Конференцияға жергілікті зиялы қауым өкілдерімен қатар, елордадағы ғылыми орталықтардан келген тарихшы, этнолог ғалымдар, магистранттар мен студенттер қатысты. Келелі жиынның алқа отырысында зиялы қауымды құттықтап, көпшілікке конференцияның танымдық маңызы мен ғылыми бағыт-бағдарын түсіндіре кеткен облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев Әбдіғаппар, Амангелді, Кейкі бастаған Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі әлі күнге дейін толық зерттеліп, лайықты бағасын ала алмай келе жатқанына қынжылыс білдірді.
«Халқымыз батырлықты кең дәріптеп, оны азаматтық пен кісіліктің нышаны санаған. Біз тұлғаларды тарихи тұрғыдан заманына сай бағалай білуіміз керек. Мұқым бір ұлттың тағдырын тәлкекке салған патша үкіметі мен кеңес дәуірінде әділетсіздікке қарсы тұрып, ерлігімен еленген батырлардың бірегейі – Амангелді. Ал бас сардар бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәні қашанда зор. Кеңес өкіметі басқа арнаға бұрып үгіттеген ұлт-азаттық көтеріліске шынайы баға беріп, тарихи әділдікті орнату қажет», деді Ринат Зәкиұлы.
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін тереңірек қаузап, жан-жақты талдап берген Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астанадағы филиалының директоры, PhD Махаббат Қозыбаева 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізген ізденіс жұмыстарының нәтижесі туралы баяндап берді. Ғалымның айтуынша, мемлекеттік комиссия барлық санаттағы саяси құрбандарды толық ақтау арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көздейді. Осы мақсатпен Мемлекеттік комиссия құрамында өңірлік комиссиялар, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін оқиғаларының өзіндік сипаты мен ерекшеліктерін зерттейтін жұмыс тобы құрылып, олар бүгінге дейін бірсыпыра шаруа тындырған. Тарихшы ғалымдардың табанды ізденістерінің нәтижесінде бүгінде күштеп ұжымдастыру науқанының жүздеген құрбандары, 372 шаруалар көтерілісінің себеп-салдары анықталған.
«2022 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары» атты бірыңғай басылым шеңберінде 33 архив материалдарының жинағы жарыққа шықты. Бұл басылымдарға отандық және шетелдік мұрағаттардан табылған архив материалдары еніп отыр. Барлығы 33 кітап жарық көрді. Оның екеуі монографиялық еңбек, 31-і архив құжаттары мен материалдары», деді Махаббат Қозыбаева.
Жиын мінберіне шыққан ғалымдар Амангелді тұлғасына қатысты айтылып жүрген әр алуан пікірді екшей келіп, батырдың қазасы хақында ой өрбітті.
«Амангелді Имановтың кімнің қолынан немесе сатқындығынан өлгені туралы шындықты ашу болашақтың еншісінде қалып отырғандығын айта кеткен орынды. Кезінде академик Манаш Қозыбаев Амангелдінің қайғылы қазасына байланысты дерек келтіріп, тұжырым жасаған еді. Бұл жерде Алаш көшбасшыларына қатысты анық-қанық пікір әлі де нақтыланады деп ойлаймыз. Яғни ол кезде Ахмет Байтұрсынұлы Мәскеуде болған. Ал өлімге қатысы бар азаматтар ісінің ақ-қарасын арнайы зерттеу айқындайды деп есептейміз. Академик Кеңес Нұрпейісов: «Амангелді Иманов азамат соғысы жағдайында бір-біріне қарсы екіге бөлінудің құрбаны болды», деп қорытады. Тұрсын Жұртбай «Революция мүддесі үшін қызылдардың құпия операциясы емес пе екен?» десе, Майсара Бекмағамбетованың зерттеуінше, Амангелді Имановтың тұтқындалуына және өліміне негізгі кінәлілер Амангелді Имановқа бейтаныс адамдар емес. Қорыта айтқанда, кешенді зерттеу ақиқатқа жеткізеді», дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, тарихшы ғалым Рауан Байдалы.
Жиын соңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді атсалысып, ұлт тарихының ақтаңдақ беттеріне қатысты тың деректерді іздеп тапқан бірнеше ғалым Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Алғысхатымен марапатталды.
Қостанай облысы