Оның айтуынша, бұған дейін АҚШ пен Орталық Азия арасындағы диалог пен ынтымақтастық осы формат аясында сыртқы саяси ведомстволар басшылары деңгейінде жүзеге асырылатын. 2015 жылы С5+1 диалог алаңы құрылып, Вашингтонның бастамасымен мемлекет басшылары деңгейінде отырыс өтті. Бүгінде С5+1 форматының рөлі артып келеді.
«Бұл формат кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілді, оның ішінде парламенттік деңгейге жеткенін де нық сеніммен айта аламын. Орталық Азия мен Оңтүстік Корея парламенттерінің спикерлері өткізген саммит те осындай форматта өтті», деп жазды ол Telegram парақшасында.
Мәжіліс депутатының пайымынша, дәл қазір Орталық Азия елдері қандай да бір мәселе бойынша ортақ шара қабылдап, бір-бірінен ажырағысыз тығыз байланыс ұстап келеді. Өңірлік қауіпсіздік пен жаһандық тұрақтылық мәселелері, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Қазақстан әрқашан ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық күш-жігердің алдыңғы қатарында болды.
«Өткен жылы Қазақстанға тікелей америкалық инвестициялардың жалпы ағыны бірден 82%-ға өсіп, 5,1 млрд долларды құрады. Қазақстанда 500-ден астам америкалық компания жұмыс істейді, соның ішінде Chevron, ExxonMobile, General Electric, Citi сынды компаниялар бар», деген депутат экономикалық ынтымақтастық тұрғысында Қазақстан әлемнің 180 елімен сауда жасап, инвесторлардың жаһандық қоғамдастығы үшін сенімді серіктес болып қалуға ниетті екенін атап өтті.
АҚШ-пен тығыз ынтымақтастықтың тағы бір аспектісі - Қазақстан тарапы Әділетті энергетикалық жүйеге көшу бағдарламасын (Just Energy Transition Partnership) іске қосуды ұсынды.
«Бүгінгі таңда РФ, ҚХР, ЕО, Италия, ГФР, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапониямен осы форматта диалогтар құрылғанын атап өткен жөн», деп пікірін түйіндеді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.