Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Кеңеске дейінгі келелі іс
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым алдағы 20-30 жылда Қазақстанда климаттың өзгеретінін болжаған. БҰҰ мәліметі бойынша кейінгі 50 жылда Орталық Азияны сумен қамту 3,5 есе азайған. Егер елімізде түбегейлі шаралар қабылданбаса, 2050 жылға қарай елдегі су мөлшері тағы 3 есеге төмендеуі мүмкін деген қауіп бар. Мұның салдары құрғақшылық, орман өрті, өзендердің таяздануы секілді климаттық апаттарға ұласуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында, оның 40 пайызы босқа ысырап. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді. Тағы «20 жылда елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екендігіне» айрықша назар аударған еді.
Бұл мәселе «ауылдықтардың» айрықша бақылауына алынып, партия жұмысының басым бағыттарының біріне айналды. Оны шешу жолдары «Суармалы егіншілік – ауыл тұрғындарының табысын арттырудың негізі» атты партиялық жобада анық көрсетілген.
Жобаны жүзеге асыру барысында партия төрағасының орынбасарлары мен хатшысы елдегі 10 өңірде болып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ғалымдар, сарапшылар, жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары және мамандардың қатысуымен түрлі жиын мен кездесу өткізіп, мәселені түбегейлі зерттеді.
Аталған кеңес Президент Жолдауына қатысты, сол зерттеулердің негізінде шақырылып отыр.
Солақай саясат салдары
Айтулы шараны ашқан «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев республикалық кеңес жұмысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің басшылығы, жауапты қызметкерлері, өңірлік әкімдіктер, мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдар, кәсіпкерлердің салалық қоғамдық бірлестіктері, ауыл және су шаруашылығы саласындағы кәсіпорындардың басшылары мен мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, еліміздің су саласындағы сарапшылар қатысып отырғанын айтты.
«Ауыл шаруашылығы ирригация мәселесі бұдан былай партияның қатаң бақылауында болады. Сөйтіп, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген бірқатар ұсынысты іске асыруды қолға алады. Негізі бұл бағыттағы жұмыстарды бастап та жібердік. Партия қызметкерлері бұған дейін өңірлерді аралап, су мәселесі республикада өте өткір тұрғанын тыңғылықты зерттеулердің арқасында анықтап білді. Нәтижесінде, осы келелі кеңестің өткізілуіне мұрындық болып отыр». деді партия төрағасы.
Партияның басты мақсатының бірі су ресурстарын тиімді пайдалану мен беталды ысырапшылдыққа жол бермеу шараларын жүзеге асыру екенін алға тартқан төраға, суды үнемдеп жұмсау амалдары бойынша құзырлы орындарға тиісті ұсыныстар жасалатынын жеткізді. Оған қоса айтулы кеңеске елдегі барлық өңірдің өкілдері онлайн режімде қатысып отырғанын айтты. Сөйтіп, елдегі салаға жауапты құзырлы органдардың суға қатысты солақай саясат жүргізіп келгенін жасырмады.
«Су мәселесіне жауапты қызметкерлер саланы жақсы білмейді. Кәсіби мамандардың болмауы трансшекаралық су мәселелерін шешу кездерінде көршілерімізге ұтылып қалып жатады. Оның сыртында саладағы жүйесіз жүргізілген бірнеше жылдық солақай саясаттың салдарынан ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Сондай-ақ су ресурстарын жылдық жоспарлауда ауа райы болжамы, жекелей алғанда қар, жауын-шашын, құрғақшылық туралы ақпарат негізге алынбайды. Елімізде жерасты суларын пайдалану деңгейі де өте төмен», деді Ә.Бектаев.
Саладағы түйінді мәселелерді тізбелеп, оларды шешу жолдарына назар аударған партия төрағасы кеңеске қатысушылардың назарын Өзбекстан елінде арнайы түсірілген фильмге бұрды. Онда көрші елдің суды қалай үнемді пайдаланып жатқаны туралы баяндалады екен. Мәселен, өзбек мамандары су арналарын бетондаудың алдында оның астына ылғалды мүлде өткізбейтін жабынды төсеп жатқаны әңгімеленеді. Ал жасанды арналарда егіске баратын судың жалпы 50 пайызға жуығы жол-жөнекей жерге сіңіп, босқа жоғалатыны айтылады. Сондай-ақ арналарды ылдилатып қазудың арқасында жүздеген шақырымға созылған арықтар бойындағы үлкен-үлкен сусорғылар алынып тасталып, электр қуаты мен оған жұмсалатын миллиондаған қаржы үнемделіп жатқаны баяндалады. Партия жетекшісі қоңсы қонып, қолтықтасып жатқан жері мен табиғаты ұқсас елдің тәжірибесін үйренген абзал екенін еске салды.
Келісімнің маңызы
Келелі кеңесте сөз алған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміз трансшекаралық су ресурстарына тәуелді екенін жеткізіп, көрші мемлекеттермен ынтымақтастықта жұмыс істеу маңызды екендігіне тоқталды. «Ең тәуелді трансшекаралық контексте ол оңтүстік бағыттағы аймақта орналасқан. Орталық Азия елдерінің су ресурстарын өзара келісіммен пайдалану кестесін жасау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ол өз нәтижесін береді деген үміттеміз», деген министр саладағы түйінді мәселелердің біршама шешімін қарастыратынын айтты. Сөйтіп, республикалық кеңесті ұйымдастырушы партия жетекшілеріне алғысын білдірді.
Ал Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек мәселеге қатысты Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Министрлік Су ресурстары және ирригация министрлігіне облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, фермерлерге су беру қағидаларын бекітуді және ол үдерісті автоматтандыруды, коммуналдық су шаруашылығы ұйымдарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды, нақты су жеткізілетін суармалы жерлердің алаңдарын айқындап, су пайдалану кестелеріне сәйкес кепілді және уақтылы су беруді қамтамасыз етуді, суару мақсаттары үшін жерасты суларына геологиялық зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуді ұсынады.
Сонымен қатар жайылымдарды суландыру мақсатында кейінгі 3 жылда, яғни 2020-2022 жылдар кезеңінде республика бойынша 5 614 құдық қазылды. Соның нәтижесінде 5,3 млн га жайылым суландырылды және 1,9 млн бас мал сумен қамтамасыз етілді», деді министрлік өкілі.
Суды тиімді пайдалану тетіктері
Расында да, статистикаға сүйенсек, Қазақстан жерінің 70 пайызына құрғақшылық қаупі төніп тұр. Ел халқының 25 пайызға жуығы қазірдің өзінде деградацияға ұшыраған аймақтарда тұрады. Экономика салаларында халықтың су ресурстарын пайдалануындағы ағымдағы жағдайы сақталатын болса, 2030 жылға қарай су тапшылығына байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының төмендеу қаупі бар.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес», деді. Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету туралы айта отырып, ол судың бар болуы фермер күнкөрісінің кепілі екенін ұқтырды. Ал әр фермердің артында қанша шаруа мен халық тұрғаны мәлім. Жолдауда су ресурстарын тиімді және ұқыпты пайдалану, атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын жедел енгізу бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойылған.
Бұл ретте суармалы жерлердің көлемі – 2 есеге, 3 млн гектардан 1,5 млн гектарға дейін қысқарды. Оның 500 мың гектарға жуығы мелиорациялық жағдайы қанағаттанарлықсыз жерлерге жатады. Бұл үдерістердің шиеленісуі халық тығыз орналасқан елді мекендердегі ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларына теріс әсер етті.
«Кейінгі жылдары Қазақстанда су тұтынушылардың барлық тобы үшін оны тартудың жалпы көлемі жылына шамамен 25 млрд текше метрді құрады. Онда ауыл шаруашылығының үлесіне шамамен 15 млрд текше метр немесе су тартудың жалпы көлемінің шамамен 60%-ы тиесілі болды. Ауыл шаруашылығына тұтынудың басты проблемаларының бірі – судың айтарлықтай жоғалуы. Орташа алғанда, 2020 жылдан 2022 жылға дейін магистралдық арналар арқылы суды тасымалдау кезінде судың ысырабы шамамен 20%-ды құрады. Егістіктерде арналардағы шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық шығындарын, сондай-ақ суарудың ескірген әдістеріне байланысты су шығынын ескере отырып, су ысырабының көлемі 40%-ға жетеді.
Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда жайылымдардың 80-85%-ы суландырылған деп есептелсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш нақтылауды қажет етеді. Іс жүзінде барлық жерде, тиісті жұмыстың болмауына байланысты, суландыру қондырғыларының 70%-дан астамы істен шығып, жаңаларының құрылысы тоқтатылды», деді партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков өз баяндамасында.
Ауыл шаруашылығын сумен жабдықтаудың негізгі проблемаларына арналар, басқа гидротехникалық құрылыстардың тозуының жоғары дәрежесі (70%-дан астам) және одан туындаған судың үлкен шығыны, ресурс үнемдеу технологияларын (шашырату, тамшылату, дискретті) енгізудің өте төмен дәрежесі, суды есепке алудың және су бөлуді автоматтандырудың заманауи әдістерінің пайдаланылмауы, аумақтың 90%-дан астамында суарудың ескірген технологияларын қолдану жатады (судың жоғалуы, эрозия, қайталанатын тұздану). Бұлармен бірге жетілдірілмеген тарифтік саясат, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің агротехнологияларды және ғылыми негізделген ауыспалы егістерді сақтамауы, шаруа агроқұрылымдарының қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасымен және жабдықтарымен жарақтандырылуының төмен деңгейі де солардың қатарында. Сондай-ақ білікті кадрлардың жетіспеушілігі, ғылымның, ғылым мен өндірістің интеграциялануының әлсіз деңгейі, өңірлерде демонстрациялық алаңдар құра отырып, ауыл тұрғындарын оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша білім беру жүйесінің болмауы жағдайды мүлде ушықтырып жіберген. Осы мәселелерді көлденең тартқан Т.Рахымбеков, бірінші кезекте салаға білікті кадрлар даярлау маңызды екенін айтты.
Ортаға тасталған ұсыныс
Ауыл шаруашылығын сумен жабдықтауды дамыту мәселелерін талқылай отырып, «Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының табысын арттырудың негізі» республикалық кеңесіне қатысушылар Үкіметке әбден пысықталған 15 ұсыныс жолдады. Ортаға тасталған бұл ұсыныстарға сіз де өз ойыңызды білдіре аласыз, құрметті оқырман
«Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының табысын арттырудың негізі» республикалық кеңесіне қатысушылар ұсынылған ұсынымдар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауын сәтті іске асыруға, суармалы егіншілік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану есебінен ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.