Саясат • 19 Қыркүйек, 2023

Жаңа келісімшарт – жаңа кезеңнің бастауы

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар компания басшыларымен кездесті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Wabtec компаниясының президенті және Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады.

Жаңа келісімшарт – жаңа кезеңнің бастауы

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Кездесуде еліміздің теміржол саласын жаңғырту аясында Wabtec компаниясымен арадағы ынты­мақ­тастықтың келешегі талқы­ланды. Сондай-ақ Президенттің АҚШ-қа сапары аясын­да «Қазақстан темір жолы» «ҰК» акцио­нерлік қоға­мы мен Wabtec арасында стра­те­гиялық ынтымақтастық туралы негіз­демелік келісімге қол қойылды.

Бұдан бөлек, Президент Қ.Тоқаев «Citigroup» компаниясының бас атқару­шы директоры Джейн Фрейзер­мен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында америкалық Қаржы холдингінің еліміздегі қызмет аясын кеңейту мүмкіндігі талқыланды.

Жиыннан кейін «Астана» ха­лық­аралық Қаржы орталығының басқару­шысы Ренат Бектұров Мем­лекет басшысының Wabtec және Citigroup компанияларының жетек­ші­лерімен өткізген кездесуінің нәти­желері жөнінде пікір білдірді.

«Бүгін Нью-Йорк қаласында екі кездесу өткіздік. Оның бірі – Wabtec компа­ниясы. Екіншісі – Citibank. Wabtec компаниясы не­­гі­зі елімізде жиыр­ма жылдан бері жұ­­мыс істеп келе­ді. Қазір Астанада мыңға жуық адамды жұ­мыс­пен қамтып отыр. Бұл – амери­ка­лық локомотив өндіретін кәсіп­орын. Бүгінгі жаңа келісімшарт жаңа ке­зеңнің басталуы. Яғни Citibank-­тің қаржыландыруы арқылы Wabtec компаниясы елімізде 240 жаңа ло­ко­мотив құрастырмақ», деді Р.Бектұров.

Оның айтуынша, мұндай келісім Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың орта дәлізді дамыту жөніндегі тапсырмасын ілгерілетуге септігін тигізеді. Бұл мәміленің құны 900 миллион долларға тең. Президент «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Бере­келі қоғам» Жол­дауын­да еліміз­дің қазіргі геосаяси жағда­й­да Азия-Еуро­па арасындағы аса ма­ңызды құр­лық дәлізі болып отырға­нын айта келіп: «Біз бұл мүмкіндікті толық пай­да­ланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек», деген еді.

Wabtec компаниясы «Қазақстан темір жолы» компаниясының локомотив базасының 15 пайызға жуығын жаңар­туға мүмкіндік беріп отыр. Citibank корпорациясы 900 миллион несие береді. Ол америкалық Эксим­­банк гарантиясымен бекітілген. Сон­дық­тан бұл мәселе АҚШ Конгресінде қарал­мақ. Бұл еліміздің шетелдік инвес­тицияларға, соның ішінде америкалық инвестицияға ашық әрі қызық екенін көрсетеді», деді Р.Бектұров.

Естеріңізге сала кетейік, Fortune 500-дің тізіміне енетін Wabtec (Westinghouse Air Brake Technologies Corporation) компаниясы көлік және логис­тика саласындағы әлемдік көшбас­шылардың бірі саналады. Қазіргі таңда компанияда 50-ден астам елден 27 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.