Жастар • 11 Қыркүйек, 2023

Ауыл жастарын ІТ-ға баулыған

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Астанада ауыл мектептерінің оқушылары үшін «inDrive» компаниясының «BeginIT Summer Fest» IT кәсіптік бағдар беру фестивалі өтті. Іс-шара «ІQanat» қоры және Қара­ғанды облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен Astana hub инновациялық алаңында ұйымдастырылды.

Ауыл жастарын ІТ-ға баулыған

– 2022-2023 оқу жылында «inDrive» компаниясының «BeginIT» әлеуметтік-білім беру жоба­сына республиканың 17 об­лысы­нан 327 оқушы қатысты. Ас­тана­дағы фестивальге 40 үздік оқушы келіп, кәсіби кері байланыс алу үшін әзірленген IT өнімдерін ұсынды. Біздің миссия­мыз – әділетсіздікпен күресу. Біз IT-саланы шалғай ауылдар мен аз қамтылған отбасы балаларының кәсіби дамуы үшін қолжетімді әрі ашық етуге тырысамыз, – дейді «Begin IT» жобасының жетекшісі Елена Тропинова.

Фестивальге 33 сарапшы-спикер, атап айтқанда Astana hub мүшелері, облыс мектептерінен келген информатика пәнінің 15 мұғалімі, сондай-ақ «IQanat» бағдарламасының 6 ерікті-түлегі қатысқан.

«BeginIT Summer Fest» – кәсіптік бағдар беру алаңы. IT индустриясына арналған питчинг-сессиялар мен негізгі ІТ дағдыларға қатысты семинарлар сериясы қатысушыларға жобада алған дағдылары мен білімдерін пысықтауға және кәсіби мамандардан нұсқау алуға жол ашты.

– Біз IT-саласында жұмыс іс­тей­тіндерге пайдалы көп ақ­па­­рат алдық. Мысалы, мен ки­бер­­қауіпсіздік туралы мүлде біл­меген едім. Мамандық тура­лы ғана емес, тіпті мұндай ба­ғыт барынан да мүлдем бейхабар екенмін. Фестивальге қаты­сып ой-өрісімді кеңейттім, көз­қара­сымды өзгерттім. Өзіме қатысты көп ақпаратты жария етпеу керегін түсіндім. Себебі алаяқтардың телефонды бұзып, жеке деректеріме еркін қол жет­кізуі мүмкін екеніне көзім жетті. Сондай-ақ кіруге болатын және кіруге болмайтын сайттар, яғни интернеттің қараңғы және жарық тұстары туралы да мол ақпарат жинадық, – дейді Қостанай облысынан келген За­ри­на Досжанова.

Білім беру квесті түріндегі фес­тиваль форматы қатысушыларға бойдағы дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бергенін айта кетейік. Олар сыни ойлау, кәсіби және тұлғааралық қарым-қатынас, компьютерлік сауаттылық секілді қажетті дағдыларды үйренді. Ал мұғалімдер үшін заманауи мек­тептегі технологияның рөлі тура­лы ой қозғау мақсатында арнайы «Smart-педагогика» бағдар­ламасы ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, «inDrive» – штаб-пәтері АҚШ-тың Кали­форния штаты Маунтин-Вью қаласында орналасқан жаһандық көлік және қалалық қызмет көрсе­ту платформасы. Оның қосым­шасы 175 миллионнан аса жүктеліп алынған. Бұл ретте ол әлемдегі ең көп жүктелген тапсырыс беру қосымшаларының үштігіне кіреді. Саяхаттан бөлек, қалааралық және жүк тасымалдауды, курьерлік жеткі­зуді және басқа да қызметтерді ұсынады. «inDrive» 40-тан астам елде бар. Ел тұрғындары да бұл платформаның игілігін көріп отыр. Компания білімді, спортты, өнер мен ғылымды, гендерлік теңдікті және басқа да бастамаларды жақсартуға күш салып келеді.