Ұлттық спорт • 15 Қыркүйек, 2023

Жорық жарты жолды еңсерді

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының іргесіндегі Қаражар ауылынан аттанған салт аттылар межелі жолдың жартысынан асып, Жезқазған жерін басып өтті. Әзірге Қостанай, Маңғыстау облыстарымен қатар Астана қаласының командалары бәйгенің алдында келеді.

Жорық жарты жолды еңсерді

Көшпелілер салтында алыс жорыққа шыққан аттылардың асар аты, қосар аты деген болатыны тарихтан белгілі. Асар ат жолда азық қылуға арналса, ал қосар атты қосалқы ат деуге болады. Бүгінгі «Ұлы дала жорығы» марафонында бұл салттар да ескерусіз қалған жоқ. Тебінгісіне тер қатқан аттылар орта жолда тың атқа мініп, сапарын одан әрмен жалғастырды. Әзірге басып өткен жолдың ұзақ­тығы 850 шақырымнан асады. 14 қыркүйекте «Ұлы дала жо­рығы» марафон-бәйгесінің 9-кезеңі басталды. Елордадан ат­танған 19 команданың 12-сі жолда, өзгесі жарыс жолынан шығып қалды.

«Енді командалар жолдан шы­ғып қалады деген қауіп азайды. Өйткені шабандоздар ат ауыс­тырып мінді. Уақытын ұтым­ды пайдаланып, Түркістанға жетеді деген сенімдеміз. Был­тыр 600 шақырымды 9 команда 32 атпен өтсе, биыл 650 ша­қырымды 12 команда 41 атпен алғашқы ке­зеңді аяқтап отыр. Былтыр 650 ша­­қырымды бірінші болып ба­ғындырған команданың уақыты шамамен 56 сағатты құ­раса, биыл 42 сағатта жүріп өтті. Бұл ат­тар­­­дың дайындығын көр­сетеді. Екін­­шіден, бәсеке­нің өте жоғары деңгейде екенін біл­діреді. Сон­дай-ақ 1-кезеңнің 4 аты командадан тыс 1 300 ша­қырымды ба­ғындыруға бекініп отыр. Оның бәрі мал дәрі­герінің рұқ­сатымен жү­зеге асады», деді «Joryq» ат спор­ты федера­ция­сының президенті, жоба авторы Бақыт­жан Тұрлыбек.

Бас төреші Надежда Куп­цо­­ва­ның айтуынша, команда­лар­дың жарыстан шығып қалуы олар­дың дайындығының аздығы мен ат­тардың бабы келіспегеннен болды.

«Ветеринарлардың кеңесіне құлақ түрген­дер жарысты әлі жал­ғастырып келеді. Әзірге Маң­ғыстау, Жетісу, Қостанай құрама командалары аттарына өте жақсы мән беруде. Был­тыр жорыққа қа­тыса алмай қалған Қостанай облысы командасы бәрімізді тәнті етті. Мал дәрі­гер­лерінің пікірінше, 650 ша­қырымды бағындырған аттар қатарында қостанайлық ша­бандоздар кәсібилігімен, тұл­пар­ларының мықтылығымен қатты ерекшеленеді.

Дегенмен кім­нің жеңіске же­туі мүмкін екенін айта алмаймын. Қалған жерді тың аттармен бас­тадық. Атт­ардың қалай бейім­де­летінін бақы­лауымыз керек. Әрі оңтүстік өңірге жақын­даған сайын ауа райы жылы ке­леді», дейді Н.Купцова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алда 5 кезең, яғни 450 ша­қырым қалды. Бұған әлі ат ауыс­тырмай келе жатқандар да бар.

«Астана қаласы, Маңғыстау, Жетісу, Қостанай облыстарының шабандоздары 650 шақырымды жүріп өткен тұлпарларымен Түр­кістанға дейінгі 1 300 ша­қы­рымды еңсеруді көздеп отыр. Бұл төрт­тікке төрешілер «Рекорд» деген атау беріп, арнайы 13-команда ретінде тіркеп, нәтижелерін күн­делікті бақылап отыр. «Ре­корд» командасының жігіттері діт­теген мақсатына жетсе, келесі жылғы жорыққа Гиннестің рекордтар кіта­бының өкілдерін шақырту жос­парда бар. 1 300 шақырымды бір атпен аз уақытта бағындырған аза­маттар мен қазанаттардың нә­тижесі рекордтар кітабына бұ­рын-соңды болмаған ерекше нәтиже ре­тінде енгізуге сұранып тұр», дейді төрешілер.

Айта кетейік, «Ұлы дала жо­рығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.