Энергетика • 20 Қыркүйек, 2023

АЭС-ке байыпты көзқарас керек

459 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

АЭС салу керек пе? Тақырыпқа таңдалған осы бір маңызды сұраққа «Байтақ» жасылдар партиясы ұйымдастырған баспасөз конференциясында энергетика саласының ғалымдары мен мамандары толыққанды жауап қатты деп ойлаймыз.

АЭС-ке байыпты көзқарас керек

Жасылдар партиясы АЭС-ті қолдайды

Айтулы іс-шара Астана­дағы Silteme баспасөз клубында ұйым­дастырылды. Ғалымдардың АЭС туралы айтылған пікірлеріне құлақ ассақ, мәселеге қатысты бос байбаламды қойып, байыпты ойға мойын бұрғың-ақ келеді екен.

«Атом энергетикасы – сали­қалы шешімдер» тақыры­бында өткен іс-шараға «Байтақ» жасыл­дар партиясының төрағасы Аза­мат­­хан Әміртаев, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, пар­тия­ның хатшысы Владимир Мартель, сон­дай-ақ, партия­ның Жасыл саясат департа­менті директорының орынбасары Бекберген Керей қатысып, Атом электр стансасының елге пай­дасы мен зияны туралы, эконо­микадағы тиімділігі мен мемлекеттік қауіпсіздіктегі рөлі жөнінде айтып берді.

авп

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

 

АЭС – мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі

Анығында «Байтақ» партиясы Пре­зиденттің биылғы халыққа Жол­дауын­дағы энергетикалық қауіпсіздікке қатысты айтылған АЭС туралы ойы мен ұсынысын қолдай отырып, оның мемлекетке зиянынан пайдасы көп екенін халыққа кеңінен түсіндіру ісін қолға алды. Нәтижесінде, атом энергетикасының экологиялық және экономикалық құрамдас бөлігін жұртшылық үшін терең талдау және түсіндіру жоспарын бірлесіп әзірлеу алаңы ашылды. Енді АЭС туралы еліміздің кез келген азаматы айтылған алаңға келіп өзінің ой-пікірін ортаға салып, сала бо­йынша анық ақпараттарды алып, танысуына болады.

Конференцияның бас сарапшысы А.Әміртаев Мемлекет басшысының ұсы­ны­­сымен алдағы уақытта АЭС мәселе­сі­не қатысты бүкілхалықтық референдум өтетінін айтты. «Атом электр қуаты әлемде жасыл энергия болып саналады. Сондықтан «Байтақ» жасылдар партиясы адамзат игілігі үшін жасалған ғылыми же­тістікті халқымызға тереңнен тартып түсіндіру жұмыстарын бастадық. Ке­р­ек болса еліміздің әрбір азаматына қа­ра­па­йым тілде елімізге АЭС не үшін қажет екенін дұрыс ұғындырғымыз келеді. Сол үшін арнайы алаң ашылды. Онда саланың бі­лікті мамандары мен ғалымдар кез келген сұрақтарыңызға тұшымды жауап бе­ре­ді» деді.

Партия жетекшісінің сөзіне қарағанда, елімізде атом электр стансасының салынуына қарсы белгілі бір топтар бар. Ол топтардың артында кімдер тұрғанын байтақтықтар жақсы біледі. Сол қарсы топтарды да ашық алаңға шақырып, ой жарыс, пікірталас өткізуге әзір екен­дерін айтты. Тіпті АЭС-ке қарсы кейбір ұйымдарды қаржылай демеп отыр­ған­дар­дың бар екенін де тілге тиек етті. Әсіресе көмір өндіруші компаниялар үйренген табы­сынан айрылып қалмауды ойлайтынын да меңзеді.

«АрселорМиттал Теміртау» компания­сы­ның жұмысын тоқтата аламыз ба? Жоқ, ол алып өнеркәсіпті бір сәтке де кідірте алмаймыз. Өйткені оның еліміз үшін экономикалық-әлеуметтік маңызы бар. Ал сол алып өндіріс ошағын жел немесе күн энергиясынан өндірілген қуатпен жұмыс істете аламыз ба? Тағы да жоқ. Өйткені олар ол үшін тым әлжуаз. Ал үйренген көмір, яғни қатты отын экологияға орасан залал келтіріп, азаматтарымызды түрлі онкологиялық ауруларға шалдықтырып жатыр. Осы қарапайым жағдайларды ескерсек, әлем жасыл энергия көзі деп таныған атом электр стансасы бізге керек-ақ. Бұл біздің партияның көзқарасы әрі ұстанымы деулеріңізге болады» деді ол.

 

Ғылыми жетістікті қабылдаған жөн

Халқымыздың осынау ғылыми же­тіс­тікті қабылдап, игілігін көруі үшін «Бай­тақ» партиясы түсіндіру жұмыстарын кеңейте бермек. Өйткені қай жағынан алып қарағанда да әлемдегі жетекші уран өн­діруші елдердің қатарында тұрған Қа­зақ­станның бұл салада ұтары көп болады.

«Күнделікті пайдаланып жүрген компьютерлер мен смартфон, айфондар да денсаулыққа зиян ғой. Бірақ оны зиян екен деп сырып қойып, қалам немесе терім машинкасын пайдаланып жүрген жоқпыз ғой. Ауқымды демесең АЭС-те сол сияқты уақыт қажеттілігі тудырып отырған өте керек дүние», деді сарапшы.

Оның ойынша партияның осы бағыт­тағы жұмысына қарсы болатындар болады. Бірақ оларға барынша түсіндіру жұмыс­тарын тоқтаусыз жүргізіп, келелі кеңеспен жақсы нәтижеге қол жеткізе­тін­деріне сенімді. «Өйткені әділет те, шындық та біздің жақта» деген ол, таяу болашақта үлкен энергетикалық дағ­дарыс келе жатқанын көлденең тартты. Мұндай пікірді бұған дейін «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің де айтып жүргені көпшілік қауымның есінде болар. Ол осы істің маманы ретінде Қазақстанға АЭС-тің керек екенін және одан шошып қорқуға негіз жоқ екенін үнемі айтып отырады.

«Қазір елімізге мыңдаған электромобильдер кіргізіліп жатыр. Бүгінде өзі­мізге әрең жететін электр қуатын өнді­ріп жатқанда, ертең электромобильдер миллиондап саналғанда не істейміз, олар­дың барлығын электр қуатымен қалай қам­тамасыз етеміз?» деген сауал тастады партия жетекшісі. Сөйтіп, сөз кезегін Ядро­лық физика институтының бас директоры, профессор Саябек Сахиевке берді.

 

Атомды өндіріске пайдалану – қажеттілік

«Менің ядролық физика саласында жүргеніме 30 жылдан асты. Ядролық физика 1938 жылы аталған ғылымның бір саласы болып бөлініп шықты. Содан бері бұл ғылым өте жақсы дамып келе жатыр. Партия жетекшісі айтқандай, кім электр қуатын тиімді әрі көп өндіреді, сол ел келешекте жарқын өмір сүреді. Осы саланың ғалымы ретінде, әлемде уранды ең көп өндіретін және экспорттайтын ел бола тұрып, әлі күнге АЭС салмай келе жатқаны Қазақстанның үлкен қателігі әрі олқылығы деп ойлаймын», деді ғалым.

Оның пікірінше атом электр стансасы өндіретін энергия – ең жақсы энергия. Өйткені ауаға ешқандай зиянды газ шығармайды. Экологиялық таза өнім. Қазір АЭС энергиясы адамзаттың электр қуатын алатын негізгі көзі болып табылады. Оған қоса келесі ғасырда адамдар кішігірім күн секілді немесе шоғырланған жұлдыздар сияқты оқшау-оқшау лабороториялар ұстап, содан электр қуатын алып пайдаланатын болады. Бұл – қиял-ғажайып ертегі емес, нақты ғылымның жетістігі. Ол – келешектің ісі.

Енді еліміз неге дәл осы су атом электр стансасын таңдап отыр? Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) үшін әлемде 440 атом электр стансасы бар. Салынып жатқан тағы 100 шақтысы оған қосымша. Бұған қоса зерттеу реакторлары бар. Міне, осы зерттеу реакторы мен атом электр стансасына деген талап бірдей. Қазір 56 жыл болды біздің Ядролық физика базасында Су-Су реакторы әлі жұмыс істеп жатыр. Бұл – кәдімгі атом электр стансасының прототипі. Оның бірінші контры да, екінші контры да су. Екінші контрдағы су буға айналып электр энергиясын өндірмейді. Егер қы­зы­ғушылық болса, кез келгеніңізді инс­титут базасына кіргізіп, барлық кү­мән­ді сұрақтарыңызға ғалымдар нақты жауап беріп, атом электр стансасының адамға және қоршаған ортаға мүлде дер­лік қауіпті емес екеніне көздеріңізді жет­кізіп береді», деді С.Сахиев.

Ғалымның айтуынша, мәселенің байы­бына барып алмай, ұшқары пікір айту – әдепсіздік. Сондай-ақ сол Ядролық физика институты мен басқа да ғылыми орталардағы ғалымдар да осы елдің азаматтары әрі шынайы патриоттары. Олар да еліміздің ғылымын дамытуға шама-шарқынша еңбек етіп, тер төгіп келеді. Дәл осы ядролық физика саласында да жеткен жетістіктері аз емес.

«Қарапайым халық атом электр стан­­­­сасын қауіпті деп ойлайды ғой. Ол – қате пікір. Оның сан түрлі саласы бар. Со­ның екі түрін ғана айтып өте­йін. Біреуі онко­логиялық жаман ауру­лар­ды емдеуге және диагностикаға ар­нал­ған радиофармдарды шығаратын Қа­зақ­стан­дағы осы жалғыз Ядролық физика инс­­­титуты. Қазір елімізде бір жылда ғана үш түрлі радиофарм шығардық. Оның екеуі диагностикаға, біреуі емдеу үшін пайдаланылады. Бүгінге дейін 66 мың Қазақстан азаматына сондай дәрі-дәрмек шығарып бердік. Келесі жылы оны тағы да ұлғайта түсуге тырысамыз.

Енді күні кеше ғана МАГАТЭ-нің тендерін жеңіп алдық. Бұйыртса, көрші қырғыз еліне арнап та сондай радиофармдар шығаратын боламыз. Екінші өніміміз – радиокөздер. Мысалы, кез келген мұнай құбырлары бір-біріне пісіріліп жалғанады. Сол пісірілген металдың сапасын қалай тексереді? Біз институтта радиокөздерін дайындаймыз. Олар темірдің дұрыс пі­сі­ріл­меген жерлері болса, соны бірден анық­тап береді. Бұл осы салада болуы ықтимал үлкен апаттардың алдын алады.

Міне, бұл атом энергиясын бейбіт мақ­сатта пайдаланатын екі-ақ мысал. Мұн­дай тәлімдік мысалдарды жүздеп кел­ті­руге болады. Тағы да айтамын, инс­титут базасына келсеңіздер, бәрін өз көз­деріңізбен көріп, ойдағы күдік-күмән­де­ріңіздің бәрі сейілетініне кепілдік беремін», деді институттың бас директоры.

 

«Жасыл» энергия міндеттемесі

Сөз кезегін алған «Байтақ» жасылдар партиясы, Жасыл саясат департаменті директорының орынбасары Бекберген Керей де осы салада көп жылдан бері ең­бек­­теніп жүр екен. Дәл қазір Қазақстанға атом электр стансасы аса қажет екеніне тоқталып, өр­кениеттен кеш қалмауымыз керек екенін айтты. «Бүгін халқымыз үшін өте маңызды мәселені талқылап отырмыз. Еске сала кетейін, Қазақстан 2013 жылы арнайы Тұжырымдама қабылдаған. Бұл тұжырымдама «Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі» деп аталады. Мен сол жылдардан бері қарай бірнеше жыл Энергетика министрлігінің Жасыл экономика департаментінің басшысы болдым. Сондықтан жасыл энергетика, жасыл экономика, табиғатты, Жер-Ананы сақтау, қорғау мәселелерін жақсы білемін деп айта аламын. Сондай-ақ Семей ядро­лық сынақ полигонының бір пұшпағы болған Баянауылда туып өскендіктен радиацияның зияны мен зардабын өз жан дүниемнен, бой-басымнан өткеріп, толық сезінген адамның бірі. Жаңағы тұжырымдамада көрсетілген және еліміз өз міндеттемесіне алған жасыл экономика дамиды ма, жоқ па?

Бәріңізге мәлім, Қазақстанда бірінші экологиялық қауіпсіздік, одан кейін энергетикалық қауіпсіздік мәселесі өткір тұр. Ал энергетикалық қауіпсіздік мем­ле­кеттік қауіпсіздік мәселесі екенін Пре­зидент те халыққа Жолдауында айтып өтті. Ал енді халықаралық рейтинг бойынша Қазақстанның экологиялық көрсеткіші 180 елдің арасында 93 орында екен. Ауа сапасы бойынша (ауаның ластануы) – 115-орында. Ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығы бойынша 144 елдің ішінде 105 орында екенбіз. Бұл ұлттық экономикалық энергияның тиімділігін бағалаудың негізгі көрсеткіші болып есептеледі. Өкініштісі, жыл са­йын бұл көрсеткіш төмендеп бара жатыр. Өйткені біз энергияға тәуелдіміз. Енді Жасыл экономиканы қалай дамытуға болады. Мысалы, 2030 жылға дейін жалпы өндірілген энергия үлесінің жаңғырмалы және баламалы энергия көздерінің үлесі 15 пайызды құрауы керек. Бұл дегеніміз, көмір саласын бірте-бірте ығыстыра отырып, жаңғырмалы энергия көздерін, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамытуға тиіспіз.

Айтылып отырған атом электр стансасы сол баламалы энергия көзі болып саналады. Сондықтан бұл саланы да міндетті түрде дамытып отыруға тиіспіз. Осы мәселелердің оң қадам алуы үшін біз өткен жұма күні Энергетика министрімен кездесу өткіздік. Қазір атом электр стансасына пайдаланатын өте дамыған буын +3 деген технология. Оның қауіпсіздігі өте жоғары. Осы технологияны енгізуге Қазақстан қазір барынша тырысып, әрекет етіп жатыр.­ Жаңа партия төрағасы айтқандай, елі­мізге атом электр стансасын салуға 6 бірдей елден ұсыныс түсіп тұр. Расында олардың әрбірінің жақсы-жаман немесе оң-теріс жағы бар. Сондықтан саналы түрде ақылмен ойлап, өзімізге тиімдісін дұрыс таңдап алуымыз шарт.

Президент бұл мәселе референдум ар­қылы халықтың таңдауымен жүзеге асатынын айтып өтті. Енді халық қалауымен атом электр стансасы салынады деген шешім қабылданатын болса, одан қорқатын ештеме жоқ. Сарапшымыз айтып отырғандай ол ауаны ластамайды. Бірақ халық арасында түрлі пікірталас көбейіп кетті. Солардың кейбіреулері, атом электр стансасын сал­ғаннан гөрі жаңғырмалы энергия көздерін (күн және жел энергиясы) дамытайық, дейді. Қазіргі сала ғалымдары мен халықаралық сарапшылардың дәлел­деріне қарағанда, сол жаңғырмалы энергияның адамға және қор­­шаған ортаға тигізетін зияны атом электр стансасының зиянынан бірде-бір кем емес.

Оны біздің елдің мамандары да жақ­сы біліп отыр. Жаңғырмалы энергия көздерін адамзат баласы пайдаланып жат­қанына 30 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында ол өзін барлық қырынан толық көрсетті. Мәсе­лен, күн сәулесінен энергия өндіретін панелдердің радиациясы атом электр стан­са­сының радиациясынан кем емес екені бүгінгі күнде толық дәлел­ден­ген және оларды кәдеге жарату мәсе­ле­сі жолға қойылмаған. Сол себептен АЭС бүгінгі таңда жасыл энергия болып есептеледі. Біздің мақсат осы жақсы­лық­ты, игілікті халыққа дұрыстап жеткізу болып отыр.

Мен атом электр стансасын салған дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, АҚШ-тың ірі қалаларының жанында орналасқан стансалар бар. Мәселен, Чикагоға, Майа­ми­ге және Нью-Йоркке жақын ор­на­ласқан. Қажетті энергиясын содан алып отыр. Бірақ адамның денсаулығына зиян­ды болмаса, қоршаған ортаға зардабы барын олар сезіп отырған жоқ. Сонымен қатар одан қауіп төнеді деп те ойламайды. Дамыған елдердегі осындай игіліктерді анық біліп, көріп жүрміз. Сондықтан біз бұл туралы көзқарасымызды үнемі олар қалай қабылдайды, дәл сол қалпында ғана айтып, халыққа дұрыс ақпаратты жеткіземіз», деді Б.Керей.

 

Су реакторынан қауіп жоқ

Атом электр стансасын салуға неге «Росатомға» басымдық берілетіні жө­нін­де журналистер тарапынан сұрақ қо­йылды. Оған Саябек Сахиев жа­уап берді. Оның айтуы­на қарағанда, «Росатом» атом электр стансаларын салу саны бойынша ал­дың­ғы қатарда екен.

«Қазіргі геосаяси жағдайға қарамай, атом электр стансаларын салуда саны бойынша «Росатом» алда екені факт. Мен саясаткер емеспін, әйтсе де тендерге қатысушылардың қайсысы жеңетінін біз шеше алмаймыз. Өйткені ешкімге сен ондайсың, сен былайсың деп айтуға хақымыз жоқ. Десе де таңдау өзімізде болады. «Росатомнан» өзге Франция, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінің компаниялары да бар. Осы төрт компания да су реакторын ұсынып отыр. Ескертейін, Чернобыль мен Фукусимада су реакторы емес еді. 1957 жылы бірінші су атом электр стансасы салынғанда 1+ технологиясы болды. Қазір 3+ технологиясы. Содан бері су реакторынан бірде-бір қатерлі, адам денсаулығына зиянды улы ауа шығару (выброс) болмаған», деп жауап берді ғалым.

«Атом электр стансасы елімізге  керек пе, жоқ па?» деген сұрақ әлі ұзақ талқыланады. Оның бәрін алдағы уақытта жан-жақты қамтитын боламыз. Өйткені бұған дейін АЭС құ­ры­лысына толық қарсы болып келген біздің көзқарасымыз аталған конференцияда өзгерді. Осы елде бала-шаға өсіріп, немере жетектеген соң АЭС-ке қатысты әлі де көңілімізде алаң бар.