Үкімет • 14 Қыркүйек, 2023

Жер қойнауын пайдалану ережесі жетілдіріледі

160 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Пала­таның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында жер қой­науын пайдалануға қатысты заң жобасы қабылданды. Соны­мен қатар экспортты ілгерілетуге, Еуразиялық қайта сақ­тан­дыру компаниясын құруға қатысты құжаттарды да қарады.

Жер қойнауын пайдалану ережесі жетілдіріледі

Атап айтқанда, депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасын тал­қылады. Аталған құжатқа сәйкес, жер қойнауын пайда­лану­шыларға дайындық кезе­ңінде ұңғымаларды бұрғы­лауға рұқсат берілмек

Рұқсат етілген жұмыс түр­лерінің тізіміне ұңғы­маларды қайта ашу, объектілерді опробациядан және сынақтан өткізу де кіреді. Оларды іске асыру экологиялық сараптамадан өткеннен кейін бекітілген кен орнын игеру жобасының негізінде рұқсат етіледі.

«Жалпы, заң жобасы теріс әлеу­меттік-экономикалық жә­не құқықтық салдарға әкеп соқ­тырмайды, мемлекеттік бюд­жеттен қосымша қар­жы­лық шығындарды талап етпейді, сонымен қатар жер қойнауын пайдалану жө­нін­дегі операцияларды жүр­гізудің реттеуші шарттарын жақсартуға мүмкіндік бере­ді. Атап айтқанда, прак­ти­ка­лық геологиялық барлау жұ­мыс­тарына жедел көшу, бар­лық сараптаманың мер­зімін 8-12 айға дейін қыс­қарту, рәсімдер бойынша әкім­­шілік шығындарын 2 есе­ге (120 күннен 50 күн­ге де­йін) қысқарту, сон­дай-ақ ин­вес­тициялық тартым­дылықты арттыру ескерілген», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Тағы бір түзету жер қой­науын пайдаланушыға келі­сімшарттық міндеттемені орын­дамағаны үшін айыппұл төлемей, барлау кезеңінде сейс­микалық барлау нәти­же­лері бойынша келешегі жоқ ұңғыманы бұрғылаудан бас тарту құқығын береді. Ол үшін сейсмикалық барлау жұ­мыстарын жүргізіп, барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жасалған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей тиісті өтініш беруі қажет.

Сонымен қатар құрлық­тағы барлау жұмыстарын жүр­гізу кезеңінде барлау жоба­ларын әзірлеу және бекіту кезін­дегі хабарлама жасау тәр­тібін енгізуді ескере отырып, гео­логиялық барлау жұ­мыс­тарына жедел көшу қа­рас­тырылған. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салуға рұқсат берудің жеке тәртібі және оны беру мерзімін он бес жұмыс күніне дейін қысқарту және басқа да түзетулер енгізіледі.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық акті­леріне экспорттық-кре­диттік агенттік және шикі­зат­­тық емес тауарлардың (жұ­­мыстардың, көрсетілетін қыз­меттердің) экспортын іл­герілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжат жө­нінде Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев баяндама жасады.

«Заң жобасы сақтандыру­ға және қайта сақтандыруға арналған лицензиясыз әрекет ететін, шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау және дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік бере­тін экспорттық-кредит­тік агент­тіктің арнайы құқық­тық мәртебесін құруға ба­ғыт­­тал­ған. Құжат жобалау қыз­меті жөніндегі ведомство­­аралық комиссия жоба тұ­жы­­рым­дамасын мақұлда­ды. Ресей, Мажарстан, Аустра­лия және Үндістандағы экс­порт­тық-кредиттік агенттік тәжі­рибесіне талдау жүргізілді. Ол ЭКА экспорттық операция­ларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті», деді Қ.Төребаев.

Министрлік өкілінің ай­туын­ша, ЭКА құру барысында аналогті үлгіде сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру, уағдаласқан салымдар, субсидиялау, яғни өзге ком­паниялардың функция­лары­мен қайталанбай­­тын функ­­цияларды қарастыру ұсынылады.

Осы орайда экспорттық-кредиттік агенттік жұмысынан қандай нәтиже күтілетініне тоқталды. Біріншіден, 2025 жылға орай 41 млрд дол­­лар­ға дейін шикізат­тық емес тауарлар экспорты кө­лемі­нің өсуі туралы «Қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатын арт­тыру­ға бағытталған ор­нық­ты эконо­микалық өсу» ұлттық жобасы индикаторына қол жеткізіледі.

Екіншіден, экспорттаушы­ларды қолдауда маңызды функ­цияларды иеленетін эконо­­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамы­ған елд­ері тәжірибесі бойын­ша елімізде алғаш рет за­ма­науи экспорттық-кредит­тік агент­тік құрылады. Үшін­ші­ден, операциялық қызметке ара­­лас­пастан, Үкіметке және мүд­делі мемлекеттік орга­н­дарға ЭКА есеп беру және ба­қы­­лауын­да болу меха­низм­дері құрылады.

«Заң жобасы арқылы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңда ЭКА құқық­тық мәртебесін көздеу ұсыны­лады. Яғни шикізаттық емес экспортты дамыту мен ілгерілетуде ұлттық институт мәртебесін иеленетін, Үкіметтің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға ұғымы түсіндіріледі», деді Қ.Төребаев.

Бұдан кейін депутаттар «Еура­зиялық қайта сақтандыру компаниясын құру келісімін ратиф­икациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Еура­зиялық қайта сақтандыру ком­паниясы Еуразиялық эко­номи­калық одақ аясын­да халық­аралық қаржы ұйы­мы ретінде әрекет етеді және экс­порт­таушы­лардың сақтан­дыру тәуекел­дерінің бір бөлігін өз мойнына алады.

«Бұл келісімді жасасу оған мүше мемлекеттердің экспортты қолдаудың бірлескен шара­ларын, оның ішінде сақ­тан­дыруды көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 41-тармағын іске асыру. Атал­ған құжат жаңадан құры­ла­тын Еуразиялық қайта сақ­тандыру компаниясының мақ­са­ттарын, мәртебесін және мін­дет­терін айқындайды. Ком­­па­нияның функцияларын және жарғылық капиталға қаты­­су үлестерін төлеу тәрті­бін бекітетін жарғы келісімнің ажырамас бөлігі болады», деді Қ.Төребаев.

Оның айтуынша, келісім­ді қабылдау ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің қаржы ұйым­дарына өзара халықаралық сауда және инвестициялық қызметті қолдауға, бірлескен бизнес-жобалардың үшінші ел­дердің нарықтарына шы­ғуы­на белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

«Еуразиялық қайта сақтан­дыру компаниясы экспорт­тық-импорттық операциялар­ды қолдайтын ұйымдарды қайта сақтандыру қорғанысы­мен қамтамасыз ету арқы­лы сын-қатерлерін төмен­де­теді. Өз кезегінде ел экономи­касы ЕАЭО елдерімен сауда айналымын едәуір ұлғайту, олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізу үшін серпін алады. Келі­сімде қолданыстағы заңна­маның барлық талабы ес­керілген, осыған байла­ныс­ты оны ратификациялау Қазақ­стан заңдарына еш өзгеріс енгізбейді», деді Қ.Төребаев.

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері бір­қатар ратификацияланатын құжатты жұмысқа алды. Олардың қатарында Тәуел­сіз Мемлекеттер Достас­ты­ғына қатысушы елдердің аумақ­тарын санитарлық қор­ғау саласындағы ынты­мақтастық туралы келісім, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы мемлекеттердің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісім бар. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекет­тік мекемелер басшыларына сауал­дарын жолдады.