Денсаулық • 15 Қыркүйек, 2023

Өңірдегі ауруханалар ахуалы

179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов өңірлерді аралап, медициналық ұйымдардың жұмысымен танысып, мәселелерді жан-жақты зерделеу үшін дәрігерлермен кездесу өткізіп жатыр. Осындай кезекті сапар Алматы облысындағы мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеп тұрған Алматы көпсалалы клиникалық ауру­ханадан басталды.

Өңірдегі ауруханалар ахуалы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кездесуде кредиторлық бере­шек­ті өтеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұндағы берешек 800 млн теңгені құраған. Бұл сома пандемия салдарынан елде ауруханаға жоспарлы жат­қызу тоқтатылған кезде жинақ­талыпты. Қазіргі таңда ме­дициналық ұйым дебет пен кре­дит арасындағы тепе-теңдікті сақ­тап, келісімшарттар кестесіне сәйкес орындауды уақытылы жүр­гізіп жатыр. Кезеңдер де оң саль­домен жабылып отыр.

«Біз қызмет желісін сақ­тап келеміз. Бірақ осының өзі­не көп күш-жігер жұмсалады. Наразылық та жоқ емес. Шын­ды­ғына келсек, бізге жүгінетін науқастардың үштен бірін ғана емдеп отырмыз. Орта есеппен 30 мыңға жуық науқас келеді, олардың біразын амбулаторлық емге қабылдаймыз. Со­нымен қатар ауруханаға шұғыл жатқызу үле­сі жыл сайын төмендеп барады, қазір ол шамамен 65%-ға тең. Қиын науқастарды өзі­мізде қалдырып, дерті жеңіл нау­қастарды ауданға немесе амбу­ла­ториялық жатқызуға, кейбірін күндізгі стационарда емдету арқылы ауруханаға шұғыл жат­қызу үлесін азайтудамыз», дейді Алматы көпсалалы клини­ка­лық ауруханасының бас директоры Жұмағали Исмаилов.

Жыл басында ауруханада кредиторлық берешек қалып­тас­қанымен, бүгінде оның бәрі өтелген. Бас дәрігер шығынды оң­тайландырудың тиімді бір жолы барын еске салды. Бұл – дәрілік заттар бойынша ревизия жүргізу.

«Аталған тізімде 600-ден аса дүние­ бар. Клиникалық фармакологты ша­қырып, апталап жұмыс істедік. Соның нәтижесінде тізім­де 300 түрлі дәрі-дәрмек қана қал­ды. Мысалы, кейбір дәрілердің 12 түрлі аналогы сатып алын­ған. Қазір қажетсіз сатып алулар күрт төмендеді. Сондай-ақ баға сая­сатын да қайта қарадық. Енді ме­дициналық ақпараттық жүйені «1С: Бухгалтерия» жүйесімен бай­ланыстырсақ дейміз. Бұл дәрі-дәрмектерді автоматты түрде есептен шығару үшін керек», деді аурухана басшысы.

Инфрақұрылымның ескілігіне қара­мас­тан, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы кардиохирургия, ортопедия, ЛОР және кардиохирургия бойынша 27 жоғары технологиялық медициналық көмек түрін ұсынады. Ал кардиохирургия бойынша көмек облыста тек осында ғана көрсетіледі. Қазіргі уақытта жаңа ғимарат салынып жатыр. Көрсетілетін медициналық көмек түрлерін кеңейту жоспарланған.

Қор басшысы бұдан кейін Талғар ауданындағы Бесағаш және Тұздыбастау ауылдарының 14,8 мың тұрғынына қызмет көр­сететін «Promedical» меди­ци­налық орталығына барды. Кли­ника биылдан бастап МӘМС бойынша жұмыс істейді. Ор­та­лық директоры Нұрлан Есмұ­ра­товтың айтуынша, мұнда 7 учас­ке құрылған, оның 2-уі – пе­диатриялық.

«Ауыл тұрғындары аудан орталығына немесе қалаға бармай-ақ емханада қажетті тексеруден өте алады. Салыстырмалы түрде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін шағын мекемеде жалпы тәжірибе дәрігері мен негізгі мамандар ғана емес, сонымен қатар аллерголог, ревматолог, гепатолог, дерматовенеролог, андролог сынды облыс аумағынан табылуы қиын дәрігерлер бар. Клиника басшылығы пациенттеріне әртүр­лі медициналық қызметтерге қол­жетімділікті қамтамасыз ету арқылы жұмысты дұрыс ұйым­дастырып отыр. Нәтижесінде, тіркелген халық саны да артып келеді», деді С.Ахметов.

Қарасай клиникалық көпса­ла­лы орталық аудандық ауруханасы – стацио­нар қызметін ұсынатын Қаскелеңдегі жал­ғыз аурухана. Сондықтан пациент­тердің ағы­ны айтарлықтай жоғары. Тәу­лігіне 500-ге жуық адам келеді. Атап өтерлігі, олардың дені шұғыл жағдаймен жүгінеді. Бұл – барлық ауруханаға тән проблема. Егер емханалар диспансерлік пациенттерді тиісті түрде бақылап, оларды алаңдатарлық ахуалға жет­кізбей амбулаториялық-ем­ха­на­лық бағытта емделсе, жағ­дай ішінара жақсарар еді. Осы­ның салдарынан Қарасай клини­ка­лық көпсалалы орталық аудан­дық ауруханасы шұғыл түр­де тү­сушілерге тиісті көмек көр­сету үшін ауруханаға жоспарлы жат­қызуды тоқтатуға мәжбүр.

Қонаев қаласының қалалық көп­бейінді ауруханасында уро­ло­гиялық және ЛОР-бейінді төсек­тері бар хирургия бөлімшесі, жақ-бет хирургиясы төсектері бар травматология және ней­рохирургия бөлімшесі, гинеколо­гия және перзентхана бөлімшесі, пульмонология төсектері бар неврология­ терапиясы бөлімшесі, реанимация бө­лімшесі, балалар соматикалық бө­лімшесі және облыстағы жалғыз ин­фек­ция­лық бөлімше бар. Мұнда аймақ­тағы өзге ауруханалар сияқ­ты қар­жы­ландырудың шек­теулі болуына бай­ланыс­ты стационарлардың толық жүк­те­ме­сі жоқ. Бірақ қажеттілік жоға­ры. Өйт­кені мұ­ның облыс орталығындағы жал­ғыз аурухана екенін ескеру керек.

Аурухананы 2017 жылдан бері басқарып келе жатқан бас дәрігер Айман Рақышева 2023 жылдың ерекше қиын болғанын айтты. Осы уақытқа дейін мұнда ешқашан кредиторлық берешекке жол берілмеген. Алайда медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру міндеттемелерін орындау қажет­тілігіне байланысты жалақы қоры бойынша шығындар 82%-ға дейін өскен. Сондай-ақ «СҚ-Фармациямен» есеп айыры­суда мәселе бары тілге тиек болды.

Медициналық ұйымдарды аралаған Сәбит Ахметов учаскелік дәрігерлермен де әңгімелесті. Ол халықтың медицина­лық сақтан­дыру мен қамту аясында жүр­гізіліп жатқан жұмыстарға сәйкес адамдардың МӘМС жарналарын төлеу қажеттілігіне қалай қарай­тынына қызы­ғушылық танытты.

«Бұрын қиын болатын. Қазір адамдар МӘМС арқылы тегін тексеруден өтуге болатынын біледі, әсіресе операция қажет кезде. Біз сақтандырылғандар саны бойынша оң динамиканы байқап отырмыз. Алайда бұл іске дәрігерлер ғана емес, әкімдік, жұмыспен қамту орталығы және салықтық органның да қатысуы қажет екенін жеткізгім келеді», деді жалпы тәжірибе дәрігерлері.

 

Алматы облысы