Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Олар біздің елде сутегі технологияларын пайдаланатын локомотивтер өндірісін және олардың құрамдас бөліктерін іске қосу, инжинирингтік орталық құру және технологиялар трансферті бойынша инвестициялық жобаларды іске асырмақ. Citibank-тің қаржыландыруы арқылы «Wabtec» компаниясы елімізде 240 жаңа локомотив құрастырады.
Жалпы алғанда, компания еліміздің транспорт-логистика саласына 1 млрд доллар құюды жоспарлап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, мұнша көлемдегі инвестиция Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің дамуына ықпал етіп, басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін сәтті негіз болады.
Кездесу аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК акционерлік қоғамы мен «Wabtec» арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Тура бір жыл бұрын ҚТЖ мен «Wabtec» 600 млн долларға локомотив жеткізу жөнінде келісімге қол қойған болатын. Нақтылағанда, ұлттық компания мен Wabtec 150 FLXdrive TM аккумуляторлық маневрлік электровозын жеткізуге және магистралдық паркті сұйытылған табиғи газбен (СТГ) жұмыс істейтін NextFuelTM локомотивтеріне айналдыру үшін жаңғырту жұмыстарын жүргізуге келіскен.
FLXdrive аккумулятордан 100 пайыз қуат алады және 1,5 мегаватт-сағаттан аса энергия тұтынады. Жаңа аккумулятормен жұмыс істейтін маневрлік тепловоздар ҚТЖ үшін шығарындылардың нөлдік деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде компанияға деполары үшін отын шығынын жылына бір маневрлік локомотив үшін шамамен 75 000 долларға азайтуға жағдай жасайды. Жаңа электровоз сондай-ақ жоспарлы техникалық қызмет көрсетуді 97 пайызға дейін қысқартады және электрлендіруге қатысты қымбат инвестицияларды болдырмайды.
Біздің Үкімет пен «Wabtec» Қазақстандағы локомотивтер өндірісін ұлғайтуға және сервистік қолдауды күшейтуге қатысты биыл наурызда тағы бір мәрте уағда жасасқан. «Wabtec» компаниясының аға вице-президенті Гохан Байханның айтуынша, компания Астанадағы локомотив шығаратын зауытта өндірісті кеңейтуге қаражат салғанын хабарлады. Бұл оның қуатын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар компания локализацияны тереңдету, «жасыл» инновацияларды енгізу, сервистік қызмет көрсетуді дамыту және өңірдің басқа елдеріне экспортты ұлғайту жұмыстарын жалғастырады. «Wabtec» Қазақстанның көлік желісінің тиімділігін арттыру үшін теміржол бағыттарын цифрландыру және оңтайландыру мәселесінде ҚТЖ-мен белсенді ынтымақтастық орнатпақ.
Айта кетейік, «Wabtec» – 1999 жылы Westinghouse Air Brake Company (WABCO) мен MotivePower Industries корпорациясының бірігуінен құрылған америкалық компания. Ол локомотивтерге, жүк және жолаушылар көліктеріне арналған өнімдер шығарады, сондай-ақ қуаты 6 мың аттың күшіне тең заманауи локомотивтер жасап шығарады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Citigroup» компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен де келіссөз жүргізді. Кездесу барысында америкалық қаржы холдингінің еліміздегі қызмет аясын кеңейту мүмкіндігі талқыланды. Мәміле құны 900 миллион долларға тең. Citibank корпорациясы 900 миллион доллар несие беріп, нәтижесінде «Wabtec» «Қазақстан темір жолы» компаниясының локомотив базасының 15 пайызға жуығын жаңартады. Келісімге америкалық Эксимбанк кепіл.
«РЖД Логистика» АҚ отандық филиалының директоры Жасұлан Әлиевтің айтуынша, Президенттің сапары ел экономикасы үшін айрықша пайдалы болып жатыр.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ел экономикасын дамытудағы басымдық транспорт-логистикалық хаб құруда деген еді. Расында, Қазақстан – өте ыңғайлы географиялық нүктеде орналасқан ел және мұны бізге тиімді пайдалану қажет. Экспорт пен импорт, сондай-ақ транзиттік тасымалға қызмет көрсету үшін транспорттық хаб пен оңтайлы логистика өте керек. Транзиттік тасымалдың кірісі де мол болады. Өйткені шығындардың төлемін теңгемен, ал көрсетілген қызмет үшін төлемді доллармен аласың. Транспорт-логистикалық хабқа қызмет көрсету үшін теміржолды дамыту керек, ал оны дамыту үшін инфрақұрылымды ретке келтіру керек екені түсінікті», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, біз үшін ыңғайлы шарттарға қол жеткізуде Мемлекет басшысының тікелей келіссөз жүргізуі өте маңызды.
«Президент сапары арқасында екі бірдей үлкен қадам жасалды. Оның біріншісі – зауыттың акционерімен кездесіп, Қазақстанға тиісті техникалық параметрлердің, локомотивтің жеткізілетінін растап, көз жеткізді. Ал қаржыландыру америкалық банк тарапынан жүзеге асырылады. Бұл – қолайлы, адал, жеңілдетілген несие. Ұзақ мерзімге орайластырылған. Президенттің зауыт басшыларымен тікелей кездесуінің, келісуінің арқасында осындай біз үшін, экономикамыз үшін аса пайдалы мәмілеге қол жеткізіп отырмыз. Мұндай несиені қайтару да қиынға соқпайды. Бізге локомотивтің соңғы буыны, соңғы үлгілері жеткізілмек. Сөзсіз, олар Қазақстанның теміржол тасымалында ұзақ уақыт қызмет көрсете алады. Себебі техникалық тұрғыдан өте сапалы жасалған. Дәл осындай жоғары саяси деңгейде келісілмесе, ішкі тұрақтылыққа кепілдік берілмесе, мұндай ірі компанияларды әкелу, өзіміз үшін де тиімді шарттарға келістіру қиынға соққан болар еді», дейді Жасұлан Әлиев.