Еңбек • 11 Қыркүйек, 2023

Еңбек құқын қорғаудағы құлықсыздық

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру шаралары «Amanat» партиясы партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.

Еңбек құқын қорғаудағы құлықсыздық

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Іс-шараға партия хатшысы Ержан Жылқыбаев, Мәжіліс депу­таттары, өңірлік және аумақ­тық партиялық бақылау комис­сияларының төрағалары мен мү­шелері қатысты. Жиында комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, партиялық бақы­лау органдарының жұмы­сындағы басты бағдарлар Мем­лекет басшы­сының Жолдауы, Пре­зиденттің сай­лауалды бағ­дарламасын және партияның сайлауалды бағдар­ламасын жүзеге асыру жөніндегі жол карталары сияқты негізгі құжаттар болуға тиіс екенін айтты.

«Бұл ретте атқарылар жұмыс ауқымды. Жолдаудың әрбір тар­ма­­ғын жүзеге асыру бойынша біз оған жауапты партия мүшелері мен орындау мерзімін анықтап алуы­­мыз керек. Сондықтан аумақ­тық партиялық бақылау комис­сия­лары нақты мәселелер мен проб­лемалар бойынша өздерінің жедел айлық жұмыс жоспарын жа­сауға тиіс. Қажет емес қағаздар мен құжаттар дайындап, жиындар­ды тым ресмилендірудің қаже­ті жоқ. Партия Мемлекет басшы­сының Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындауда алғы шепте болады», деді ол.

Партиялық бақылау комите­тінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Прези­денттің мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту және отандық өндірушілерді қорғау жөніндегі тапсырмасына назар аударды.

«Депутаттық сапар барысында азаматтар мемлекеттік сатып алуларда елімізде жасалған өнімдердің қамтылу мәселесін жиі көтерді. Тұтастай алғанда, отан­дық өнімге немқұрайды қарау біз­де барлық жерде орын алып отыр. Қит етсе, заңнаманы кінәлап шы­ғады. Бірақ заңда жергілікті та­уар өн­дірушіні мемлекеттік сатып алуға қа­тыстыру үшін жеткілікті жағ­дай жасалған. Тек бұл шарттар үнемі орындалмайды, әсіресе жалпы сатып алу көлемінің 60 пайы­зы тиесілі болып отырған квази­мем­ле­кеттік сектор компаниялары бұл талаптарды орындамайды», деді ол.

Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысы өз Жолдауында салалық цифр­ландыруға баса назар аудар­ғанын айтты. Жалпы, цифрландыру бойынша еліміздің белгілі бір деңгейде жетістіктері бол­ғаны­мен, нақты салаларда (су, жер, жер қойнауы) проблемалар бар.

«Сапалы дерек пен дәйек ұсыну кезінде әдетте жергілікті деңгейде жағдай бұрмаланады. Ешкім ашықтықты қаламайтындықтан осындай олқылыққа жол беріледі. Себебі бұл сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа «кедергі» келті­реді ғой. Салалық мәселелер есеп­тегіш­терді орнатудан бастап мәлі­мет­тер базасын жүргізуге дейін тоқ­­тап тұр. Президент айтқан ең­бек құ­қық­тарын қорғау мәсе­ле­сіне келсек, жұмыс берушілер кө­бі­не­се Еңбек кодексінің талап­тарын орынд­ауға құлықсыз. Еңбек қауіп­сіз­дігін де партиялық бақы­лауға алу қажет», деді Екатерина Смышляева.

Мұнан кейін сөз алған пар­тия­ның Астана қалалық филиалы жа­нындағы партиялық бақылау комис­сиясының төрағасы Мирас Шекенов те бірқатар мәселені көтерді.

«Жергілікті жерлерде салалық цифрландыруға қарсы әрекет етуде. Себебі ашықтық қармап қалғысы келетіндерге қолайсыз. Қаражат қайда жұмсалып, жобалар қалай жүзеге асып жатқаны айқын көрінген кезде, ашықтық қалыптасады. Сондықтан салалық цифрландыру міндетті түрде жүр­гізілуі керек», деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша партиялық бақылау комите­тінің мүшелері орталық және жер­гілікті мемлекеттік орган­дардың Мемлекет басшысының Жол­дауын жүзеге асыруына қатысты бірқа­тар ұсыныс қабылдады. Соны­мен қатар партиялықтар депу­таттық корпусқа Үкіметтің аналитикалық мәліметтер базасына қол жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынды.