Мақұлданған заң жөнінде пікір білдірген Сенат төрағасы Келісім екі мемлекет арасында тасымалданатын тауар мен көлiк құралдары туралы электрондық ақпарат алмасу тәртібін айқындайтынын атап өтті. Соның нәтижесінде кедендiк бақылау рәсімдерінің мерзiмдерi қысқарып, тиiмдiлiгi артпақ.
«Осы құжат арқылы өткізу пункттерінде шекарадан өтудің тәртібі анықталады. Сонымен бірге кедендік тексеруден босату және өзге кедендік рәсімдеулерді жеңілдету көзделіп отыр. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Ақмарал Әлназарова Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттік медицина жоғары оқу орындарында оқытуды қаржыландыру мәселелерін көтерді.
Сенатордың айтуынша, қазір медицина мамандықтарына оқуға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың мөлшері мемлекеттік медицина жоғары оқу орындарының оқу үдерісін ұйымдастыруға жұмсаған шығындарына сәйкес келмейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі оқу сапасына айтарлықтай әсер етіп, болашақ дәрігерлер үшін қиындықтар тудыруы мүмкін.
«Қаражат көлемі кейінгі 10 жылдықта қайта қаралмай, 4 және одан жоғары курс студенттері үшін мемлекеттік гранттардың бағасы бүгінде 609 мың теңгені құрап отыр. Ал 2021 жылы қайта қаралған, ерекше мәртебесі бар жоғары білім беру ұйымдары үшін 1 млн 188 мың теңге, басқа жоғары білім беру ұйымдары үшін 1 млн 1 мың теңге болып бекітілген баға 2021 жылдан бастап оқуға түскен студенттерге ғана тиісті. Бүгінгі таңда заманауи медицина талаптарына сай маман дайындаудың өзіндік құны – бір білім алушыға шамамен 2 млн теңгеге жуық», деді Ақмарал Әлназарова.
Осыған байланысты депутат бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантураның медицина мамандықтарын оқыту үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін гранттардың мөлшерін арттыруды ұсынды.
Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында суармалы суға қатысты мәселелер, олардың себептері мен шешу жолдары туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, мамандар жекешелендіру барысында кейбір су шаруашылығы нысандарының жеке тұлғалардың меншігіне өтуіне алаңдаулы. Көбінесе иелері бұл құрылымдардың жағдайын жақсартуға ақша салмайды. Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар шара қабылдау қажет деп есептейді.
«Суармалы суды тиімді пайдалану үшін Бірыңғай операторды белгілеу туралы мәселені пысықтау маңызды. Сондай-ақ Балқаш ауданы аумағындағы Іле өзенінде «үрлемелі» бөгет салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тез арада аяқтау қажет. Осыған байланысты бiр суару каналында орналасқан екi және одан көп жер пайдаланушыларға суару каналын пайдаланудың тәртібін белгілейтін Ережені бекіту маңызды», деді Ж.Жөргенбаев.
Сонымен қатар сенатор ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің 2023-2026 жылдарға арналған жол картасына бірқатар өзгеріс енгізу қажет деп есептейді.
«Шаруашылық тәсілмен жөндеу жұмыстарын жүргізетін субъектінің шотына бюджет қаражатын тікелей аударуға мүмкіндік беретін бюджеттік бағдарлама жіктеушінің кодын әзірлеу және бекіту керек. Сонымен қатар сумен қамтамасыз етудің өңірлік табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару қағидаларының жобасын және су пайдалану тарифін құруды жетілдіру маңызды», деді сенатор.
Серік Шайдаров Жезқазған қаласы инфрақұрылымының жай-күйіне алаңдаулы. Ол Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында апатты үйлер, тозығы жеткен инженерлік және жол инфрақұрылымы, өткір экологиялық мәселе, сапалы ауыз судың жетіспеушілігі және басқа да мәселелерді көтерді.
«Мәселен, Жезқазған қаласын сумен жабдықтайтын Есқұла су құбырының құрылысы 2021 жылы нысан аяқталуы керек еді, бірақ 530 миллион қаражат игерілмегеннен нысан тапсырылмай қалды. Жобаны аяқтауға ағымдағы жылы 427 млн теңге қарастырылған. Сіз Ұлытау облысында сапарда болған кезде осы жылдың маусым айында кестеге сәйкес нысанды тапсыру туралы тапсырма бердіңіз. Алайда бүгінгі күнге дейін нысан пайдалануға берілмеген, бейінді министрлік тарапынан бақылау болған жоқ. Жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанын ескерсек, нысан биыл берілмейді деген алаңдаушылық бар», деді С.Шайдаров.
Сонымен қатар депутат Шайдаров Жезқазған қаласының басқа да өмірлік маңызды объектілері, соның ішінде тұрмыстық су құбыры, шаруашылық ауыз су тазарту құрылыстары мен жылу желілері бойынша проблемаларды айтты.
Амангелді Толамисов бала асырап алу саласындағы проблемаларға тоқталды. Депутат бұл мәселеде тараптардың заңды жауапкершілігін күшейтудің маңызы зор деп санайды. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде бала асырап алғысы келетіндердің саны азаймағанымен, асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Мәселен, кейінгі 5 жылда асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару фактілері 64 пайызға артқан. Ал асырап алған баласынан бас тартқан ата-анаға мемлекет тарапынан берілген 75 АЕК көлеміндегі қаражатты мемлекетке кері қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру сияқты құқықтық жауапкершілік шаралары заңда қарастырылған. Мұндай жағдайлар баланың психикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Сонымен қатар балалар еңбегін пайдалану фактілері де тіркелген.
«Бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауында ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп отыратын Бала асырап алу ұлттық агенттігі бар. Аталған агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда бұл агенттіктің мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі де жетпейтіні белгілі. Бұдан келіп туындайтын мәселе – бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс жасайтын орталықтардың ауқымын кеңейту, әлеуметтік қызметкердің санын көбейту қажет», деді Амангелді Толамисов.
Бала асырап алушылардың салдары туралы хабардарлығын арттыру да жағдайды жақсартуға септігін тигізуі керек деп санайды сенатор. Ол осыған байланысты eGov.kz порталына тиісті ақпаратты енгізуді ұсынады.
Қайрат Тастекеев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған депутаттық сауалында жұмысшы кадрларды даярлауға мамандандырылған оқу орындарының мәртебесі мен беделін арттыру қажеттігіне назар аударды.
Депутат әртүрлі саладағы жас талантты мамандарды анықтауға және қолдауға ықпал ететін, кәсіби дағдылар мен құзыреттерді дамытуды ынталандыратын өңірлік және республикалық чемпионаттар өткізуді ұсынысы.
«Осыған орай, осы мәселелерді жоғары деңгейде талқылауды және «Talap» КеАҚ Қазақстан Республикасындағы WorldSkills қозғалысының ұлттық операторының осы үдерістерге қатысу дәрежесін айқындай отырып, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған шараларды қабылдауды сұраймын. Бұл бізге халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп қана қоймай, тез өзгеретін әлемдік еңбек нарығы жағдайында еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және әлемдік деңгейде бәсекелестікке қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», деді Қ.Тастекеев.
Сенатор Андрей Лукин Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында кәсіпкерлерге қатысты ветеринариялық инспекцияның қызметіне қатысты мәселені көтерді. Мәселен, өңірлердегі кездесулер барысында сенаторға кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілері және ветеринариялық инспекцияның қызметінде кемшіліктер туралы бірқатар сұрақ көтерілген. Атап айтқанда, жануарлардан алынатын өнімдерден сынама алу кезінде кәсіпкерлердің шығынын өтеу мәселесі шешілмей отыр. Мұндай сынама алу өнімнің қауіпсіздігін бақылау үшін жүргізіледі.
«Кодекстің көрсетілген талаптарына қайшы, қозғалатын объектілер мен биологиялық материалдың сынамаларын іріктеу қағидаларында кәсіпкерлерге өнім сынамаларын іріктеуге байланысты шығыстарды төлеу қарастырылмаған. Соның салдарынан ветеринарлық инспекторлар кәсіпкерлерден үлгілерді тегін беруді немесе өз қаражатына сатып алуды сұрауға мәжбүр. Бұл мәселенің кең етек жаюына депутаттардың өңірлерге шығу кезіндегі халықпен кездесулері дәлел», деді А.Лукин.
Сонымен қатар депутат әкімшілік материалдарды қарау аясында кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына тоқталды. Заңға сәйкес әкімшілік жаза қолданатын лауазымды тұлға ескерту түріндегі жаза қолдануға міндетті. Алайда жекелеген өңірлердің ветеринарлық инспекторлары кәсіпкерлерді ескертудің орнына айыппұлға тартады. Осыған орай, сенатор министрлер кабинетінің басшысын жоғарыда аталған мәселелерді қарауға шақырып, оның шешу жолдарын ұсынды.