Әлем • 26 Қыркүйек, 2023

Азия кеңесінің трансформациясы

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұған дейін жазғанымыздай, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының 78-сессиясы аясында Қазақстанның төраға­лығы­мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің бейресми жиыны ұйымдас­тырылды. Жиында Азия кеңесін трансформациялаудың жол картасы мақұлданды. Біле білсек, бұл – ұйымның жаһан­дық мәртебесін көтеріп, деңгейін арттыратын бірегей қадам.

Азия кеңесінің трансформациясы

АӨСШК Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбайдың айтуынша, бұл жердегі трансформация – Азия кеңесін толыққанды халықаралық өңірлік ұйым ретінде нығайтуға бағытталған ке­ңей­тілген реформалар кешені. Ми­нистрлер ке­­ңесі осы бір маңызды құжатты бірауыз­дан мақұлдады.

– Азия кеңесін трансформа­ция­лаудың стратегиялық маңызы зор. Бұл дегеніміз – Азияның жаһандық рөлін күшейту әрі мүше-мемлекеттер арасындағы ын­ты­мақтастықты жаңа биіктерге же­те­леу. Қабылданған жол картасы біздің ұйымды біртіндеп құрылымдық тұрғыдан өзгертуге бай­ланысты туындайтын мәселе­лерді талқылау мен шешім қабыл­даудың басты құжаты. Бұл ұйым жар­ғысын жасау, Азия кеңесі ая­сын­да ынтымақтастықтың жаңа бағыт­тарын зерделеу, бюд­жет­тік және кадрлық реформаларды жүзеге асыру, сондай-ақ басқа да мәселелерді қамтиды. Азия кеңесі осындай өркенді өзгеріс­тердің нәтижесінде мүше-мемлекеттер арасындағы алдағы ынтымақтастықтың жан-жақты бағыттарын нақтылай түсуге әрі өзара іс-қимылдың ұйымдық және институционалдық базасын нығайтуға ұмты­лады, деп нақтылады Қайрат Сарыбай.

Нью-Йоркте қабылданған ше­шімде Азия кеңесінің аға лауазымды тұлға­лар комитетіне берілген трансфор­ма­ция­лау­дың жол картасының барлық эле­ментін тал­қылауды одан әрі жалғастырып, Ми­­нистрлер кеңесі немесе Саммит ше­шім қабылдауы үшін ұсынымдар беру жө­нін­дегі тапсырма көрініс тапқан. Бас хатшы ретінде Қ.Сарыбайға мүше-мем­лекеттердің келіссөздер үдерісін үй­лес­ті­ру мен ілгері­летуде төрағалыққа қолдау көр­сету тапсырылып отыр.

– Министрлер кеңесі тұрақты даму мақсатында еріктілер қоз­ға­лысын ілгерілету жөнінде мә­лімдеме жасағанын атап өткім келеді. Бұл құжат Азия кеңе­сі­не мүше мемлекеттердің тұрақты әрі жарқын келешекке қол жеткізуіне оң әсерін тигізетін еріктілердің күш-жігерін одан әрі дамытуға әрі жәрдемдесуге деген құлшынысын көрсетеді. Мұны Азия кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың мүлдем жаңа бағыты деп атауға болады. Сонымен қатар мұндай бас­тамалар мә­дениет­аралық диа­логтің дамуына және біздің халықтарымыз арасындағы сенім мен толеранттылықты ны­ғай­ту­ға септігін тигізетіні сөзсіз. Азия ке­ңесі волонтерлік қозғалыстың бағ­­дарламалары мен жобаларын ілге­рі­лету, олардың жұмысы үшін қо­лай­лы жағдай тудыру, техникалық дағдыларды дамытуды көздейтін тренингтер мен курстарды көбейту арқылы еріктілердің Азияның кемел келешегін қалыптастыруға бағытталған әлеуетін толық пайдалануда маңызды орын алады деген үміттемін, – деді АӨСШК Бас хатшысы.

Сондай-ақ жиында Ми­нис­тр­лер кеңе­сі тағы бір маңызды шешім қабылды. Бұл – Бас хат­шының орынбасарын үш жыл мерзімге тағайындау туралы ше­шім. «Қытай ұсынған Чжан Линг ханым осы лауазымда болған Чи Фан ханымның орнын басады. Екеуі де – Қытай Сыртқы істер министрлігінің тә­жіри­бе­лі дипломаттары. Жалпы, Қытай – Азия кеңесі үдерісінің ең белсенді жақ­тау­шыларының бірі. Мен мүше мемлекеттердің осы жоғары лауазымда сабақ­тас­тықты қамтамасыз еткеніне қуаныштымын», деді Қайрат Сарыбай.

Қысқасы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін трансфор­ма­циялаудың жол картасында жоба-жос­парлар жүзеге асқанда ұйымның жа­һандық рөлі де арта түседі. Құ­жатта қам­тылған реформалар нәтижесінде Азия кеңесі ел­­дерді бейбітшілік, ынты­мақ­тастық, қауіп­сіздік, даму жо­лында бірік­­тіретін ең тиімді алаң­ға айнала түспек. Тиісінше, оның халық­аралық беделі де өсе­рі анық.