Шаруашылық • 07 Қыркүйек, 2023

Балық өңдеуге не бөгет?

212 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балық өсіретін шаруашылықтар мемлекеттік органдардың қолдауына зәру. Сала өкілдерінің айтуынша, су қорғау аймақтарындағы арнайы белгілердің болмауы, су қоймаларының жағалау аумағы өзге ауылшаруашылық құрылымдарына берілуі бұл кәсіпке үлкен кедергі келтіріп тұр.

Балық өңдеуге не бөгет?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өзен-көлдерді жалға алушылар тек су айдыны ғана емес, оған қатысты құрғақ жерден белгілі көлемде телімдер берілуге тиіс деп санайды.

Негізі мұндай арнайы аймақтардың барлық жерде жаппай белгіленуі баяғыда-ақ жүзеге асырылуға тиіс шаруа-тұғын. Балық шаруашылықтары белгіленген шекара шегінде өз құзыреттерін пайдаланып, жұмыстарын жүргізетіні аян. Алайда мұндай шекаралардың болмауы – жергілікті жерлерде дау-дамайдың туындауына себеп. Балық өсірілетін су айдындарының түгелге жуығы ауыл­­­дардың маңында орналасқан, ал оның жан-жағының барлығын ауыл­шаруа­шы­лық құрылымдары қылдай бөлісіп алған. Шаруашылықтар мен ауылшаруашылық кәсіпорындарында өзде­ріне тиесілі жерге қатысты құ­жат­тары талапқа сай рәсімделген, жер телімдерінің шекарасы өзен-көлдерге барып тірелетіні көр­се­тілген. Сайып келгенде көлде балық өсіріп отырған кә­сіпкерлерге жағалаудан белгілі кө­лемде жер берілуі құжатта қа­рас­­ты­рылмаған. Құрғақта шекті кө­лемде алаң болмаған соң балық өсіру­шіге не пайда? Ал көлдің жан-жағын иеленген өзге шаруашылық иелері су айдындарын өзінікі санап, оған төрт түлігін түсіріп жіберу оқиғалары жиі кездеседі.

Мемлекеттік шарт талаптарында су айдындарын уақытша пайдалану­шылар су­дың қорғалуына, ондағы тәртіптің, су жануарлары санының белгілі бір деңгейде сақталуына жауапты әрі шаруа­шы­лық қызметімен айналысуға тиіс деп көрсетілген. Яғни олардың мақсаты өзен-көлді жағалап балық аулайтын азаматтар арқылы табыс табу ғана емес, өз бетімен балық аулап, оны қайта өңдеумен айналысуы керек. Ал жағалауда өзіне тиесілі жер телімі болмаса, әлгіндей өндіріс орнын қайда орналастырмақ?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шар­уа­шылығындағы өнімді өңдеу мәсе­лесіне үлкен басымдық берді. «Қазақ­стан­ның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақ­станның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орта­лық­тың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жет­кізе­міз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет», деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі уақытта отандық кәсіпкерлер балық өнімдері бойынша ішкі сұранысты небәрі 53 пайызға ғана қамтамасыз етіп отырғанын ескерсек, бұл салада өңдеу өнеркәсібінің әлсіз екенін мойындамасқа шарамыз жоқ. Әрі Павлодар облысында балық өңдеп, консерві шығаратын зауыт жоқ. Жергілікті тауарлық балықты тек қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханалар сатып алатынын, ал дүкендерде мұздатылып сатылатын балық негізінен шекара асып келетін мұхит жануарлары екені жақсы мәлім. Оның үстіне бәсеке болмағандықтан, балық өнімдерінің бағасы да уақыт санап қымбаттайды. Статистикаға сүйен­сек, кейінгі жарты жыл ішінде елімізде балық өнімдерінің бағасы 15 пайызға өссе, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 44,7 пайызға жеткен. Яғни өңірімізде балық өсіру мен оны өңдеудің мүмкіндіктері зор бола тұра импорт өнімге тәуелдіміз. Ал өңдеу өнеркәсібін дамытуға жоғарыда аталған мәселелер мейлінше бөгет болып жатыр.

Бұл мәселе тек балық өсірушілердің ғана емес, жергілікті кәсіпкерлердің құ­қы­ғын қорғайтын ұйымдардың да уа­йы­­­мына айналып отыр. Өңірлік кәсіп­кер­лер палатасы агроөнеркәсіптік ке­шендегі салалық кеңесінің сектор мең­ге­рушісі Әділжан Рахышевтың айтуын­ша, балық шаруашылығындағы кей­бір кәсіпкерлер енді ғана даму көшіне бет бұрған. Соған орай көбі жолында кездес­кен қиындықтарға төтеп бере алмайды.

– Жалпы алғанда балық шар­уа­шы­лығымен айналысып жүрген субъек­­­тілердің барлығы қаржылай қол­дауға мұқтаж. Бұл – бірінші мәселе. Екін­ші тұрғыдан, заңнамадағы кейбір ши­кілік­тер олардың қолын байлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы бұйрығымен бекітілген «Су қор­ғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларында»: «Судың лас­тануын, қоқысталуы мен сарқылуын болдырмау үшін арнайы шаруашылық қызмет режімі белгіленетін су объек­тi­лерiне іргелес аумақ су қорғау аймағы болып табылады» деп жазылған. Яғни нормативтік құжатта талаптар көрсетілгенімен, оны іс жүзінде жүзеге асыру мүмкін емес. Біз сала өкілдерімен бірге облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­­тары басқармасымен бірлесе әрекет етіп жатырмыз. Олар мемлекеттік басқару тетіктерін пайдаланып, бұл мәселені шешуге мүдделі. Ең әуелі су қорғау аймақтарын белгілеп шығу керек. Ал белгілер орнатуға қомақты қаражат керек. Бюджет үшін бұл аса ауыр жүктеме емес, бірақ кәсібін енді жүргізе бастаған азаматтарға әжептәуір салмақ екені байқалады. Оның үстіне бұл – бірретік қана жүргізілетін шаруа, оны жыл сайын жаңартып отыру қажет емес. Осы мәселені мемлекет есебінен реттесек, ауылдардағы жерге қатысты дау-дамайлар азайып, су аймақтарында тәртіп орнар еді. Кәсіпкерлер одан әрі дамудың жолдарын игеріп, су айдындарын балықтандыру артып, жағалауларда шағын қайта өңдеу орындары ашылады. Нәтижесінде, сапалы әрі бағасы арзан балық өнімдері жергілікті нарықты қамтамасыз етеді. Бұл мәселенің оң ше­шімі кәсіпкерлерге ғана емес, тұтыну­шыға да пайдалы, – дейді Ә.Рахышев.

Балық өсіретін шаруашылық бас­шы­ларының пікірінше, мемлекет су айдындарын жалға бермес бұрын олар­дың шекарасын нақтылау жұмыс­та­рын жүргізгені абзал. Бұл шаруаны кейбір бизнес өкілдері өз бетімен тындыруға ынталы. Әйтсе де жоғарыда кәсіппен шұғылданушылардың басым бөлігі биз­неске енді ғана қадам жасаған жандар екенін айтып өттік. Олардың қо­лында қажет қаражат болмауы мүмкін. Бұған қоса су айдындары мемлекеттің меншігі, кейін олардың бір пайдаланушыдан екіншісіне өтуі әбден заңды. Мемлекет әлгі белгілер мен су жо­лақ­тарының бұлжымас шекараларын орнатуға мүдделі болуы керек. Екінші қырынан ол кәсіп­кердің құқығы қор­ға­луына негіз бола алады. Алайда су айдында­рын жалға алушылардың арасында табыс табуды ғана ойлайтын, мемлекеттен қаржылай көмек алып, оны қалтасына басуды көксейтіндер аз емес. Бизнеске кереғар мұндай жайттар ба­лық шаруашылығының көсегесін көгерт­пей­тіні анық. Кейбір көлдердің маңы ыбы­рсып, қоқысқа толып жататынын көзі­міз шалады. Жалға алушы өзіне жүктелген міндеттерді жеткілікті орындамауы себепті шарт мерзімінен бұрын бұзылып, қағидалары өзгеріп жатады. Бизнес жүргізушілер бұл мәселелерді де ескеруге тиіс.

Атап өтерлігі, Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы су қорғау аймақтары мен су жолақтарын ұйымдастыруға қазынадан қаражат бөлу­дің заңдылығын қарастырып көр­мек. Егер барлығы дұрыс болса, қара­жат бөлуге өтінім жасалады.

Балық өсірушілерді алаңдатып отыр­ған мәселенің тағы бірі – көлдердің таяз­данып бара жатқаны. Су айдын­дарының түбі тереңдетілмесе, жас шабақтарды өсіру жоспарлары орындалмайды. Шаруашылық иелерінің ойынша, көлдерді тереңдету үшін жер снарядтарын пайдаланса болады. Бұл тұрғыда Жер қойнауын пайдалану басқармасы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып қажетті снарядтарды жеткізіп, жұмыстарды атқаруына әбден мүмкіндік мол. Балық өсіру-балық аулау негіздемесін дайындау барысында арнайы материалдарды сатып алу үшін балық шаруа­шылық­та­рын субсидиялау да – көп жылдан бері қозғалып келе жатқан ұсыныстың бірі. Жергілікті жауапты басқарма өкілдері бұл мәселені де шешуге болатынын айтады. Дейтұрғанмен бөлінетін демеуқаржының қайтарымы болуы міндетті. Кейін нәтижесін тұтынушылар сезініп, дүкен сөрелерін өзіміздің ба­лық өнімдері жаулап жатса, мемлекет қаржысының текке кетпегенін білдіреді. Ендеше бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар бұл бағытта бірлесіп әрекет етеді деп сенейік.

 

Павлодар облысы