Иә, солай. Қаламгер осы дертімізді дер кезінде байқап, соның алдын алуға күш салады. Сондай әңгіменің бірі – «Момындар». Мұндағы бас кейіпкер – Айса деген шал. Жалпы әдебиетімізде көкірегі қазынаға толы ғана емес, бейнеттен бойын тартпаған қариялар бейнесі бір әлем. Осы шығарманы оқып отырып, текті, ынсапшыл, қанағатшыл, кез келген қиындыққа сабырмен, төзіммен қарайтын қарттың мінезін көріп, сүйсінесіз. Шынымды айтсам, қазір осындай ақсақалдарды сағынасыз. Ел ішінде мұндай данагөй қариялар там-тұмдап табылғанымен, тым азайып кеткеніне ішің ашып, жаның құлазиды.
«Момындар» әңгімесіндегі Айса шалдың бейнесі көнтерлі мінездің жиынтығы секілді. Магнит өрісіндей үйіре тартып, жіпсіз жетелейді. Дарияның қолтығына қоныс тепкен шағын ауылдың қарапайым диқаны дүниеден озған. Мұндайда ағайын іші алтын бесік: бірінің жыртығына бірі жамау, біріне түскен ауыртпалықты бәрі жабыла көтерісіп кетеді. Былайғы уақытта аузы қисық, көзі қысық, ішіне пышақ айналмайтын пендешілікті ұмытып, бір атаның баласындай татулық танытады. Ортақ шаруаға әсіре бейіл Айса шал – жұрт аузындағы «момын Айсакең» мұндайда шыдап отыра алмайды. Белін буып, білегін сыбанып азалы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып шат-шәлекей болып жүреді. «Ақкөңілдің аты арымас, тоны тозбастың» кебі.
Бірақ қарияның ағайынға қамқоршыл, қайырымшыл, адал қасиетін кейбір ауылдастары күлкі етеді. Сыртынан жақтырмай сөйлейді. Алайда маңына парасат шуағын шашқан Айса шалдың ойы тұнық, тұғыры биік. Автор қариялық, үлкендік мінезді биікке көтеріп, парықсыз пендешіліктің безін шығара шенеп, адами қасиетті кәкір-шүкірден аршып алады. Ауыл қартының ашық-шашық жүріс-тұрысына мырс-мырс күлесің, езу тартасың, ақырында еңсеңді ауыр мұң басады. Тығып жүрген қазынаңды тонатып алғандай, жападан жалғыз қалғандай күйге енесің. Қазыналы қарттың бейнесі арқылы біз жоғарыда айтқан қасиеттерімізден қалай ажырап бара жатқанымызды тұспалмен жеткізеді. Жазушының ойы, көзі қырағы, ол бүгінді ғана емес, ертеңгі күнді де болжайды. Уақыттан озып ой тербейді. «Кешегінің бәрі көне дүние» деп мұрын шүйіретін кейбір қандасымызға шымбайға батырып ой тастайды. Өз қағымыздан өзіміз жерімейік дегенді меңзейді. Енді бірде: «Ешкімге міндет қылма, өзіңнің осы өмірге келгеніңді әке-шешеңе де міндет қылма, маған неге көмектеспейді деген сөзді мүлде санаңнан сызып таста, келдің бе өмірге – өзің әрекет жаса, өзің өс, өзің жетіл. Өзің шығатын биігіңе өзің жетуің керек, біреудің балдағын пайдаланып шықпа», дейді.
Әдебиеттің басты эталоны – тіл. Жазушының қай-қай шығармасы да айшықты көркем тілмен көмкерілген. Таңғы самалдай есіп жаныңа жел боп тиіп лықси төгіледі. Оны оқып отырып күйші Төлеген Момбековтің шертпе күйінің әсеріндей қоңыр мұңға шомасыз. Көненің сазды сарыны секілді құлаққа жететін аса ойлы, бояуы қанық.
«Өмірді түбіне дейін үңіліп танығысы келген кісі – кірпияз, кіді, шікәмшіл болмайды. Шікәмшіл, кірпияз кісі өмірдің түбіне үңіле алмайды, бетінен қалқиды. Бетінен қалқыған адам өз мінін, өзіндік болмысын жоғалтып алады» дейді ағылшын жазушысы Джон Голсуорси. Дүкенбай Досжан да өмірдің түбіне терең үңілген сыршыл суреткер.
«Жазмыштың жазуы» естелігінде: «Тұнжыраған, мұңайған кісіні көрсем сыр тартып жан әлеміне үңілгім келеді», деп жазады сөз зергері. Осыны оқығанда көз алдыма қабырғалы қаламгердің өз бейнесі келеді.