Әлем • 13 Қыркүйек, 2023

Ресей мен Солтүстік Корея келісімі

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейге сапармен келіп, ел Президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, кездесу барысында қару-жарақ келісімі жасалуы мүмкін.

Ресей мен Солтүстік Корея келісімі

ФОТО: kaz.zakon.kz

«Восточный» ғарыш орталығындағы келіссөздер аяқ­тал­ған­нан кейін Ким Чен Ын жеке броньды пойызымен КХДР-ға қайтқан. Бұл туралы ресейлік медиа құралдары жарыса жазды. Ресей Президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның саммиті бес сағаттан астам уақытқа созылды. Соңында Ресей Президенті Солтүстік Корея басшысының сапарына орай ресми түскі ас берді.

Мәскеу Пхеньянға жерсеріктерін дамытуға көмектесетінін мәлімдеді. Жетілдірілген ғарыштық технологиядан басқа Ким Чен Ын азық-түлік бойынша көмек сұраған көрінеді. Екі тарап та келіссөздер кезінде Ресей Украинадағы соғысына қажет қару-жарақ сатып алуды жоспарлайды деген әңгімені жоққа шығарды. Алайда сарапшылар мұндай келісім ашық айтылмайтынын алға тартады.

«Ресей егемендігі мен қауіпсіздігін қорғау үшін қасиетті күреске кірісті. Біз әрқашан Президент Путин мен Ресей басшылығының шешімдерін қолдаймыз және империализмге қарсы күресте бірге боламыз», деді «Восточный» ғарыш айлағында сөйлеген сөзінде Ким Чен Ын.

Кремль басшысына мұндай пікір майдай жақты. Әріп­тесіне құрмет көрсететінін жеткізген ол экономикалық ынты­мақ­тастық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерге назар аударылатынын жеткізді.

АҚШ бұған дейін КХДР тарапы Ресейге қару-жарақ жеткізіп жатыр деп дабыл қаққан. Тіпті осы кездесуде бұл ресми түрде бекітілетінін алға тартты. Мәскеу де, Пхеньян да мұны жоққа шығарды. Дегенмен Украинадағы соғысты ба­қылап жүрген тәуелсіз сарапшылар қазірдің өзінде Сол­түстік Кореядан келген кейбір оқ-дәрі соғыста пайдаланылып жатқанын айтады.

Кремль басшысы Ресей мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасы басқа елдерге бағытталмағанын және үшінші елдерді алаңдатпау керектігін айтты. Дегенмен КХДР талайдан бері біраз елдің мазасын алып келеді. Бірнеше рет АҚШ-қа доқ көрсетіп, баллистикалық зымырандарын ұшырған. Ресейде екі елдің басшылары кездесіп жатқанда Солтүстік Корея тағы да Жапония бағытына қаратып екі ракетасын «сәлемдемеге» жолдады.

Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің Солтүстік Кореямен ғарыш саласында ынтымақтастық ор­натуға мүдделі екенін жеткізді. Дегенмен сарапшылар кейінгі жылдары Ресейде аталған сала үлкен тоқырау кезе­ңіне тап келгенін айтады. Мәселен, биылғы тамызда Айға ұшырылған «Луна-25» ғарыш кемесі бақылаудан шығып, апатқа ұшыраған еді. Осылайша, Ресейдің 47 жылдағы алғашқы ай миссиясы сәтсіз аяқталды. Бұл елдің ғарыш бағ­дарламасының беделін қалпына келтіру әрекетіне айтар­лықтай нұқсан келтірді.

Әйтсе де КХДР ғарышты игеру саласында тәжірибелі мемлекеттің көмегін қажет ететіні түсінікті. Өйткені осы жылдың басында Солтүстік Корея екі рет барлау спутнигін ұшыруға тырысқан, алайда бәрі сәтсіз аяқталды. Пхеньян өзінің әскери бақылау мүмкіндіктерін арттыру үшін оны дамытуға талпынатыны анық.

Кремль басшысы В.Путин Ресей мен Солтүстік Кореяның көптеген бірлескен жобалары бар екенін жеткізді. Соның ішінде көлік байланысы, логистика және теңіз портының жұмысын қалпына келтіру саласында серіктестік орнатпақ. Путин сонымен қатар Солтүстік Корея басшысымен ауыл шаруашылығын дамыту туралы сөйлескенін айтты. «Гума­ни­тарлық көмектен басқа тең дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік бар», деді В.Путин.

«Восточный» ғарыш айлағындағы кездесуді батыс елдері мұқият бақылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, келіссөздер барысында қару алмасу мәселесі талқылануы мүмкін деген қауіп туған. АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мэттью Миллер кез келген қару түрін беру БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын бұзатынын жеткізді. Сондай-ақ Украинадағы соғыста Ресейдің ауқымды қиын­дыққа тап келгенін көрсететініне тоқталды.

Айта кетерлігі, бұл – Ким Чен Ынның 2019 жылдан бері шетелге алғашқы сапары. Ол соңғы сапарында да В.Путинмен келіссөз жүргізген еді. Соның алдында ғана АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесіп, ядролық қару­сыздану мәселесін талқылады.

Сарапшылар екіжақты кездесуде қару-жарақ жеткізу мәселесі талқыланса да, майдан шебіндегі ахуалды өзгертуі екіталай екеніне назар аударады. Солтүстік Кореяны зерттеу университетінің профессоры Ким Донг Юптың айтуын­ша, Пхеньян түрлі оқтарды, тіпті ескі зымыран түрлерін беруі ықтимал. Азиялық саясатты зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ян Уктың сөзіне сүйенсек, келіссөздер нәтижесінде өте үлкен KN-25 зымырандарынан бастап қысқа қашықтықтағы баллистикалық ракеталар жеткізілуі мүмкін.

Кей сарапшы Солтүстік Кореяда қару-жарақ қоры мол болуы ықтимал деп есептейді. Өйткені бұл ел 1953 жылғы Корей соғысы бітімгершілікпен аяқталғаннан бері ешкіммен соғыспаған. Сол себепті мол көлемдегі оқ-дәрі жиналып қалуы ықтимал. Дегенмен бұған келіспейтіндер де бар. Пхеньян билігі қаруды қалпына келтірудің қиындығын ескеріп, көп мөлшерде ұсынуға асықпайды.

Солтүстік Кореяның қаруы Мәскеудің соғыс әрекетіне қысқа мерзімде ғана серпін беретінін айтатындар көп. Олардың пайымдауынша, оқ-дәрісі түгесілген Мәскеу ескі, сенімсіз артиллериялық снарядтар пайдалана бастады. Сондықтан КХДР-дан келген асай-мүсейді елдегі өндіріс көлемі ұлғайғанша қолдана тұруды көздеуі мүмкін.

Қақтығыстарды зерттеу орталығының Ресей әскерін зерт­теу жөніндегі сарапшы Валерий Акименко мұндай келісім жүзеге асқан күннің өзінде стратегиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгеріс әкелмейтініне назар аударады. «Бәлкім, жеткізілген снарядтар қарапайым халықты көптеп өлтіретін шығар, бірақ Украинаны тізе бүктіруге жеткіліксіз», дейді ол.