Туризм • 27 Қыркүйек, 2023

Елімізді төрткүл дүниеге танытатын жол

205 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Табиғаты тамылжыған елімізде туризм саласын дамытуға мол мүм­кіндік бар. Айдын шалқар көлдер мен мәңгі жасыл қарағайлар, қол­дың саласындай ақ қайыңдар көм­керген жалпақ даланың өрі мен еңісі тылсым тарихқа тұнып тұр.

Елімізді төрткүл дүниеге танытатын жол

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Рухани жоқ іздеген жолаушы дітте­генін осы жерден табар еді. Маман­дар­дың бағамдауына қарағанда, бүгінгі турист табиғаттың тамаша сұлулығын ғана емес, сонымен бірге жан дүниесін сәуірдің ақ жауыны жуғандай бір тазартып алатын, бұрын көп адам жолық­тыра қоймаған, бастау бұлағынан су ішпеген жаңа қазынаға, рухани азыққа жолыққысы келеді. Бәлкім оларға көз арбайтын қызылды-жасылды сыртқы пішіні суықтау сұлулық та қажет емес шығар. Ең бастысы, тұмса табиғаттың жібек шілтері көлегейлеген, көк мұнарға бөгіп тұрған көркем далада жан мен тәнге қажеттің бәрі бар. Өкініштісі, қанша жылдан бері туризмді табыс көзіне айналдырамыз деп ұмсына ұмтылғанымызбен уысқа түспей тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің туристік әлеуетіне тоқталып, бұл салада жұмыс ақсап тұрғанын сынға алған. Айтса айтқандай, қолда барды құнттап, кәдеге асыра алмай жатқанымыз да шындық.

Ақтауда өткен үлкен форумда еліміз­дегі туризм саласын ілгерілету бағытын­да ауқымды жобалар ұсынылды. Ендігі ара­да жаңарған еліміздің туризм саласы туған жердің тө­сін туристер ағынына айналдырса. Жал­ғыз табыс қана емес, туризм төрге шық­қанда қазақ даласын­­да­ғы табиғи, рухани қазына төрткүл дүние­ге паш етілер еді. Бұл орайда «Туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс» деген Президент осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жат­қанын, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жат­қанын екпін түсіріп айтып өтті.

– Біз бүгінде шетелдік кірпияз көңіл туристерді қабылдауға дайынбыз ба деген сауалға жауап іздеп көрейікші. Мем­лекет басшысы көңіл аударып отыр­ған осы мәселе жанды жейді. Тұмса табиға­ты­мыз, бай тарихымыз, айрықша мәнді мәде­ниетіміз бен озық салт-дәстү­ріміз әлемдегі өзгеден аты озған ту­ристік державалардың қатарында бо­луға үлкен мүмкіндік береді емес пе? Ақ­тау­да өткен форумда еліміздегі туризм саласын дамытуға ықпал ететін ауқымды жобалар ұсынылды. Осы жобалар іске асса, бөгесіндер қатпары алынып, туристердің жаңа ағыны Қазақстан­ға құмарта келер еді, – дейді туризмді тұрақты дамыту саласының ұлттық сарапшысы, Қазақстан Республикасы­ның құрметті туризм қызметкері, профес­сор Шынарбек Батырханов.

Шынарбек Бүркітбайұлының айтуына қарағанда, бұл мәселеде ора­лым­сыздық әлі де көп. Мәселен, өкпек жо­лаушылар жүретін, адам аяғы аз басатын таби­ғи қойнауларға баратын жолдың жағ­дайы сын көтермейді. Егер туристік мар­­шрут­тар жылан жа­лағандай тазарты­лып, абаттандырылмаса, жүргінші нөпірінен пайда болатын қоқыс салынатын контейнерлер орнатылмаса, тіпті ең аяғы дәретханалар­мен қамтамасыз етілмесе, саланың сер­пін алуы мүмкін бе? Бұл үшін барлық табиғи аумақты мұқият тазалау керек. Айлық өткіземіз бе, акция жариялаймыз ба, жалпақ жұртты жұмылдырамыз ба, әйтеуір, бір амалын істеген ләзім. Жадырап жаз келгенде, Алтайдан Аты­рауға дейінгі иен далаға күреңітіп күз келгенде республикалық акциялар­ды өткізудің мәні зор. Біріншіден, таза­лық, екіншіден, сол табиғаттың игілігін көретін жалпақ жұртты тәрбие­леудің, әсіресе, жастардың санасына табиғат-ананы мұқият күтіп ұстаудың қажет еке­нін сіңіреді.

Туризм саласындағы уәкілетті органдар шетелдік туристерге қызмет көр­сетуді жүйелі түрде бақылау қажет. Әуе­жай және теміржол вокзалдарда үш тілде берілетін ақпарат болуы шарт. Анықтамалықтарда шетелдіктерге тү­сі­нікті тілде жауап бере білу, барлық эти­ка­лық нормалар мен қонақжайлылық сақ­талуы керек.

– Біз, Қазақстан туристік қоғамы­ның өкілдері, ел Президентінің Жолдауын­да қойылған міндеттерді басшылыққа ­ала отырып, туризм саласының жан-жақ­ты дамуына күш салуымыз керек. Кедергі болып отырған жай аз емес. Туризмді басқарудың бірыңғай құрылымын әзір­леуде, кадрларды іріктеу мен орналас­тыруда орталықта, жергілікті жерлерде жүйелі жұмыс болмай тұр. Бұл жай туризм құрылымдарында министрлік­тің атынан орталық уәкілетті органның рұқ­сатымен туризмді экономикалық құры­лымдарға, басқаларын кәсіпкерлік­ке, үшіншісін мәдениетке, төртіншісін спортқа қосақтаған кезде пайда болды. Берекесіздік жергілікті жерлерде осы салаға деген көзқарастың қандай екенін көрсетеді. Тығырықтан шығу үшін өңір­лерде туризм басқармасының үлгілік құрылымын әзірлеп, оны Үкіметтің бекі­туіне енгізіп, ең болмағанда облыс әкімдерінің тапсырманы орында­уын міндеттегені жөн. Министрлік ше­неу­ніктердің үнсіз келісімімен бас­шы­лық қызметке туризмнің нағыз жілі­гін шағып, майын ішкен мамандары таға­йындалмаған соң көптеген қателікке жол беріледі. Басшылық қызметке ұсыны­латын үміткердің жарамдылығы немесе дайындығы туралы ескеріле бермейді. Осы себепті кейде туризмнен алыс адам­­дар да туризм саласындағы жауап­ты лауазымдарға орналасады. Көзқа­рас осындай болғаннан кейін мейлінше тәжірибелі, кәсіби даярлығы мықты кадр­­лар шеттетіліп қалып жатыр, – дейді Шынарбек Бүркітбайұлы.

Маманның айтуына қарағанда, бір­қатар өңірде туризмді жедел дамытып, салаға соны серпін беру үшін бұрынғы тәсілді өзгертіп, жаңғыртқан ләзім. Жер­гілікті жердегі басым бағыттар мен ма­ңызды жобалар қолға алынуға тиісті. Мә­селен, Алматы облысындағы әр жыл са­йын өңірге мыңдаған туристерді тартатын «Тайқазан» жобасы кеңейтіле түсуі қажет. Әттеген-айы сол, бұл тарап­та ымы­раласқан ұйымдастырушылық пен қаржылық қолдау нашар. Шығыс Қазақ­стан облысының «Алакөл қанат­та­ры» жобасы ше? Бурабай баурайында­ғы халықаралық бард ән фестивалі жобасы да – назар аударарлық-ақ дүние. Демек, елі­міздің әр өңірінде лайықты жобалар бар. Мұндай жобалар өзінің мазмұндық сипатымен жерлестеріміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдіктердің наза­рын аударып, елге тартуға септігін тигізер еді. Түптеп келгенде Қазақстанның халық­аралық деңгейде танылуын қам­тамасыз етеді. Осыған байланысты жаңадан құрыл­ған Туризм және спорт министрлігі өңір­лерде «Қазақтуризм» ұлттық компа­ниясы өкілдіктерін құ­ру туралы ұсы­нысты құптағаны жөн. Жергілікті жерлерде туристік бизнесті дамытуға өз үлесін қоса алатын маман­дар легі толыққан кез­де бұл ой айтарлықтай нәтиже беруге тиісті.

Отандық туризмді дамытуда орта­лық­та да, жергілікті жерлерде де ведом­ство­аралық үйлестірудің болмауы саланың дамуына кедергі болып тұр. Мәселен, елдің спорт пен мәдениет саласында ауқымды шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ бұл шараларды шетелдік туристердің назарына ұсыну жағы кемшін.

– Біздің ойымызша, Оқу-ағарту министрлігі балалар мен жасөспірім­дер туризмін дамыту үшін уәкілетті ор­гандармен тығыз жұмыс істеуі керек. Өз елінің нағыз патриоты болып, төл табиғатымызды көздің қарашығын­дай сақтауға мектеп партасынан бас­тап тәрбиеленгені жөн. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер туризм мә­дениетін ертерек бойына сіңіргені дұрыс. Бұл саладағы ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін ел Үкіметі жанында бір кезде болған туризм жөніндегі кеңестің қызметін қайтадан жандандырған ләзім. Ал Туризм және спорт министрлігі жанынан туризм саласындағы барлық қолданыстағы заңнаманы, тұжырымдамалық және бағдарламалық құжаттарды талдауға, туристік саланы дамыту жөніндегі ба­сым­дықтар мен шұғыл шараларды айқын­д­ауға тиіс ғалымдар мен сарап­шылар кеңесін құру қажет, – дейді Шынарбек Бүркітбайұлы.

Маманның айтуына қарағанда, туризмнен ғылыми диссертация қорға­ған ғалымдардың да шетқақпай қал­ма­ғаны абзал. Негізінде олар туристік сала­ның ең маңызды стратегиялық жә­не бағ­дарламалық құжаттарын әзір­леуге және іске асыруға тартылғаны жөн. Елі­міздегі туризмді ілгері дамы­ту үшін бірінші кезектегі және перс­пек­тивалық міндеттерді ескере отырып, ал­дағы бес жылда туризмді дамыту жө­ніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзір­легені абзал. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысының Жолдауында қойылған ас­қаралы міндеттерін жүзеге асыру үшін Туризм және спорт министрлігі бизнес өкілдерінің қатысуымен туристік саланың бірінші кезектегі әрі кезек күттірмейтін мәселелерін шешу бойынша іс-қимылдар жоспарын жедел әзірлесе жөн болмақ. Елдегі туризмді дамытудың барлық тұжырымдамалық және стратегиялық құжатты нақты бюджетпен, инвестициялармен қамтамасыз етілуге тиісті. Еліміздегі туризмді төрге шығару үшін балалар мен ересектерге, сондай-ақ ше­телдік туристерге арналған ғажайып тарихи және аса көрнекті орындары бойынша жүріп өтетін туристік пойыздың іске қосылуы пайдалы болар еді.

 

Ақмола облысы