Президент Қ.Тоқаев қазіргі таңда әлем ыдырап, бөлшектеніп бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шартараптың түкпір-түкпіріндегі көшбасшылар жиналып, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жолында ортақ келісімге келген-тұғын. Өкінішке қарай, кейінгі кезде әлемнің әр бұрышында тұтанған соғыс өрті өршіл мақсатымызға кедергі келтіріп отыр. Оның үстіне АҚШ пен Қытай секілді алпауыт державалар арасында туындаған сауда соғысы да, коронавирус пандемиясы да азық-түлік жеткізіліміне кедергі келтірді. Шын мәнінде әр мемлекет жеке мүддесін күйттеп кететінін анық аңғартты. Мемлекет басшысы «The Hill» басылымында жазған мақаласында осыны тұспалдап отырғаны түсінікті.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев климаттың өзгеруі, жасанды интеллект, жаппай қырып-жою қаруларының қаупіне қатысты пікір білдірді. Бұдан бөлек Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Қауіпсіздік Кеңесіне реформа жасау қажеттігіне назар аударған болатын.
«Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, біз аталған қиындықтарды жеңе алмаймыз. Бұл – адамзат баласының басым көпшілігінің мүддесіне сай келетін заманымыздағы ең үлкен қажеттілік. Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзі өте орынды екенін айта кеткен жөн. Осы орайда, оқырманға түсінікті болу үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн шығар. Іргелі ұйымның басты міндеті – әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, бітімгерлік миссиясын атқару, халықаралық санкциялар салу және ҚК қарарлары арқылы әскери іс-қимыл мәселелерін шешу. Кеңес БҰҰ құрамындағы негізгі алты мекеменің бірі. Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің орындауы міндетті шешім шығаруға құқылы. Іргелі ұйымға мүше болған ел өзінің бастамаларын ұсынуға және мүддесін қорғауға, маңызды деп санаған мәселелерге әлемнің назарын аудартуға мүмкіндігі бар. Қысқаша айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесі – өз ұстанымының өзектілігін дәлелдеуге арналған бірегей алаң.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамында 15 мемлекет бар. Оның бесеуі тұрақты мүше. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Қалған тұрақты емес 10 мүшесі екі жыл сайын ауысып отырады. Қазіргі таңда іргелі ұйымға Бразилия, Эквадор, Габон, Гана, Мозамбик, Албания, Мальта, Швейцария, Біріккен Араб Әмірліктері және Жапония тұрақты емес мүше ретінде енген. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің ерекшелігі – вето қою құқына ие. Яғни 14 мемлекет қарарды қолдаса да, бес мемлекеттің біреуі оған қарсы шықса, құжат қабылданбайды.
Осы орайда, 2017-2018 жылдары Қазақстан да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанын, 2018 жылғы қаңтарда ұйымға төрағалық еткенін айта кеткен жөн. Осы мәртебелі мерзім кезінде еліміз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға қатысты көптеген бастама көтергені есімізде. Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстан басымдық берген бағыттың бірі – ядролық қаруды таратпау мәсе-лесіне арналды.
Вето мәселесін қозғауымыз бекер емес. Кез келген елді БҰҰ құрамынан да, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамынан да шығаруға Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері келісім беруге тиіс. Алда-жалда тұрақты мүшенің біреуі қарсы шықса, онда шешім қабылданбайды. Бірақ кейінгі жылдары әлемнің полярлану салдарынан ұйымның ішінде алауыздық туындағаны жасырын емес.
Біріншіден, 1946 жылы БҰҰ ҚК құрылғалы бері 300-ге жуық вето қойылыпты. Соның жартысына жуығы кеңес одағына және оның мұрагері Ресейге тиесілі. Кейінгі жылдары Ресей мен Қытай вето құқығын жиі қолданып жүргені де жасырын емес. Бұл – бірінші мәселе.
Екіншіден, Ресейдің Украинаға басып кіргенін бүкіл әлем жақсы біледі. Бірақ аталған ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болғандықтан, жер-жаһанның басты ұйымы бұған шара қолдана алмай отыр. Өйткені оны айыптаған кез келген құжатқа Кремль билігі қарсылық танытады. Салдарынан БҰҰ-ның да, Қауіпсіздік Кеңесінің де қолы байлаулы болып отыр.
Ендеше, Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамынан да, БҰҰ Бас Ассамблеясы құрамынан да шығару мүмкін емес. Өйткені Ресейдің вето қою құқығы болғандықтан, оны ұйымнан шығару жөніндегі кез келген құжатты қабылдатпайтыны айтпаса да түсінікті. Немесе Ресей халықаралық аренадағы өзінің бүкіл күшінен бас тартып, өз-өзін шығару туралы қарарды қабылдауы қажет. Бірақ қазіргідей кезеңде де, келешекте де болуы екіталай.
Кейбір мүше мемлекеттер БҰҰ-да реформалар жүргізуге, әсіресе тұрақты мүшелердің геноцид жасаған кезінде вето қою құқығынан айыруға шақырып жүр. Бұл мәселенің БҰҰ қабырғасында талқыланып жүргеніне біраз уақыт өтті. Мәселен, 2005 жылғы Дүниежүзілік саммиттен кейін «Кіші бестік» (S5) деп аталатын Коста-Рика, Иордания, Лихтенштейн, Сингапур және Швейцария тұрақты мүшелердің геноцид, соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысты мәселелерде вето қою құқығынан бас тартуға шақырды. Дегенмен S5 ұйымы 2012 жылы таратылды, бірақ олар көтерген мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері Франция мен Ұлыбритания ұйымға реформа жасау мәселесін қолдайды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа жасау ұсынысы өте орынды екені сөзсіз. Бұған қоса, Президент «The Hill» газетіне жазған мақаласында айтып өткендей, Қазақстан жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға үлкен үлес қосып жүр. Еліміздің өз еркімен ядролық қарудан бас тартқаны көп елге үлгі. Сондай-ақ Ұлы даланың жаппай қырып-жою қаруларын таратпау жөніндегі іс-қимылды ілгерілетуде көшбасшылық рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне толыққанды мүше болуына қай жағынан да құқығы мол.