Керекудің Ақтоғай ауданын мекен қылған Мереке және Гүлзат Жаншоқов отбасы айналасына сыйлы, өнегелі шаңырақ атанып отыр. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі жанұя кім-кімге болсын үлгі. Отбасының басты тірегі, қазығы бала десек, ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне отбасындағы берекенің әсері мол. Гүлзат – жеті баланы дүниеге әкелген Алтын алқалы ана. Балаларының барлығы жас, алды мектеп қабырғасындағы ортаңғы буынға енді жеткеніне қарамастан ол мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуге де үлгеріп жүр.
Отағасы Мереке Жаншоқовтың өзі полиция қызметінде табаны күректей 24 жыл тапжылмастан қызмет етіп келеді. Ұзақ жылғы адал еңбегі арқылы сатылап өсіп, полиция подполковнигі шенін иеленді. Қазір аудандық жергілікті полиция қызметін басқарып, аумақтағы қоғам тыныштығы мен тәртіптің сақталуына жауап береді.
«Алғашқы қызмет жолым батальондық полициядан басталған еді. Кейін ауылдық жерде учаскелік инспектор болдым. Үйден ерте кетіп, түн ортасында келемін. Кейде жұбайым мен балаларым мені апталап көрмей қалатын кездері де болады. Барлығы жұмыс бабына қатысты болған соң, үйдегілер қабақ шытып, түсініспеушілік танытқанын көрмеппін. Ағайын-туыс болған соң той-томалаққа жиі шақырады. Алайда оларға баруға мүмкіндігіміз келмей жатады. Сондай сәттерде келіншегім реніш танытып, кейіген емес. Осындай түсіністік, бір-бірімізге деген сыйластық пен адал махаббат, өзара сенім отбасымыздың берекесі артуына себеп деп ойлаймын. Тіпті айлап іссапарға шығып кететін уақытта да отбасымда ұйыған тірліктің сақталып тұрғанына еш күмәнім болмайды. Кішкентайларымыз шетінен тәрбиелі, анасының айтқанынан шықпайтынын көріп риза болатыным да бар. Шаршаған сәттердегі көңіл күйімізді қабағымызға қарап ұғынып отырады», дейді Мереке Шағыбанұлы.
Гүлзаттың өзі мемлекеттік қызмет саласында 14 жылдай істеген. Балаларының алды 13-ке енді жеткен ананың қайсарлығы мен еңбекқорлығына таңғалмасқа шара жоқ. «Үйде балалар тәрбиесі, түзде қызметпен айналысуға уақыт қалай табасыз?» деп сұрадым.
«Серігім бес қыздың арасында жалғыз ер бала болып өскен екен. Отбасы құрған соң тұңғышымыздан кейінгі бала ұл, одан соң бірінен соң бірі қыз балалар дүниеге келгенде енемнің ойында өз ұлының соңынан жалғыз ер бала ғана еріп қала ма деген күдік болыпты. Кейін тағы ер баланы өмірге әкелгенімде, ол кісінің риза болғанын көрсеңіз, дейді жымиып көпбалалы ана. – Мен үшін әулет үлкендерінің үмітін ақтау парыз деп ойлаймын. Ал шаңырағымыздың сәні – балаларымыз, алдағы ғұмырымыздың барлық мәні солар болып өтетінін түйсіндім».
Қазіргі күні тұңғыш қыздары облыс орталығындағы көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатында білім алып жатыр. Ұлдарының үлкені – кекушинкай-каратэдан түрлі деңгейдегі жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы. Балалары әкесіндей қайратты, спортшыл, намысқой болып өссе деген арманы бар.
Гүлзаттың пікірінше, отбасы берекесінің кілті – ерлі-зайыптылардың бірін-бірі тыңдай білуінде. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны белгілі. Әйел адам төзімділік тұрғысынан еріне қарағанда екі есе берік болуға тиіс, бір-бірімізді үнемі қолдап, қиын сәтте сүйеу болуымыз керек деп есептейді.
«Шаңырағымызда бұлжымас дәстүрге айналған құндылықтардың қалыптасуына ата-анамыздың бізге берген оң тәрбиесі ықпал етті деп ойлаймын. Анам әр кез ер азаматыңның алтын басын қадірлесең ұтылмайсың, сабырлы бол, ұрпағыңа өнегелі тәрбие бер деген ақылын айтып отырады. Ата-енемнің қолдауын да айрықша сезінемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген асыл сөз текке айтылмаған», дейді ана.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы