Шаруашылық • 12 Қыркүйек, 2023

Тозған трактор, қираған комбайн... Жаңа техникаға фермердің қолы қашан жетеді?

311 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзге жұрттар төрт түлігін дронмен бағып, астығын «автопилот» комбайндармен орып жүр­ге­н уа­қыт­та біздің фер­мер­лердің да­рыл­даған ескі тех­ни­касы­на қарап көңілі­міз құла­зитыны рас. Қазір қай ауыл­ға барсақ та, көше­сінде көтерем техникаларды көзіміз шалады.

Тозған трактор, қираған комбайн... Жаңа техникаға фермердің қолы қашан жетеді?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Тасбақаша тырбаңдайтын атам заманғы ДТ-75 шынжыр табанды тракторын тізгіндеп, егіс даласында жүретіндердің тірлігі бір бітпейтініне таңымыз бар. Жүрісі өндімегеннің алдына зор мақсат қоя алмайтыны содан болар...

Отандық ауыл шаруашылы­ғын­дағы машина-трактор паркінің тозуы – Керекудің астықты өңірлері үшін аса өзекті. Шаруашылықтардағы жалпы саны 56 мыңнан астам түрлі техниканың 82 пайызы әбден көнеріп, қаусап тұр. Яғни облыс шаруалары жаңа техникамен өте төмен деңгейде қамтылған.

Егін салатын аудандарда әртүрлі маркалы комбайн, жаткалар, тракторлар, басқадай шетелдік техникаларды үсті-үстіне сатып алып жатқанымен, көрсеткіштердің алға басқаны көрінбейді. Мұның себебі – фермерлердің жаңару мүмкіндіктері өте аз.

Машина-трактор құнының өте қымбат болуы, лизингті ресімдеу үдерістерінің тиімсіздігі, қаржы ұйымдарының шаруа­шылықтарға қатысты қатаң шара­лар­ды жиі қолдануы жаңарту бағдар­ла­маларының берекесін қашырып тұр. Фермерлерді ауыл шаруашылығына қажет техникамен «қаруландырып», өңірлерді өркендетуге үлес қосады деп сенім артылған «ҚазАгроҚаржы» АҚ сияқты құрылымдар лизингке алған техникасының төлемін кешіктірген немесе қаржылық қиындықтан келісім­шарт­­­­­­­тың кейбір тармақтарын орындай алмай отырған шаруаларды қос өкпеден қысып, түрлі бассыздыққа барады. Мұндай шектен тыс шаралар өңірдегі шаруа­лар­дың ашу-ызасын тудырып, ынталарын тежейді.

ып

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Өткен жылы аталған қаржы ұйымы Ертіс-Баян өңіріндегі бірнеше шаруа­шы­лықты қыспаққа алып, оларға негіз­сіз түрде түрлі алым-салықтар төлет­кен. Келесі жағдайда төлемін кешік­тір­гені үшін техниканы бір фермерден тартып алып екіншісіне сатып жі­берген. Мәселен, «Алтай» шаруа қожа­лығы құны 10,4 млн теңге тұратын «Бе­ла­русь-920» тракторын лизингке сатып алыпты. Алайда арада бірнеше ай өткенде «Қаз­АгроҚаржының» өңірлік филиалы Салық кодексінің 394-бабы, 38-тармақшасын негізге ала отырып, фермер трактор құнынан 12 пайыз қо­сыл­ған құн салығын төлеуге тиіс екен­ді­гі туралы хабарлама жіберген. Сөй­тіп, шаруа үшін бір ай ішінде әлгі «Бе­ла­русьтің» құны бақандай 1 млн 245 мың теңгеге қымбаттап шыға келеді...

Мұндай қаржылық кедергілерге жер­гі­лікті «Орманшы» және «Уақ» қожа­лықтары да ұшырасқан. «Орманшы» басшысы Ерғанат Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, фермерлер бұл компанияның алдында әлсіз, еш құқығы қорғалмаған. Бар­лық талапты олардың заңгерлері ой­лап тауып, реті келсе өзгерте береді. «Біз­­дің шаруашылық орналасқан аумақ­та фермерлер 20-дан аса техниканы лизингке алып отыр. Олардың бар­лы­ғынан миллиондап сыпыра берсе, неміз қалады», деп күйінеді шаруа. Ал «Тайлақ» қожалығына құны 56 млн тең­ге­ден асатын комбайнды лизингке берген қаржы ұйымы кейін төлемін ке­шік­­тіргені үшін техниканы егіс даласынан тартып әкетіп, «Дидар» қожалығына сатып жі­берген. Тіпті соттың шешімі шық­қа­ны­на қарамапты да...

«ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірлік филиа­лы­­ның басшысы Байсал Алпысбай қан­дай жағдай болмасын барлығын заң аясында жасадық, өйтпесек, тексеруші органдар жазалайды деп ақталды.

– Соңғы үш жылдың статистикасын қарайтын болсақ, облыста техника сатып алып жатқан шаруалардың қа­та­ры көбеюде. 2021 жылы жалпы саны – 562, былтыр – 652, ал биыл алғашқы 8 айда 640 техника лизингке бе­рілді. Олардың көбі тракторлар, ком­байн­дар мен тұқым сепкіштер, себу кешендері. Алынған техникалардың басым бөлігі Қазақстанда құрастырылған. Ал шетелдің техникасын құп көретіндер негі­зінен Аустрия, АҚШ, Бельгия, Фран­ция, Беларусь, Нидерланд, Қытай, Гер­ма­ния, Ресей елдерінің өнімін таң­дайды. Былтыр көктемде техника ба­ғасы күрт қымбаттағаны мәлім. Қым­бат­шылық тенденциясы биыл да тоқтаған жоқ. Өзімізде шығарылатын «Беларусь-82» тракторы бұрнағы жылы 8,3 млн тұрса, биыл 9 млн 730 мың теңгеге дейін өсті. Ал немістің «Arion 640C» маркалы трак­торы екі жыл бұрын біздің нарықта 48,2 млн теңгеге сатылса, осы жылы ба­қан­дай 10 млн теңгеге қымбаттап шыға келген. Бұдан басқа астық жинайтын ком­байндардың, жаткалардың өзге де арнайы және аспалы техникалардың құны өсіп отыр. Мұндай факторлар біздің шаруалардың төлем қабілетіне әсер етпей қоймайды, – дейді ол.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Қанат Ибраевтың сөзіне сүйенсек, биыл облыс шаруалары шамамен 693 жаңа техника сатып алады деп жоспарланған. Жоспар орындалса, техника паркі небәрі 1,8 п­а­йыз­ға жаңарады. Ал соңғы бес жылда агросектор өкілдері жаңадан 5293 техника сатып алған. Астық науқанында техниканың төресі саналатын шетелдік заманауи себу кешендерінің үлесі де аз, небәрі 258 кешен бар. Лизингке және ауылшаруашылық тауарын өн­діру­шілер мен өзге құрылымдардың мен­шікті қаражатына техника мен құ­рал-жаб­дықтарды сатып алудың ұлғаюы байқалғанымен, жаңару үрдісі тозу көр­сеткішін қуып жете алмай тұр. Жо­ға­рыда айтқандай, сатып алу дең­гей­ле­рі өте төмен әрі жеткіліксіз бо­луына былтыр импорттық және отандық техника мен жабдықтар құны­ның қымбаттауы, кәдеге жарату алымын енгізу өте үлкен әсер еткен. Сонымен қатар орта және шағын шаруашылықтардың көпшілігі үшін арзан несиенің өзі қолжетімсіз. Төлем қабілетін дәлелдей алмайды немесе шаруаның өзі оны ертең өтеп шы­ға­рына сенімді емес. Ал мұндай ша­ғын шаруашылықтардың үлесі облыс­тың агроөнеркәсіп саласында 66,4 па­йызды құрайды екен.

Байыптап қарасақ, Ертіс-Баян өңі­рін­де ауылшаруашылық техникасын толық жаңартып алған шаруашылықтар мыналар: «Абай», «Уразбаев» (Ертіс ауданы), «Пахарь», «Бақауов» (Железин ауданы), «Галицкое» (Успен ауданы), «Победа» (Шарбақты ауданы), «МТС Жайма» (Баянауыл ауданы), «Крон Агро» (Ақсу қаласы), «Агросервис-Аққулы» (Аққулы ауданы), «Алекпаров» (Терең­көл). Бұл шаруашылық құры­лым­дары жыл сайын мемлекеттен миллиондаған субсидия алады. Білетіндер бұл ірі құ­ры­лым­дардың артында беделді әрі ықпалды азаматтар тұрғанын айтады. Әл-ауқаты жоғары, қуатты экономика құрып алған әлгіндей шаруашылықтар үшін жыл са­йын жаңа техникамен қарулану қиынға соқпайтыны да содан. Көктемде дала жұмыстарын уақ­тылы еңсеріп, күзде дәнді дақылын тез арада шашпай-төкпей жинап ала қояды. Ал мұндай мүмкіндік ұсақ шаруа­шы­лық­тар үшін үлкен арман, оларға тех­ни­калық тұрғыдан жаңару мәселесі үлкен проблемаға айналып тұр. Себебі мемлекеттің қолдауын көрмейтін, өз қо­тырын өзі қасып үйреніп қалған фер­мерлерде ұзақмерзімді даму жоспары жоқ. Оларды ынталандыратын мемле­кет­тік тетік әзірше ойлап табылмай тұрғаны да өкінішті.

Тағы бір мәселе, Үкімет шетелден­ келетін техниканы сатып алуға мил­­лиондап субсидия төлегенше, өзі­міз­де құ­рас­тырылатын, бағасы арзан отан­дық шағын тракторларға неге мән бермейді? Бүгінде еліміздің әр түк­пірінде өнер­тап­қыш жандар түрлі техникалар құ­рас­­тырып, арзан бағада ұсынуда. Былтыр Май ауданында кәсіпкер «Жұмыскер» атты шағын тракторлар өндірісін жол­ға қойды. Ол туралы талай мәрте газетімізде де жаздық. Әмбебап техни­ка 15 түрлі жұмысты атқара алады. Шөп­ті шауып, жинау, картоп отырғызу, қыста қар күреу сияқты тағысын тағы ауыл­дың бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады. Техникаға қажет тиеуіш шөміш, қар күрегіштер, арнайы ашалар қосымша жасалады. Тракторға бүгінде арнайы патент алынған. Ин­женерлік тұрғыдан арзан әрі тиімді техника Қытайда құрастырылған шағын тракторлардан екі есеге жуық арзан. Шетелдік ауылшаруашылық көлік­те­рінің бағасы аспандап тұрған уақытта бағасы қолжетімді әрі сенімді отандық техникаларға басымдық берілсе игі.

 

Павлодар облысы