Құрылыс • 26 Қыркүйек, 2023

Құрылысқа мемлекеттік бақылау күшейеді

185 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары бүкіл еліміз бойынша құрылыс жұмыстары аса қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен құрылыс сапасына қатысты сын көп. Мердігер компаниялар өз міндетіне алған жұмысты ала-құла атқарады. Соған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің күн тәртібінде құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасын арттыру, оған мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі озық үлгілі құралдарды өндіріске енгізу, саланы цифрландыру мәселелері өткір тұр.

Құрылысқа мемлекеттік бақылау күшейеді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Орталық коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен баспасөз мәсли­ха­тында Өнеркәсіп және құрылыс ми­­нистрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері коми­теті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков құрылыс сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту бо­­йынша қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.

Спикер атап өткендей, экономиканың басқа салалары арасында құрылыс 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ең жоғары өсімді көрсетіп, нақты мә­нінде 15,7%-ға ұлғайды. «Саладағы оң көр­сеткіштерге қарамастан, жалпы да­му­дың баяулауына және тежелуіне әкеп отырған бірқатар фактор бар», деді ми­нистрлік өкілі.

Бірінші кезекте, бұл құрылыстың қауіп­сіздігі мен сапасы, мемлекеттік ба­қылауды күшейту және қатаңдату жө­ніндегі жаңа құралдар, саланы цифр­ландыру.

«Өңірлерде қала құрылысын дамыту­ды жүйелі жоспарлаудың болмауы­на және құрылыс салынған аумақты сәу­лет­шілердің дұрыс жобаламауына бай­ланысты орын алған кемшіліктер жұ­мыс істеп тұрған инженерлік желі­лер қуа­тының шамадан тыс жүкте­луіне, сөй­тіп, бұзылуына, істен шығуына, әлеу­меттік нысандардың, рекреа­ция­лық аймақтардың қолжетімді қашық­тықта орналаспауына, жол инфра­құ­ры­лы­мындағы кептелістерге алып келеді», деді Б. Жүнісбеков.

Сондай-ақ әкімдіктер жұмыс жобасын әзірлеу және бекіту кезінде Бас жос­пардың жобалық шешімдерінен негізсіз ауытқуларға, жобаны заңсыз түзетуге жол береді. Осыған орай, 2020 жылдан бер­гі кезеңде комитет сәулетшілерге түр­лі бұзушылықтарға жол бергені үшін 218 әкімшілік хаттама толтырды.

Сапаны қамтамасыз ету үшін ендігі жерде осы жылдың 5 сәуірінде қол қо­йыл­­ған жылжымайтын мүліктің бір­ың­­ғай мемлекеттік кадастрын енгізу жө­нін­дегі заң шеңберінде бірыңғай қала құры­­лысы сараптамасы қолданылатын болады. Тиісті өзгерістер 2024 жылдың қаң­тарынан бастап күшіне енеді.

Кешенді қала құрылысы сараптамасынан өту қағидасы жобалық шешім­дер­дің бастапқы құжаттардың шарттарына, сондай-ақ қала құрылысы және техникалық регламенттерге, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемле­кет­тік стандарттарға сәйкестігін бел­гі­леуді көздейді. «Қала құрылысы са­рап­тамасынан өтпеген және оның оң қоры­тын­дысын алмаған барлық деңгейдегі қала құрылысы жобалары бекітуге және одан әрі іске асыруға жатпайды», деді ӨҚМ комитеті төрағасының орынбасары.

Әзірленіп жатқан Құрылыс кодексі шеңберінде жоспарлау кезінде өртке қарсы қызмет шаралары, санитарлық-қор­ғау аймақтары, инсоляция, сейсми­ка­лық қауіпсіздікке қатысты және тұр­ғын­дардың қолайлы өмір сүруін қам­та­масыз ету үшін қажетті басқа да талап­тар нормаларының қамтылуы қатаң қада­ға­ланады.

Жобалау үдерісі бірыңғай цифрлық мемлекеттік платформаға енгізіледі, ол ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және заманауи трендтер мен тех­но­логияларға сәйкес келеді. Осы мақ­сатта арнайы ақпараттық жүйе әзір­ле­ніп, қазіргі уақытта оны міндетті пайдалануға қатысты нормативтік тұр­ғыда бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлік жайт, бұры­ны­рақта жобалық-сметалық құжат­та­маларды инженерлік желілерсіз және аумақты абаттандырусыз әзірлеуге жол беріліп келген болатын. Осы келең­сіз тәжірибені жою мақсатында Коми­тет­тің 2023 жылғы 12 қаңтардағы № 4-нқ бұйрығымен бірыңғай жобалық-сметалық құжаттаманың жекелеген бө­лім­дерін кешенді түрде әзірлеуге қа­тысты мемлекеттік стандартқа тиісті то­лық­тырулар енгізілді. Енді құрылыс қаңқасы инженерлік, коммуникациялық және абаттандыру нысандарымен бірге жобаланатын болады.

Айта кеткен жөн, комитет саланы цифр­ландыру ісін де қауырт қолға алып жатыр. Жақында құрылыс рәсім­де­рі­нің ашықтығын арттыру мақсатында құрылыс субъектілерінің күнделікті жұ­мысын автоматтандыруға мүмкіндік беретін «e-Qurylys» бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік функцияларды автоматтандырады, атап айтқанда, мұнда техникалық қада­ға­лау­дың орталықтандырылған элек­трон­дық есеп беру базасы, лицен­зиат­тар­дың, техникалық қадағалау­дың, инженерлік-техникалық қызметкер­лер­дің және са­рапшылардың аттес­та­циясының бірыңғай тізілімі шоғыр­лан­ды­рылады.

Өкінішке қарай, 2018 жылдан бері құрылыс сапасын мемлекеттік ба­қы­лау жүйесі мәжбүрлеу шараларын жедел қабылдау мүмкіндігінсіз, тек қана профилактикалық сипатта болып келген. Бүгінгі таңда әкімдіктердің құ­ры­лыс істері жөніндегі мемлекеттік инс­пекциясының тексерулері тек азамат­тардың арыз-шағымдары бойынша жүргізілуде, ал салынып жатқан нысандарды тексерумен қамту 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында небәрі 9 па­йызды құрапты, 11 001 нысан бойынша 1186 тексеру жүргізілген.

Міне, осы көрсеткіштің өзі-ақ құрылыс жұмыстарына мемлекет тарапынан қалыпты бақылаудың жоқтығын білдіреді. Содан келіп құрылыс жұ­мыс­тары жүйесіз жүргізілуде. Тұрғын үй кешендерінің бейберекет салынуы, қала халқы үшін аса қажет түрлі инфра­құрылымдардың жетімсіздігі, олардың құрылыс талаптарына сай жобаланбайтыны туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Осы кемшілікті жоюды құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті қатты қол­ға алған сыңайлы. Мәслихатқа қаты­су­шылар тарапынан болған осындай, бірыңғай проблемалық, оң шешімін күткен сауалдарға ӨҚМ Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясаты департаментінің Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Е.Құлышев, ӨҚМ Мемлекеттік сәулет-құ­рылыс бақылау басқармасының бас сарапшысы Ә.Шұғаев жауап берді.