Өңірдегі етек-жеңі кең пішілген орманды алқаптың жалпы көлемі 405,1 мың гектарды құрайды. Оның 229,5 мың гектары – сыңсыған орман. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі бес жыл ішінде 2 млрд көшет отырғызу керек деген тапсырмасын жүзеге асыру барысында тиянақты іс атқарылып жатыр. Бұған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қоссаңыз, бұл тараптағы атқарылып жатқан шаруа ауқымды. 2021 жылдың көктемінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары 1 370 гектар жерге көшет отырғызды. Егер алдын ала межеленген жоспардың 970 гектар екенін ескерсек, ойға алған шаруа оңынан оңғарылды деп айтуға әбден болады.
Негізінде көрікті Көкше баурайындағы жасыл аймақ жыл сайын балғын көшеттермен толығып келе жатқанын қадай айтқан абзал. Мәселен, 2022 жылы 1 280 гектар алқапқа көшет егу жоспарланса, нақты шаруа әлдеқайда асыра орындалып, жасыл желек 2 845,9 мың гектар жерді қамтыған. Демек ойға алған шаруа 222,3 пайыз орындалды деген сөз. Әуел баста 9,3 млн көшет отырғызу көзделсе, іс жүзінде 17,2 млн дана әрқилы ағаш көшеттері отырғызылған. Осылайша, жоспар 185 пайызға орындалған. Ал келер жылы 1 950 гектар алқапқа 11,5 млн көшет отырғызылу межеленіп отыр. Әр жыл сайын дала көркі – орманды алқаптың көлемі көбейіп келеді. Егер 2009 жылдан есептесек, Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген далада 20 мың гектардан аса алқапта ағаш көшеттері отырғызылған екен. Бүгінде көкөрім көшет бой салып өсіп, ит тұмсығы батпайтын ну орманға айналып келеді. Астана-Щучинск бағытындағы тасжолдың бойына да 2,6 мың гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылды. Қазіргі күні өкпек жолаушының көзқуанышына айналуымен қатар, қысқы боран-шашында пана, ық болып тұр. Ат басын іріккен жолаушы неше алуан ағаш қаулап өсіп тұрған орман ығында демалса, жұмақтай жайнаған өңірді бауыр басып мекендеген жүз сан құстың құйқылжыған үнімен тұтаса біріккен ғаламат күйді – дала оркестрінің үнін тыңдар еді. Жалғыз көркемсурет қана емес, жеміс-жидегі – төңіректегі елдің сарқылмас ырыздығы.
2021 жылдан күні бүгінге дейін ағаш бүршігін кептіретін 7 құрылғыда 422 тонна бүршік жиналып, 4 220 қарағай тұқымы алынды. Орманды алқаптарды сауықтыру бағытында да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Қазір 11 тәлімбақ жұмыс істеп тұр. 171 гектар жерде көшет өсіріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты саралап айтатын болсақ, Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды тәлімбақтарының атқарып отырған жұмысы өте нәтижелі. Сондай-ақ 8 уақытша тәлімбақтың табысты жұмысын қоссаңыз, тұтас шаруаның ауқымы кеңіп келе жатқанын аңғарар едіңіз. Тәлімбақтарда 10 млн-ға жуық екіжылдық және біржылдық көшеттер өсіріліп жатыр. Ал уақытша тәлімбақтарда 20 гектар жерге көшет отырғызылған. Ортақ іске толымды үлес қосу үшін Барап және Ерейментау орман шаруашылықтарында 2,2 гектар жерді қамтитын екі уақытша тәлімбақты жасақтап, жемісті еңбек етуде. Бұл жерлерде орман қорын молайтуға қажетті бірнеше түрлі ағаш көшеттері бапталып жатыр.
Көшет отырғызу барысында жағымды жаңалықтар да бар. Айталық Кіші Түкті орман шаруашылығында 51 гектар жерге көшет отырғызу сонау 1972 жылы қолға алынған еді. Салаға серпін беру үшін күрделі жөндеу жүргізілді. Желден қуат алатын құрылғы орнатылды. «Маралды» орман шаруашылығында 23 гектар алқапты қамтитын тәлімбаққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршалды. Жылыжайдың көлемі 600 шаршы метрге ұлғайтылып, тамшылатып суаратын жүйе орнатылды. Қыста жылу беру ұйымдастырылды. Өзге де уақытша тәлімбақтардағы алқаптың көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйтсе де ойға алған шаруаны жүйе-жүйесімен атқарып, жоғары міндет үдесінен шығу үшін тәлімбақтардың әлі де жетімсіздігі сезіледі. 2024-2025 жылдары тағы да екі тұрақты тәлімбақ салу көзделіп отыр. Бұл алқаптардың көлемі 86 гектарға жуықтайды деп көзделуде. Оның 61 гектары Зеренді ауданындағы «Бұқпа» орман шаруашылығында болса, екіншісі Атбасар ауданындағы «Маралды» орман шаруашылығында орналасады. Көзделген істі жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілген.
Әрине, егілетін көшет түрлерін әр алуан ету айрықша маңызды. Осы орайда 2013 жылдан бастап Ресейдің Түмен облысындағы «Ақмешіт» тәлімбағымен тығыз әріптестік орнатылған. Бұл тәлімбақтан тез өсетін және декоративтік ағаш түрлерінің көшеттері алынады. Осындай ізденістің нәтижесінде қазір Көкшенің құнарлы топырағына жүзге жуық ағаш түрлері отырғызылып жатыр. Мұның арасында сирек кездесетін ағаш пен жеміс беретін ағаштар бар. Өткен жылы 5,8 мың дана 49 түрлі сирек кездесетін ағаш түрлері алынды.
Қыруар жұмыс атқарылғанымен, алда әлі де ауқымды іс бар. Егер облыстағы жер көлемінің 4,6 пайызы ғана орманды алқап екенін ескерсек, жыл сайын бұл істі ширата түсу қажет. Ол үшін бейберекет ағаш кесуге жол бермеу, тілсіз жау – өрттен қорғау тәрізді орманды жанашырлықпен аялайтын іс жүйелі жүргізілуге тиіс. Ел қазынасының дидарына кіреуке түспес үшін төл табиғатты аялай білетін перзенттік ілтипат керек-ақ.
Ақмола облысы