер төлемеуге шешім қабылдады.

Бұл жағдайда «Қазақтелекомның» ди­ви­дендтерді кейінге қалдыруы 5G тех­­­но­ло­гияларын дамыту үшін ком­па­нияның күрделі шығындарының салдары болуы мүмкін деп санайды сарапшылар. Ұсынылып отырған дивидендтің мөлшері 3 038 теңге, бұл алдыңғы төлемнен 15%-ға төмен. «ҚазТрансОйл» АҚ былтыр Директорлар кеңесінің бір акцияға 26 теңге төлеу ұсынысымен таңғалдырды. Бұған дейін ұлттық компания бір акцияға 132 теңге төлегенін ескерсек, бұл нарық үшін күтпеген шешім болғаны анық. Компания қаржылық проблемалы «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырын қайта құру мен кеңейту жобасы үшін жеңілдікті облигациялар шығарған. «ҚазМұнайГазға» келсек, ұлттық компания бұл нарықта жаңа ойыншы саналады.

Сарапшылардың айтуынша, сауда-саттықта бөлшек инвесторлардың көпті­гі­не байланысты акциялардың өзін қа­лай ұстайтынын болжау қиын болған. Бірақ инвесторлар қағаздарды сатпауды ұйғарған. Дивидендтердің соңғы мөлшері күтілген 328-410 теңгеден асып, 491,71 теңгені құрады. «Қазатомөнеркәсіп» акционерлері мамырдағы Акционерлердің жылдық жалпы жиналысында (АЖЖЖ) 2022 жылдың қорытындысы бойынша 774,88 теңге дивидендтер төлеуді бекітті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,6%-ға аз. Бірақ шешім компанияның дивидендтік саясатына сәйкес келді. Осыған байланысты таза пайданың бір акцияға 1 342 теңгеге дейін өсуі төленген қаражат деңгейіне тікелей әсер еткен жоқ. Ағымдағы дивидендтік кірістілігі – шамамен 6%. Айта кету керек, Лондон қор биржасында жаһандық депозитарлық қолхат үшін (ЖДҚ) таза дивидендтердің мөлшері (салықтарды шегергенде) 1,7885 доллар деп көрсетілген. Kaspi Bank болса төрт тоқсан бойы дивидендтер төлеп келеді. 2022 жылдың қорытындысы бо­йынша финтех жалпы сомасы 1 700 теңгеге үш рет төлем жасады, бұл 2021 жылғы нәтижеден 1 771 теңгеге аз. Ал «Банк ЦентрКредит» дивидендтер төлемейді деп күтілуде. Бірақ мемлекеттен алынған ақшаның қайтарылуын ескере отырып, төлем ықтималдығы жыл сайын артып отыр.

Тұрақты дивидендтік саясат ‒ компа­нияның табыстылығының, сенімділігінің белгісі. 2022 жылы KEGOC жүйелік опе­ра­торы өз акционерлеріне шамамен 30 млрд теңге дивиденд жіберді. Әр акцияға есептегенде 116 теңгеден пайда шықты. KEGOC акциялары жоғары өтімділік үдерісі мен өсу тұрақтылығын көрсетті. Компанияның акциялары қор биржасында орналастырылған сәттен бастап акциялардың бағасы үш еседен аса, 505 теңгеден 1 577 теңгеге дейін өсті (2023 жылғы шілде). Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания 30,1 млрд теңге мөлшерінде дивидендтер төленді. Жалпы, алғашқы Халықтық IPO-дан KEGOC жалпы сомасы 218 млрд теңгеден аса дивидендтер төледі. Қағаздар орналастырылған сәттен бастап акционерлер үшін кірістілік 316%-ды құрады. KEGOC-тың алғашқы Халықтық IPO нәтижесінде сұраныс ұсыныстан 27%-ға асып түскен.

KEGOC еркін ақша ағынына, тарихи төмен қарыз жүктемесі мен тұрақты несиелік рейтингке ие. Нарықтың кәсіби қатысушыларының болжамы бойынша KEGOC акциялары бір дана үшін 1 845 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бағалау компанияның оң қаржылық есеп­тілігі, операциялық пайданың биыл 72%-ға артуы, бірыңғай сатып алушы теті­гінің енгізілуі және оның шеңберінде тариф­тердің өзгеруі секілді бірқатар қо­лай­лы факторға негізделген. Бүгінде энергияға сұраныс үнемі өсіп келе жат­қандықтан, магистралды жаңарту, қо­сымша капитал тарту, бұл тарапта жан-жақты ынтымақтастық орнату өзекті. Компанияның қор нарығындағы басты активі ‒ ұзындығы 27 мың шақырымға жуық­тайтын ұлттық электр желісі. Энер­гияны желілер арқылы беруді және өндіру мен тұтынуды теңестіруді қамтамасыз ететін компанияның акциялары әрдайым өсу үстінде. Биыл оңтүстік аймақтың электр желісін жандандыру және Батыс Қазақ­станның энергожүйесін республика БЭЖ-мен біріктіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.