Үкімет • 19 Қыркүйек, 2023

Жергілікті басқару жүйесін нығайтатын саяси бәсеке

210 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел дамуында өзекті бірқатар бағытты айқындап берді. Соның қатарында аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау бар.

Жергілікті басқару жүйесін нығайтатын саяси бәсеке

Таяуда Орталық сайлау комис­сиясының отырысында алдағы сая­си бәсекенің нақты күні белгі­лен­ді. Осылайша, 5 қарашада 45 аудан және облыстық маңызы бар қалада қанатқақты режімде сай­лау өтеді. Бұл – бұған дейін елді демо­кра­тияның даңғыл жолына түсіруге бағытталған реформалардың заңды жалғасы.

«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Президент Қ.Тоқаев.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, өңірлердегі саяси бәсеке 50 күн бұрын хабарланып, жергілікті мәслихат тарапынан бекітілмек. Ал үміткерлерді тіркеу сайлауға отыз күн қалғанда аяқталады.

Жалпы, үміткерлер сайлауға екі тәсіл арқылы қатысады. Бірін­ші­сінде тіркелген саяси партия­лар өз мүшелерінің біреуін ұсы­на алады. Осы орайда, бір сайлау округінен бір ғана кандидат қатыстыруға құқылы. Соны­мен қатар үміткерлер өзін-өзі ұсы­ну арқылы бәсекеге түсе ала­ды. Мұн­дай жағдайда кандидат өзі түс­кен сайлау округі сай­лау­шы­ла­рының кемінде 1 пайыз қол­да­уын иеленуге тиіс.

Талапқа сәйкес, 25 жасқа тол­ған Қазақстан азаматтары ғана жасырын дауыс беру арқы­лы аудан­ және облыстық ма­ңызы бар қала­лардың әкімі лауазымына сайлана алады. Сот іс-әре­кет­ке қабі­летсіз деп таныған, бас бостан­дығынан айыру орындарында жазасын өтеп отырған адам­­дар саяси додаға қатысуға құ­­қы­сы жоқ.

Стратегиялық зерттеулер инс­ти­туты Электоралды үдерістерді зерт­теу бөлі­мінің басшысы Жанар Сан­хае­ваның айтуынша, ал­да­ғы сайлау­дың маңызы зор. Аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлау еліміздің саяси жаң­­ғыруын одан әрі іске асы­­руда, жер­гілікті өзін-өзі бас­қа­ру жүйе­сін нығайтуда шешуші рөл атқарады.

«Бұл азаматтарға өз аумағы­ның болашағын қалыптастыруға белсенді қатысуға және олардың мүд­делері мен құндылықтарына жауап беретін көшбасшы сай­лау­ға мүмкіндік береді. Яғни жер­гі­лікті демократияның дамуы азаматтар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күш-жігерімен аумақтарды неғұрлым жауапты және ашық басқаруды қалыптастыруға ықпал етеді», дейді Ж.Санхаева.

Бейбітшілік және диплома­тия­лық зерттеулер институты Ор­талық Азия және Еуразияны зерттеу орталығының директоры Мұхаммед Асиф Нур да осын­дай пікірді ұстанады. Оның пайымдауынша, аудандар мен облыстық деңгейдегі қалалар əкім­дерін сайлау туралы ше­шім жер­гілікті бас­қару мен төменгі деңгейде де­мо­кратияны қам­та­масыз етеді. «Жер­гілікті басшы­лардың өкі­лет­тіктерін кеңей­ту ресурстарды тиімдірек бөлуге жəне Қазақстанның əртүрлі аймақ­та­ры­ның нақты қажеттілігін қанағат­­тандыруға бейімделген даму бас­­­­­­та­­маларына əкеледі», дейді са­­рап­шы.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қай облыста, ауданда сайлау өткізетінін жергілікті облыстық мəслихаттар шешеді. Ал ОСК тарапы алдағы бәсекенің заңға сай өтуіне бар күшін салмақ.

Жалпы, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау – бұған дейін басталған сая­си реформалардың жалғасы. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Содан бері тоғызыншы территорияның көп­теген елді мекенінде жаңа әкімдер жауапты қызметіне кіріс­ті. Стратегиялық зерттеулер инс­титуты Электоралды үдеріс­тер­ді зерттеу бөлімінің басшысы Жанар Санхаева бұл саяси бәсекенің оң нәтиже көрсеткенін алға тартады.

«Кейінгі екі жылда жергілікті сайлау 1600-ден аса ауылдық елді мекенде және аудандық маңызы бар қалада өтті. Өткен сай­лау­лардың нәтижесі жергі­лік­ті қоғамдастықтарда сайлау және сая­си мәдениетінің қа­лып­­тас­қа­нын, оң үрдістің бас­тал­ғанын көрсете­ді. Негізгі же­тіс­тік ретінде аза­мат­тардың сая­­си шешімдер қабыл­дау­ға бел­­сенді қатысуын тұрақ­ты инс­ти­туционалдық негіз­дер­ді бел­­гі­ле­ді деп айта аламыз. Бірін­­шіден, сайлауға қатысу – ха­лық­­тың сая­си ерік-жігерін біл­ді­ру­­дің дәс­түрлі тәсілі.

Екіншіден, жергілікті сайлау қоғамдық-саяси ұйымдардың жұ­­мысын жергілікті деңгейде жандан­дыруға ықпал етті. Мыса­лы, сайланған әкімдердің 75 па­йы­зы саяси партиялардың атынан сынға түсті. Бұл партиялық қыз­мет деңгейінде өңірлер мен Ор­талық құрылымдар ара­сын­дағы ынтымақтастықты одан әрі кү­шей­теді», дейді Ж.Санхаева.

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Риззат Елубаев ауыл әкімдерін сайлау секілді бастамалар орталықсыздандыру саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік бергеніне назар аударады. Яғни билік пен ресурстарды орталық биліктен жергілікті билік органдарына, өзін-өзі басқару органдарына және азаматтық қоғамға ішінара беріледі.

«Кәсіби кандидаттар тобының қалыптасуы маңызды. Сайланған әкім өз қызметі туралы тұрақты түрде есеп беру, жауапкершілікті жүк­тейді. Бірқатар зерттеуде ор­та­лықсыздандыру міндеттерді жақ­сырақ орындауға, жергілікті атқарушы органдардың сапасы мен есеп беруін арттыруға, азаматтардың қажеттілігі мен үмі­­тіне жақсы ден қоюға, олар­дың жергілікті шешім қабылдау үде­рісін кеңейтуді ілгерілетуге септігін тигізеді», дейді Р.Елубаев.

Кез келген саяси реформаның өзегі халықтың мемлекетті басқа­ру ісіне белсене араластыру екені бел­гілі. Бұл бағытта ауқымды жұ­мыс атқарылды. Атап айтқанда, бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібі жеңілдетілді. Бұрынғы рұқсат алу міндеті хабардар ету қа­ғидатына ауысты. Саяси пар­тия­­­­ларды тіркеуге қажетті 40 мың мүше 20 мың адамға азайды. Сай­лау кезіндегі партиялық тізім­де әйелдер мен жастар үшін 30 па­йыздық квота енгізілді. Пар­ла­­­мент­тік оппозиция инсти­ту­тын енгізу секілді бастама кө­те­рілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 мамырда «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасындағы сайлау тура­лы» Конституциялық Заңға өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы құжаттың нәтижесінде ауыл әкім­дерін елді мекен тұрғын­дары тікелей дауыс беру арқылы сайлай бастады. Сондай-ақ құ­жат­та тұрғындардың өзін-өзі ұсы­нуына мүмкіндік берілді. Бюл­ле­теньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.

Бұдан бөлек, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Осындай про­по­р­ционалды-мажоритарлы үл­гі­де Мәжілістің депутаттық кор­пу­сының 70 пайызы про­пор­ционалдық, 30 пайызы мажо­ри­тарлық тәсілмен жасақталды. Осылайша, биліктің барлық инс­­ти­туты жаңарып, тың қар­қын­­­мен жұмыс істеуге кіріседі. Саяси үдеріс демократияланып, аза­мат­тар­дың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейе түс­ті.

Саясаттанушы Риззат Елубаев халықтың көпшілігі аймақтағы оқиғаларға тікелей жауапты адамды өзі таңдайтынынан мол үміт күтеді. Яғни жергілікті басқару қыз­­меті тікелей тұрғындарға тә­уел­ді болмақ. Осылайша, аудан­дар­­дағы қаржылай, әкімшілік мүм­кіндік кеңейеді.

Ал Жанар Санхаева: «Ауыл әкім­дерінің сайлауы өз дең­ге­йінде сайлау үдерісін ұйым­дас­ты­руда өміршеңдігін көрсетті. Сол себеп­ті әкім лауазымына кан­­ди­даттарды ұсынудың қазіргі әдіс­терін сақтау маңызды», дейді.

«Кандидаттар саяси партиялар тарапынан да, өз бетінше де қатысуы мүмкін. Бұл ретте қайта қа­рау­ды қажет ететін тұстар бар. Мысалы, аудан және облыстық ма­ңызы бар қала әкімдерін сайлау бойынша сайлау округтерінің географиялық ерекшеліктерін ес­кере отырып, үгіт-насихат шараларын өткізуге ұзақ мерзім беру ұсынылады. Жалпы, жергi­лiк­тi сайлауды өткiзу кезiнде жер­гiлiктi деңгейдегi жағдайлар мен контекстердiң әртүрлiлiгiн ескеріп отыру қажет. Ал аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімі лауазымына үміткерлер шағын елді мекендердегі байла­ныс­­тардың жақындығы сияқты фактор олардың сайлауалды бағ­дар­ламаларының сапасы мен маз­мұнына белгілі бір талаптар қоятынын түсінуі керек», дейді Ж.Санхаева.

Мұндай пікірді саясаттанушы Р.Елубаев та ұстанады. Оның айтуынша, аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері өңірді басқарудың жаңа әдісіне сай болуға тиіс. Бұдан бөлек, кәсіби, саяси бәсекелестік нары­ғын қалыптастыру да өзекті. «Қа­­зақ­­с­тандағы бүкіл қоғамдық қыз­­­мет­тер­дің сайланбалы болуы ел­дегі демократияны нығай­ту­ға әсерін тигізеді. Әрине, бас­­тапқы кезеңде аташылдық, жер­­шілдік деген мәселелер туындайды. Бірақ оны үлкен реформа жолындағы бір саты ретінде қарастыру керек. Одан да өтеміз», дейді Р.Елубаев.

Әлбетте, аудан әкімдерін тіке­лей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі екені сөзсіз. Сол себеп­ті алда келе жатқан аудан және облыстық маңызы бар қала­лар­­дың әкімін тікелей сайлау өте өзекті. Біріншіден, сайланатын әкімнің жауапкершілігі артады. Екіншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына жол ашады. Үшіншіден, осы саяси бә­се­кенің сәтті өтуі демокра­тия­лық жолдағы келесі белес – облыс әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік бермек.

«Ауыл әкімдерінің сайлауы және одан кейінгі аудан әкім­де­рінің сайлауы – барлық деңгейдегі әкім­дерді сайлау қағидатын ен­гізу үдерісіндегі шешуші кезең. Дегенмен бұл сайлаудың сипаты азамат­тардың қатысу деңгейі, жер­­­гілікті мәселе­лер­ге қызы­ғу­­­­шылық, әлеуметтік-мәдени ерек­­шеліктер және бәсекелестік дең­гейі сияқты бірнеше жағы­нан айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сон­дық­тан қазіргі уақытта облыс әкім­де­рін сайлауға кезең-кезеңімен қарау оңтайлы тәсіл», дейді Ж.Санхаева.