Әлем • 12 Қыркүйек, 2023

Қойды клондаған ғалым өмірден өтті

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемде сүтқоректілерді алғаш клондаған биолог Йен Уилмут 79 жасында қайтыс болды. Оның ең үлкен жетістігі – бір жасушадан өсірілген Долли қойы. Ғалымның зерттеуі биотехнологияда жаңа саланың бастауы болып, ауқымды жобаларға жол ашты.

Қойды клондаған ғалым өмірден өтті

Долли қойы – XX ғасырдың ең үлкен ғылыми жетістіктерінің бірі. Оны жасап шығару үшін донор-қойдан алынған соматикалық ядро 277 аналық жасушаға тасымалданған. Олардан 29 эмбрион пайда болып, тек бір ғана жасуша аман қалған. Осы жалғыз жасушадан анасынан аумайтын жаңа ағза дүниеге келген.

Йен Уилмут 1960 жылдан бастап эмбриология және репродуктологиямен айналысып, 1990 жылы Эдинбург университетінің Рослин институтында ғалымдар тобын басқарды. Осы ғалымдар тобы 1996 жылы Долли қой­ын бір жасушадан клондап алды. Дол­ли 6 жыл өмір сүріп, 6 сау қозы төл­деді. Бірақ буын аурулары мен өк­пе­нің вирустық инфекциясы анықтал­ған­нан кейін эвтанизацияланды.

Йен Уилмут дің жасушаларын зерт­теудің негізін қалады. Бұл технология денеде зақымдалған тіндерді қалпына кел­тіруге мүмкіндік береді. Ол 2012 жылы Эдинбург университетінен кетіп, алты жылдан кейін Паркинсон ауруына шалдыққан. Ғалымның өмірден өткені туралы хабарды халыққа әріптестері естіртті. «Біз профессор Йен Уилмуттың қайтыс болғанына қатты қайғырдық. Ол ғылыми әлемнің жауһары еді. Долли қойын клондаған Рослин институтының командасын басқарды. Бұл жетістік біз көріп отырған регенеративті медицина саласындағы көптеген жаңалыққа жол ашты», деді олар.

Ғылымдағы нәтижелердің жоспарға бағынбайтын да кезі болады. Ғарыштан жерді бақылау немесе Хиросима мен Нагасакиде жарылған атом бомбалары секілді, ғылым өз мүмкіндіктері әлемінде адасып та кетіп жатады. Ғылымдағы атышулы жаңалық «Долли қойының дүниеге келуін» де біраз қауым қолдап, көп адам, әсіресе діни қауымдастық ашық терістеді. Ғасыр жаңалығы адамдар да клондалады деген қорқынышқа ұласты. Тіпті АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон «Технология біздің идеалдарымыз бен қоғамымыздың негізінде жатқан қасиетті отбасылық байланыстарға қауіп төндіруі мүмкін», деп адамды клондау эксперименттеріне тыйым салды.

Дегенмен Йен Уилмут клондау технологиясын адамдарға қолдануға үзілді-кесілді қарсы болды. Өмірінің соңына дейін Доллиді жасау адамзатты алмастыру үшін емес, жақсарту үшін болғанын түсіндіріп өтті. Мұн­дай зерттеулер созылмалы ауруларды, гене­тикалық бұзылуларды емдеуде қолданылатын жаңа тіндерді өсіруге көмектеседі деп есептеді. Қазір Йен­нің дің жасушалары саласындағы зерттеу­лерінің нәтижелері қатерлі ісікті емдеу­дің жаңа технологияларында қол­данылып жүр. 

Профессор Уилмут BBC журна­лисіне  зертханасын көрсетіп, ендігі мақ­саты Пар­кинсон ауруымен ауыратын науқастың жасушасын алып, оны эмбрио­нальды күйге қайтару екенін айтқан. Бірақ бұл зерттеу біршама қиындық туындатқан. Міне, Йен Уилмут өзі күрескісі келген Паркинсон ауруынан көз жұмды.