Дүбірлі тойдың алғашқы күні Амангелді ауылының шетіндегі «Тойтөбе» ипподромында көкпар, аударыспақ, арқан тартыс секілді ұлттық спорт ойындары басталды. Түстен кейін мәдени іс-шаралар басталып, Қостанайдан арнайы келген І.Омаров атындағы қазақ драма театры Ә.Әбілтаевтың «Қаһарлы 1916 жыл» атты драмасын сахналады. Бесін ауа республикалық ақындар айтысының ашылу рәсімі өтті. Осы күннің қоңыр салқын кешінде алыс-жақыннан келген ағайын орталық стадионға жиналып, жергілікті ұлт-аспаптар оркестрі мен аудан өнерпаздарының «Амангелді дүбірі» атты мерекелік концертін тамашалады.
9 қыркүйекте таңертең Амангелді тұрғындары Атбасардан шыққан велошеруді қарсы алды. Батырдың 150 жылдық мерейтойына орай, Атбасардан шығып, бес тәулік ішінде 454 шақырымды жүріп өткен әуесқой спортшылардың қатарында 78 жасқа келген қарт велошабандоз Түгелбек Қасымов та бар.
Батпаққара кіндігіндегі мерекелік іс-шаралар Амангелді ескерткішінің басында жалғасты. Биыл облыс бюджетінен 103 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, азаттық алдаспаны ескерткіші қайта жаңғыртылып, айналасы абаттандырылғанын да айта кеткен жөн. Мұнда құран оқытылып, батырдың рухына дұға бағышталды. Тағзым ету іс-шарасына облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Астана, Алматы қаласынан арнайы келген игі жақсылар да қатысты. Құран оқытылып болған соң меймандар А.Иманов атындағы музейге бас сұғып, Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тарихи жәдігерлермен танысты. Бұл музейге де биыл облыс қазынасынан 42,5 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілді.
Әр тойдың ән шырқалып, күй күмбірлеген, балуандар белдесіп, бәйге жарыстырған ойын-сауық қызығымен қатар, көпке өнеге жұқтырып, ел тізгінінде отырған азаматтарға үлкен ой салатын тағылымы болады. Бұл тойдың шоқтығы Амангелді тұлғасының байыпты зерделеніп, тарих пен саясаттың шиеленіскен шырмауығынан аршылуына сеп, осы мақсатта келешекте атқарылар көптеген игі іске түрткі болатын «Батырдың биік тұлғасы» атты республикалық ғылыми конференция болды десек қателеспейміз.
Аудандық мәдениет үйінде өткен алқалы жиынға облыс басшылары мен ұлт тарихының жаңаша зерделеу биігіне көтерілуіне атсалысқан айтулы ғалымдар, бас сардардың ұрпақтары мен аталас туыстары, өңір зиялылары, аудан тұрғындары қатысты. Жиында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Амангелді батырдың 150 жылдығына орай жолдаған құттықтау хаттары оқылды.
Алғашқы сөз тиген облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында күресті. Талай зұлмат заманды бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуге тиіс», деген қанатты сөзін тілге тиек ете келіп, Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғырту, өткенімізді түгендеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
– Соның жарқын үлгісі ретінде бүгінгі іс-шараны айтуға болады. Халқының азаттығы үшін күрескен Амангелді батырдың 150 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр. Қалың қол жинап патша әскеріне қарсы тұрған Амангелді батыр қазақ халқының азаттық үшін күрескен тарихи тұлғаларының бірі. 1916-1917 жылдары Қазақ даласының түкпір-түкпірінде халық бас көтерді. Соның ішінде Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің орны бөлек. Торғай толқу көлемі жағынан зор аймақты қамтыды әрі мерзімі жағынан ұзаққа созылды. Амангелді бастаған сарбаздар жауға дес бермей, алған бетінен қайтпады. Амангелді Үдербайұлы әділдік жолында күресіп, қарапайым халықтың қамын ойлады. Сол кезеңде үстемдік еткен биліктің ескірген саясатына қарсы шыға отырып, қоғамдық сананың өсуіне ықпал етті. Жалпы, қазақ тарихында батырлар демократиялық қағидаттарды қалыптастыруда үлкен мәнге ие. Арада қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы қатар жүрген, ауыр жылдар өтсе де, Амангелді батырдың тұлғасы ұрпақ санасында мәңгілікке сақталған. Халық оны азаттықтың символы деп бағалайды, – деді Қ.Ақсақалов.
Жиында Амангелді Имановтың немересі, техника ғылымдарының кандидаты Батырлан Рамазанұлы атасының тойын жоғары деңгейде ұйымдастыра білген өңір басшыларына, ел-жұртқа алғыс айтып, Амангелді тұлғасына жаңаша көзқарас қалыптастыруға негіз салатын зерттеу кезеңі басталғанын айтты.
Конференция барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев сынды танымал ғалымдар сөз сөйлеп, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі мен Амангелді батырдың ерлік дәстүрін жаңаша зерттеу мәселелеріне қатысты ой толғады.
Мәселен, тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов қазақ даласының алты облысын шарпыған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің себеп-салдарларын саралап, көпшілікті Торғай даласына шыққан жазалаушы отрядтарға қатысты бірқатар тарихи құжаттың қысқаша мазмұнымен таныстырды.
Ғалымның айтуынша, Амангелді бастаған Торғай көтерілісінің нәтижесінде халықтың сөзі жалпыұлттық деңгейге көтерілді. Сол кездегі әлеуметтік топтардың бәрінің басын біріктірді. Сен бисің, сен қарапайым қазақсың, сен малшысың, сен болыссың деп бөлінбей, қазақ бір халық болып жауға қарсы күресті. Түркі халықтарының әскери ынтымағы артты. Өлке халқының сана-сезімінің өскенін, саяси кемелденгенін көрсетті.
Академик Берекет Кәрібаев адамзат тарихындағы мемлекет пен оны қалыптастыратын тұлғаларды зерделеу әдіснамасын баян етті. Ғалымның пікірінше, Амангелді – ұлтымызды құраған мемлекеттік құрылымдар мен қазақ хандығы қаһарман тұлғаларының заңды жалғасы.
Академик Дихан Қамзабекұлы бүгінгі тәуелсіздігімізді қастерлеп, баянды ету жолында ел болып жұмыла білетін қажеттердің біразын тізіп келіп, қазіргі қоғам Амангелді батырдың тұлғасына бүгінгі күннің биігінен жаңаша баға беруге неліктен мұқтаж болып отырғанын нақтылап берді.
– Амангелді бейіт тасында жазылғандай ұлт дәстүрімен «Иманұлы» тегін таңдапты. Ол – халықтың жүрегінде жатталған адам. Қазіргі ұрпақтың мойнында Амангелдіні бүгінгі заманға сай таныта білу міндеті парыз болып тұр. Амангелдінің батырлығы, қаһармандығы, шейіт кеткендігі – кәдімгі тайға таңба басқандай анық нәрсе. Ал енді бұл жердегі біздің қателігіміз неде? Қателігіміз – біз Амангелдіні революцияға әкеп байлап қойдық. Қазақстандағы қазан төңкерісін жалғастырушы ретіндегі бейнесі жасалды. Шындығына келсек, Амангелдінің Торғайдағы көтерілісі азаттықты аңсаған қазақ халқының мыңдаған жыл бойы арман-тілегіне деген адалдығын көрсетіп берді. Осы арқылы қазан төңкерісі болса да, болмаса да Амангелді тарихта қалатын еді. Амангелдіні айтқан кезде Алаш айтылады. Бұл – өте ауыр тақырып. Бірақ екеуінің де жолы бар, екеуінің де ұлттың намысты кезеңін көтеретін үлкен салмағы бар. Қазір біз дұрыс байыпты тарихқа зәруміз, – деді ғалым.
Жиын соңында Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай жарық көрген «Ұлты ұлықтаған батыр» жинағының таныстырылымы өтті.
Торқалы тойда небір дүлдүл ақындар аламан айтысқа шығып, Амангелдінің ерлігін жырға қосып, ел рухын асқақтатты. Жыр додасының бас жүлдесіне Қостанайда құрастырылған жеңіл көлік тігілген. Оны кестелі сөз, өрнекті ой айтып, көпшілік көңілінен шыға білген шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов жеңіп алды.
Қазақ күресінен 74 килоға дейінгі балуандар арасында өткен Амангелді Иманов атындағы республикалық ашық турнирдің бас жүлдесі Жамбыл облысының палуаны Әділет Ахметқалидің қанжығасында кетті. Әділет те су жаңа «Шевроле» көлігін мінді. Ал 74 килодан жоғары салмақта жеңімпаз атанған Амангелді ауданының балуаны Елнұр Сәлімов түйе мінді.
10 шақырымдық құнан бәйгеде Жітіқарадан келген шабандоз Асқар Төребаев мінген сәйгүлік бірінші келіп, бас жүлдеге тігілген мотоциклді еншіледі. Ал аламан бәйгеде алдына қара салдырмаған Амангелді ауданының жүйрігі бірінші келіп, ат иесі Мырзағали Тұрмағанбетов жеңіл автокөлік мінді.
Қостанай облысы