Тұлға • 04 Қыркүйек, 2023

Тарланбоз Тарази

458 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазыналы қазақ әдебиеті – толқыннан толқынға ауысып, дәуірден дәуірге өткен сайын байып-байыптанып, кемелденіп-толысып келе жатқан үздіксіз қозғалыс пен даму жолындағы өміршең әлем. Өткен ғасыр басындағы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтар бастаған салқар керуеннің шаңырақ тартқан нарлары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповтер болып жалғасса, сол керуеннің олардан соңғы салуалы көшін Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази сынды тарландар кейінгі буынға алтынмен айшықтап, асылмен әдіптеп тапсырғандай әсер қалдырады.

Тарланбоз Тарази

Әдебиет әлемінің Әкімі – классик жазушы, драматург, киногер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әкім Таразидің 90 жылдығына ар­налған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкім Тарази – әдебиет әлемінде өте сирек кездесетін тұлға, қазақ әдебиетінде ерекше орын алған бірегей жазушы» деп, оның философиясы өте терең, реалист жазушы еке­нін ерекше атап өтті. Әсіресе қала өмірін, ұлт болмысының өзгеріске түс­кен күрделі психологиялық кезеңін су­реттеуде бөгенайы бөлек қаламгер еке­нін айтты.

Әкім ағамыздың биыл тұсауы кесіл­ген 12 томдық шығармалар жинағы – жазу­шының «түн отырмай, күн ұйық­та­май» қолынан қаламы түспеген, талай жылғы қажырлы еңбегінің жемісі деп бі­леміз.

Үлкен романның өзінде бір ауыз артық сөз болмайтын, сөзді үнемдеп, ой­ды оздырып отыру – Әкім ағаның қа­ламгерлік ерекше мінезі десек қате­леспейміз. Бұл қасиет өзі аға тұтқан, жанына еріп жүріп көп тағылым алған сөз зергері Ғабеңнен жұқса керек. Аға­ның өмір жолына көз салып отырсақ, Мәскеуде білім алуына, кино сала­сына келуіне де Ғабең себепкер бол­ған екен. «Қазір қазақ әдебиетінде Әкім Таразидің ерекше қолтаңбасы қалса, біріншіден, Алланың арқасы, екін­шіден, Ғабит Мүсіреповке алғыс айтамын. Үшіншіден, қанаттас, қаламдас достарымның ар­қасы», дейді өзі де ағынан жарылып.

Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқ­та­ров, Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұ­­ма­­ділов, Әкім Тарази секілді ке­зін­­де «бес тапал» атанған Алаштың ай­маң­­дай жазушылары бүгінде бір-бір биік тауға, аңыз адамдарға айналды. Оның ішінде бүгін міне, Әкім Тара­зи аға­мыз тоқсанның төріне шығып, әде­биетіміздің алыбы, ұлтымыздың абыз ақсақалы болып отыр.

Қаламгердің «Тасжарған», «Шер», «Қиянат», «Қорқау жұлдыз» секілді романдарының қай-қайсысы болмасын, үлкен дайындықпен, кең тыныс, зор эпикалық қуатпен жазылған дүние.

 «Тасжарғандағы» парасат пен дегдарлықты бойына сіңірген, рухани кемел Омар бейнесі арқылы тұтас ке­зеңнің көрінісін, адамдық пен кі­сілік құндылықтарын, қоғамдық жүйенің аярлығын аямай ашып көр­сетеді. Тарази шығармашылығы туралы көрнекті әдебиет сыншы Сағат Әшім­баев: «Ту­ған әдебиетімізде алпы­сыншы жыл­дар аралығында кейбір заман­дас­тарымыздың мінез-құлқы мен пси­хологиясында байқалып жүрген то­ғы­шарлыққа, мещандық мерез се­зімдердің бас көтеруіне алғашқылардың қатарында повестері арқылы қарсы шабуылға шыққандардың бірі Әкім Тарази еді», деген екен. Оның бірқатар шы­ғармасында қазақ халқының соғыс жылдарындағы тұрмыс-тіршілігі, жетімдер мен жесірлердің жанкешті өмірі, қиын тағдыры, сол тұстағы қай­шылыққа толы қоғам шындығы ай­шықты суреттелген.

Әкім аға – философ, психолог жа­зушы. Ойшыл қаламгер күрделі шығармаларында дәуір шындығын, замана қалтарыстарын, адам бол­мы­сын һәм әлеуметтік-рухани мәселе­лерді тереңнен толғап жазады. Оның шығармаларын оқып отырғанда көз алдыңда кино лентасы тізбектеліп өтіп жатқандай болады.

Ғасыр зұлматына айналған ХХ ға­сырдағы алапат ашаршылық хал­қымыздың ұзақ тарихында Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейінгі ең ауыр тауқымет. Жер басып жүрген Алаш баласының үштен бірін жалмап кеткен осынау кенеусіз апат біздің әдебиетімізде елеулі із қалдырмағаны өкінішті жайт. Бұл тарапта біз көбінесе ұлы жазушы Бейімбет Майлиннің әңгімелерін алға тартамыз. Ұлт қасіреті көркем шежіреге айналмағандай. Оның ең басты себебі, қылышынан қан тамған қызыл цензура екені баршаға түсінікті. Сол қиын заманда қисынын келтіріп, өмірін қатерге тігіп, классик Әкім Тара­зидің осы тақырыпқа бет бұруы, ше­берлікпен осы шерлі тарихты көркем шығармаға айналдыруы үлкен тәуекел мен ұлтын сүйген жүректің таңдауы екені анық.

Мысалы, «Андрей» атты әңгімесінде қазақ халқының бастан кешкен ауыр азабын, трагедиясын сөз етеді. Автор армян Андрейдің әпкесі Манана аузымен сұмдық жайттарды айтқызып, тосын ойлардың тиегін ағытады. «Андрей» әңгімесі арқылы зобалаң жылдар қа­сіретін қалам ұшына қондырып, жү­рек түкпірінде жатқан шерлі сезімді көр­кем дүниеге көшіреді.

Тарланбоз Тарази – тақырып таңдауда да ірілік пен кірпияз талғам иесі. Бұл оның шағын әңгімелерінен көлемді кесек туындыларына дейін аңғарылып тұрады. Қалам тербер тұста халқымыздың тағ­дыр жолындағы шешуші кезеңдер мен тағылымды тұстарды қапы жібер­мей­ді. Сондай кезеңдердегі ұлттың жан тол­қынысы мен жүрек бұлқынысын тамыр­шыдай тап басып отыратынын байқаймыз.

Әкім аға бір сөзінде «Сабыр мен ұс­тамдылық сияқты ұлы қасиетті – Ға­бит аға мен Кемел ағадан үйрендім», деген екен.

Биыл 100 жылдығы тойланып жат­қан, қазақ детективінің атасы, көркемсөздің шебері Кемел Тоқаев пен Әкім ағаның ағалық-інілік сыйластығы, шығар­машы­лық байланысы оның көркем мінезі мен достыққа адалдығының бір көрінісі іспетті.

«Әкім» – кеудесі хикметке толы хакім мағынасына да келеді. Сондықтан Әкім аға расында оқырманын ойландыратын, парасат биігінен аласармаған пайымы терең, ойы берен хакім аға деп санаймыз.

Әкім ағаның тарихи-романтикалық сарындағы пьесалары да қазақ оқыр­мандарының көңілінен шығып, көзайы­мына айналды. Белгілі театр сыншысы әрі үлкен өнер зерттеушісі Әшірбек Сы­­ғай Әкім ағаның «Асау Бөкен», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия» се­к­ілді 3 пьесасын «қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі» деп бағалағаны бар. Шынында, бұл шығармалар – қанша уақыт өтсе де мазмұнын жоғалт­пай­тын, қатпары қалың, тағылымы терең, өлмес туындылар.

Әкім ағамыздың шығарма­шылы­ғымен бұрыннан етене таныспыз. Аға­мыздың жазу мәнері мен сөз өрне­гіне, прозасындағы шымыр сюжет пен дес­телі ойларына бала кезден қанық болып өстік.

Көштің басын Астанамызға тіреген­де, көрмесем де арқа тұтып, танымасам да тағылымын көргім келетін аяулы адамдар қатарында Әкім ағамыз да әман­да ойымда жүрді. Дидар несіп болып алдымен Роза жеңгемізбен таныс­тым. Сосын Әкім ағамызға сәлем бере бардым. Бұл кездесу бірте-бірте рухани үндестіктен туған аға-бауырлыққа айналды. Ағамызбен жиі кездесіп, жақсы сырласып кеттік.

Түркістан үшін от кешкен ұлы күрескер Мұстафа Шоқайдың өмір жолын, болмысы мен бейнесін шұрайлы тіл, шебер суреткерлікпен көркемдеген іргелі шығарманың жөні бөлек. Біз Әкім ағамен жиі кездесіп, әңгіме-дүкен құратынбыз. Кейде жазу үдерісі кезінде шақыратын. Көбіне мені сөйлетіп, сұрақтар қойып, өзі сырттай бақылап отыратын. Сөйтесем, кейін өзі Мұстафа Шоқай образын жасаған кезде әдейі әңгімеге тартып, кейіпкер сомдауға керек дүние іздегенін айтты. Бір қызығы Әкім аға ол кезде қандай шығарма жа­зып жатқаны туралы жақ ашып айтқан емес. Кейін кітабын оқыдық. Кестелі сөз, кесімді ой, айшықты стильмен жазылған туынды Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін жан қиған Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тарихтағы орнын, қайраткерлігін жаңа қырынан танытады.

Кейін ағамыз бір сұхбатында біздің «Мұстафа» атты кітабымызға да жоғары баға бергенін, арнайы тоқталып айт­қа­нын оқып, мерейіміз тасығаны бар. Әкім Тарази секілді қабырғалы қалам­гердің пікір-пайымы, жылы сөзі кейінгі буын үшін – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екені даусыз.

Біз қазақы тәрбие алып, үлкенді сыйлап үйренген ауыл баласымыз. Қашанда жасы үлкен ағадан именіп, ақсақалды ардақ тұтып отыратын қазақтың игі мінезі бар ғой. Сондықтан көп жерлерде тартынып сөйлеп, әдеп сақтау бала күннен қалған әдетіміз. Бірақ Әкім аға бірде менің Жазушылар ода­ғына өтуім керек екенін ескертіп, тар­тыншақтанғанымызға қарамастан көтермелеп, тиянақтап кепілхат жазып берді. Одаққа өту тәртібі бойынша үш қаламгер кепіл болуға тиіс еді. Қалған екеуін қазақтың ғажап ақыны, елдік пен ерліктің жампоз жыршысы Несіпбек Айтұлы мен дала мінезді дарқан жазушы Рахымжан Отарбаев жазып бергені есімде. Қадірлі ағаларымның бұл сенімі әдебиет пен ғылымға, үлкен жолға мінгізген арымас арғымақтай алға жетелеп келеді.

«Ақырын жүріп, анық басатын» абыз ағамыз Абай айтқандай «айнымай­тын асыл адам». Бекзат болмысы, парасат-пайымы атасы Әшім дамолладан дарығандай. Басқа адамдар туралы басы артық сөз айтпайтын байыпты ағамыз жайма-шуақ мінезімен, жайсаң қалпынан танған емес. Ойшыл суреткер көркем мінездің ғажап үлгісіндей.

Біртуар қаламгердің құнды туындылары уақыт безбеніне төтеп беріп, келер ұрпақтың да рухани азығы боларына кәміл сенеміз.

Биыл Әкім ағамыздың 90 жылдық мерейтойы. Бұл – әдебиеттің тойы, руха­нияттың тойы! Жас ұрпаққа көркем әдебиетімізді кеңінен насихаттаудың қолайлы бір сәті десек те болады. «Әде­биетке тек кітаптан емес, өмірдің өзінен келетін жастар көп болса екен» деген еді, бір әңгімемізде Әкім аға. Өмірдің қыр-сырына қанығып, талай жайттарды басынан өткерген, санасында сараптаған сұңғыла суреткердің бұл сөзі талай дү­ниені аңғартып тұрса керек. Ағамызға Алла қуат берсін, төрімізді толтырып отыра берсе деп тілейміз. Барша қазақ елін әдебиет алыбының ғасырлық тойын бірге тойлауға жазғай.

 

Дархан Қыдырәлі