Эр-Риядтағы дүбірлі додада ел намысын ерлер және әйелдер құрамасынан 12 спортшы қорғады. Олардың қатарында 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2016 жылы Ташкентте ұйымдастырылған Азия чемпионатының жеңімпазы, 2017 жылы Тайпейдегі Дүниежүзілік универсиаданың бас жүлде иегері Денис Уланов, жастар арасындағы әлем чемпионы, бірқатар дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілген Ақмолда Сайрамкез, Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері мен биылғы ел Спартакиадасының жеңімпазы Еламан Сейітқазы, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Надежда Ли сияқты көпті көрген әрі тәжірибелі спортшылар болса да, жанкүйерлерді қуанта алмады.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жерлестеріміз арасында ең үздік нәтижеге Еламан Сейітқазы қол жеткізді. 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған отандасымыз қоссайыста 345 (154+191) килоны еңсеріп, бесінші орынға табан тіреді. Бұл салмақтың бас жүлдесі қоссайыста 356 кило зілтемірді еңсерген италиялық Оскар Рейеске бұйырса, күміс пен қола жүлдені индонезиялық Рахмат Эрвин Абдулла (354 кг) мен өзбекстандық Мухаммадкодир Таштемиров (352 кг) иеленді.
Еламан Сейітқазы былтыр Боготада (Колумбия) ұйымдастырылған әлем чемпионатына да қатысып, сол жылы 342 (156+186) килоны бағындырып, 8-орыннан көрінген еді. Биыл ол өз нәтижесін үш килоға жақсартқан. Дегенмен жұлқа көтеруде көрсеткіші екі килоға төмендеген болса, серпе көтеруде алға ілгерілеу байқалады. Бұл жолы ол былтырғыға қарағанда бақандай бес килоға көп көтерген. Ал дәл осы салмақтың В тобында өнер көрсетуге тиіс болған Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов жарыс жолына шықпады.
Сонымен қатар 89 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған Сергей Петрович С тобында жарыс жолына шығып, 358 (164+194) киломен өз тобында көш бастады. Дегенмен жалпы есепте небәрі 9-орында қалып қойды. Сондай-ақ 67 килодағы Ақмолда Сайрамкез 280 (120+160) киломен 12-ші, ең жеңіл салмақтағы Ерназ Алпысов 233 (106+127) нәтижемен 13-ші, қыздар арасында 49 килода бақ сынаған Айнұр Әбдіқалықова 151 (68+83) кило зілтемірді еңсеріп, 30-орынға табан тіреді. Кейінгі екі-үш Олимпиада мен әлем чемпионаттарынан жүлдесіз қайтпаған толағайларымыздың соңғы жылдардағы нәтижесі тым нашарлап кетті. Қайбір жылдары қос-қостан жүлде алып, әлемдік ауыр атлетика спортының державасына айналған Қазақстан құрамасы допинг дауына байланысты қазір тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Егер жағдай бұлай жалғаса беретін болса, келесі жылғы Париж Олимпиадасында жерлестерімізді көрмеуіміз де мүмкін.