Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Халықаралық шараға ҚАТЗУ баспасөз орталығының директоры Зейін Әліпбек пен РУДН АТИ (Аграрлық технологиялық институт) директоры Эльвира Довлетярова модераторлық етті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов конференция қатысушыларына Премьер-министрдің құттықтауын жеткізіп, ғылыми іс-шараның маңызды тұстарына тоқталып өтті.
«Бүгін ғалымдар мен сала мамандарына ғана емес бәрімізге аса маңызды күн. Өйткені күн тәртібіне шыққан «Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі» тақырыбы әрбір адамның денсаулығы мен өміріне қатысты. Бұл мәселе біздің елде ғана емес, барлық мемлекетте өткір болып тұр десек, жаңылыспаймыз. Қазіргі уақытта әлемдегі кез келген ел сапалы азық-түлік өндіріп, онымен ішкі нарықты ғана қамтымай, экспортқа да шығару ісін дұрыс жолға қоймаса, экономикасының өркендеуі екіталай. Мұндай фактіні ХХІ ғасырдың шындығы алдымызға әкеліп тұр.
Айтылған осы бір ауқымды мәселені ауыл шаруашылығындағы сан салалы ғылымды меңгерген ғалымдарымыз ғана шеше алады. Отандық ғалымдарымыз азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін күн тәртібіне шығарып, алыс-жақын шетелдердегі әріптестерінің басын қосып, адамзат өміріндегі ең өзекті мәселеге ұйыстырып отырғаны біздің Үкіметті, министрлікті қуантады. Бәріміз бірлесіп атқаратын үлкен жұмыс өз жемісін береді деген үмітіміз зор», деді вице-министр.
«Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі» атты халықаралық ғылыми конференцияға Сенат пен Мәжіліс депутаттары да қатысты.
«Мемлекет басшысы азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне қатты көңіл бөліп отыр. Таяуда жасаған Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселеге арнайы тоқталып, бірқатар нақты тапсырма берді. Соның бірі – ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамыту. Соған орай дер кезінде тамақ өнімдері мәселесіне қатысты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып отырғандарыңыз үшін ҚАТЗУ мен Ресей халықтар достастығы университетінің басшылығына алғысымды айтып, Парламент Сенаты депутаттарының ризашылығын білдіргім келеді», деді сенатор Талғат Жүнісов.
Сенатордан кейін сөз алған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев еліміздің азық-түлік өндіру бойынша әлемдегі орны туралы баяндады.
«Ұлттық экономиканың, сауда мен туризмнің дамуына ықпал ететін азық-түлік қауіпсіздігі – елдің тұрақты даму факторларының бірі. Бүгінде урбанизацияның бей-берекет даму қарқыны тұтынушылардың мінез-құлқын өзгертті. Оның ішінде туризмнің өркендеуі қоғамдық орындарда тағамдарды сатып алатын және тұтынатын адамдардың көбеюіне әкеліп соқты. Әлемде халық санының күн санап көбеюіне байланысты тағамға және ауыл шаруашылығын индустрияландыруға деген сұраныс әлі де арта түседі. Сол себептен азық-түлік мәселесі кәдімгідей мәселеге айналып, кейбір елдерге ыңғайсыздық тудыра бастағаны анық. Бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған осы тақырыпты қатерге ұрындырмай тарқатып шешу ғалымдардың құзырында», деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан Ресей мен Беларусь сияқты азық-түлік өнімдерін көптеп шығарып, оны аталған мемлекеттерден қалыспай, тең деңгейде экспорттауға қабілетті. Оған біздің елдің экономикалық әлеуеті толық жететін көрінеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын заман талабына сай индустрияландырып, азық-түлік өнімдерін соңына дейін өңдеп, тұтынуға дайын өнімдерді әлемнің кез келген еліне экспорттауға қабілетті.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Байбосыновтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешені маңызды сала болғандықтан осы бағытта цифрландыру қарқынды жүргізілуге тиіс. Соңғы бірнеше жылда гранттық қаржыландыру бірнеше есе өскен. Ғылыми индустриалдық әріптестік туралы жаңа заң жобасы талқылауға ұсынылыпты.
«Тамақтану мәселесі бүкіл әлем үшін жылдан-жылға өзекті болып барады. Түрлі мамандық иелерінің осы мәселеге назарын аударту мүмкіндігі туды. Аграрлық саланың осынау маңызды мәселесіне жұрт назарын әлі де бұра түсу керек», деді Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достастығы университетінің бірінші проректоры, РҒА корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Андрей Костин.
Германияның Гёттинген университетінің профессоры Яков Кузяков ғалымдар мен қоғам арасындағы байланыстар жөнінде баяндады. Оның пікірінше, ғылыми-зерттеу жұмыстары аз жүргізіліп жатқан жоқ. «Менің ойымша, ғылыми еңбектердің бәрінен қоғам хабарсыз. Мұның бір шешімі – ғылыми еңбектерді танымал журналдарда жариялау. Екінші мүмкіндік – конференцияларда сөз сөйлеп, ғылыми жаңалықтарды адамдарға түсіндіру. Сөйтіп, бірлескен жобалар арқылы ұйымдасып, алға қойған мақсатқа жетуге болады», деді ғалым. Яков Кузяков – соңғы екі-үш жылда ой-пікірлері ғалымдар мен мамандар арасында дәйексөз ретінде ең көп қолданылған ғалым.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов еліміздің аграрлық сала мәселелеріне тоқталды. «Биыл диқандар үшін ауыр жыл болып тұр. Шаруалар қуаңшылықтан зардап шегіп жатыр. Заң бойынша отандық өнімдерге басымдық берілуге тиіс екендігіне қарамастан, сөрелеріміздегі өнімдердің 70 пайызы – импорт. Бұл мәселе дамыған елдерде оңтайлы шешілген. Мысалы, Еуроодақ мүшесі бола тұра Мажарстанда жергілікті өндірушілерді қорғайтын заңдар бар. Бұдан бөлек, Ресей сырттан әкелінетін өнімдерді 27 көрсеткіш бойынша бақылайды. Елімізде тек 7 көрсеткіш бойынша ғана талап қойылады. Қазақстанға да бақылауды күшейту қажет», деді депутат.
Ал Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың бас директоры Мақсат Бердіқұлов сырт елдерден келетін азық-түлік өнімдері қатаң бақыланатынын айтты.
Конференция барысында негізгі талқылаулар «Тұрақты ауыл шаруашылығы», «Қазақстан – Ресей – Африка: жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі», «Азық-түлік қауіпсіздігі», «Білім беру мен тәжірибедегі мега трендтер» атты тақырыптар түрлі ғылыми алаңдарда талқыланды.
Зиген университетінің (Германия) профессоры Madjid Fathi «Азық-түлік өнімдері өндірісінің сапасын арттырудағы технология мен жасанды интеллект» тақырыбы бойынша баяндама жасайды. Ал Арканзас университетінің (АҚШ) PhD, профессор Adnan Alrubaye онлайн форматында азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен бройлер-балапан етінің сапасына бактериялы остеомелит пен хондронекроздың әсері туралы әңгімеледі.
Бұлармен бірге, жануарлардан адамдарға жұғатын ауру түрлерінің алдын алу, оларды анықтап, ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірудегі өсімдіктерді қорғаудың тиімді әдістерін қолдану, ГМО проблемалары, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортадан адамдар мен жануарлар әлеміне келетін зиянның бетін қайтару секілді көптеген проблемалар талқыланды.
Сондай-ақ алқалы жиында ЖОО оқыту үдерістерін АӨК өндірісіндегі жаңа технологиялармен сабақтастыру барысы назардан тыс қалмайды. Сонымен бірге қазіргі жағдайда шаруалар мен өнімдерді қайта өңдейтін кәсіпорындар арасындағы байланыс пен қарым-қатынас әлі де болса дұрыс жолға түсе алмай келеді. Конференцияда осы мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.
Шарада Германияның Керман университетінің ғалымдары Mohammadi-Nejad Ghasem және Sonia Aghighi (Иран) «Су дағдарысы мен климаттың өзгерісіне қарсы күреске шыдамды жаңа дақылдардың тұқымын іріктеу арқылы реттеу», атты тақырыбы бойынша баяндама жасап, онлайн форматта пікір алмасты.
Отандық ғалымдар еліміздің ауыл шаруашылығы мен оны дамыту бойынша іргелі ғылыми еңбектерін таныстырып, ғылымда қол жеткізген жетістіктерін көрсетті. Мысалы, ҚАТЗУ экономика факультетінің профессоры Расул Қарабасов азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты ретінде органикалық ауыл шаруашылығын дамыту туралы, Қазақстанның бұл саладағы жетістіктері мен әлеуеті туралы әңгімеледі.