Тарих • 20 Қыркүйек, 2023

Тарихты таспалаған

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» дейді Міржақып Дулатұлы. Ал Қазақстан-Британ техникалық университетінің 2-курс студенті Алтынбек Жолдыбай әр қазақтың санасында тарихты жаңғырту үшін ерекше веб-қосымша ойлап тапты.

Тарихты таспалаған

TarihShy AI – жасанды интеллект негізінде жасалған Қазақстан тарихын зерделейтін веб-қосымша. Қолданушылар хандар мен билер, Алаш зиялыларымен тарих пен тұлғалардың өздері туралы тілдеседі. Жауапты аудио, видео немесе мәтін түрінде алады. Қосымшада тұлғалардан ақыл сұрауға да болады. Олар өздеріне берілген рөл мен өмірбаяны арқылы кеңес береді. Жобаның мақсаты – өткенімізді жаңа әдістермен үйренуге мүмкіндік жасау. Балаларға жастайынан тарихты танытып, оқушылар мен студенттерге оқу үрдісін жеңілдету. Қазір веб-қосымшаны тұрақты қолданушылар саны мыңнан асты.

– Өзім тарихымызға қатты қызығатын­мын, терең зерттейтінмін. Бірақ басқа адамдардан ондай қызығушылық байқама­дым. Содан өзгелерді тарихымызға қызықтыр­­ғым келді. Интернеттен іздеуге, кітап ақта­рып отыруға біраз уақыт пен күш кетеді. Ал TarihShy AI – нақты әрі дәлел­денген деректер жинақталған қолайлы қосымша, – дейді Алтынбек Жолдыбай.

Ол осы жазда жасанды интеллект өнім­дерін әзірлеу бойынша еліміздің IT-инкубаторына қатысқан. Бұл өнім – сол жо­баның жемісі. Жалпы, TarihShy AI техни­калық жағынан күрделі. Деректер базасы палеолит заманынан бастап қазірге дейінгі ақпараттарды қамтиды. Ақпарат векторлық деректер базасына жиналған. Сол арқылы жасанды интеллект сәйкестік іздейді. Ақпаратты өңдеу үшін және жауап құру үшін gpt-3.5-turbo моделін қолданған.

– Деректерді түгелдей интернеттен, кітап­тан алып, оны өзім қолмен жинадым. Қазір TarihShy AI өзім қалағандай жұмыс істеп тұр. Тек сервер бөлігінде ақаулар болып тұрады, бірақ ол шешілетін мәселе. Жоспар бойынша TariShy AI тек веб-қосымша ретінде қалмай, ауқымды жобаға айналады, – дейді «Computer Systems and Software» мамандығында білім алып жатқан Алтынбек.

McKinsey жаһандық институтының соң­ғы болжамдарына сәйкес, генеративті жасанды интеллекттер жыл сайын әлемдік корпо­ративтік кірісті 2,6 трлн доллардан 4,4 трлн долларға дейін ұлғайтты. Отандық IT-өнімдер нарығы әлемнің түкпір-түкпіріндегі жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын инвесторлардың назарын аудартып отыр. Жүсіпбек Аймауытовтың «Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт» деген сөзі әлі талай қазақ баласын шыңға шығарары анық.