ФОТО: aldaspaninfo.kz
Олар қазір Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, біреуінің жағдайы өте ауыр. Топалаң пайда болған Үшқарасу ауылында «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мемлекеттік мекемесі қора-қопсыны, жайылымдарды залалсыздандырып, төрт түлікке түгел күйдіргіге қарсы екпе егуде. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, серіктестік жұмысшысы жалақысының есебінен берілген етті отбасына беріп жіберген. Әлгі еттен ас қамданған әйелі қазіргі күні сібір жарасын жұқтырған деген күдікпен ауруханада жатыр. Науқастардың аяқ-қолдары қабара қарайып, домбығып, күп болып ісіп кеткен.
– Ауруханаға түскен науқастар ем қабылдап жатыр. Ауыр халдегі науқасқа меропенем препараты егілуде, 52 жастағы науқастың жағдайы қиын болып тұр, – дейді Атбасар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Томтаев.
Ауруханаға негізінен серіктестік жұмысшылары түскен. Көпшілігі бақташылар және олармен қарым-қатынаста болғандар. Қазіргі күні 300-ге жуық тұрғыны бар Қарасу ауылы карантинге жабылған. Талап бойынша елді мекенге жақындау мүмкін емес, арнайы бекет қойылған. Ауыл маңайын полиция қызметкерлері мен дезинфекциялық жасақ күзетуде. Әйтсе де, дәрігерлер мен мал дәрігерлері қажеттілікке орай өте алады. Онда да эпизоотияға қарсы жасақ дезинфекция жасап, залалсыздандырған соң ғана сыртқа шығарады. Жағдайды біршама жете білетін мал дәрігерлерінің айтуына қарағанда, осы ауылдағы серіктестікте өлген малдың біреуінен сібір жарасы табылған.
– Пышаққа іліккені 30 бас, дейді Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов. – Төрт бас малдың еті қоғамдық тамақтандыру орнына өтіп кеткен. Оның 536 килосын кері қайтарып алдық. Сол еттің ішінде топалаңға шалдыққан малдың да еті өтіп кетуі мүмкін. Анығын сараптамадан кейін ғана айта аламыз. Бір белгілісі, жергілікті мал дәрігерлері табындағы түліктің бәрін еккен болатын.
Топалаңның сорабы әзірге беймәлім. Әйтеуір, етек алып кетпесе болғаны. Бұрын-соңды бұл өлкеде көз көріп, құлақ естімеген дерттің дақпырты дүйім елді сескендіріп отыр.
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы