Тұлға • 26 Қыркүйек, 2023

Менің Мархабат көкем

1451 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

«Алатау мен Қаратау түйіскен төр, мөлдірлік пен сұлулық сүйіскен жер» дейтін, бір таудың екіншісіне ұласатын аумақтағы Мархабат көкемнің Пістелі ауылына келе жатырмыз. Көкем Бозторғай асуының аузында дүниеге келгенмін дейтін. Асудың ішінде бозторғайлар кәдімгі жусанның, бетеге, шытыр, ерменнің түбіне ұя салатынын айтатын. Түркібасы төбесін таныдық, Жанымайдың жотасын жорамалдадық. Көкем жазған. Пістеліге апарар жол бойындағы Азаттықтағы қорымнан бозторғайдың шырылы естілгендей болды. Тыныштықты ерекше сүйетін құс та іздегенін көкемнің мәрмар тастан қашалып қабірінің басына қойылған кітаптан тапты ма екен? Қорымға аялдап, анасының қасына жерленген Мархабат көкеме арнап құран бағыштадық...

Менің Мархабат көкем

Қабір басындағы ой

Көке! Сол күнді есіме алсам, жүрегім ауырады. Сыздап. Ел коронавирус деген келімсек індетпен күресіп, әбігерге түсіп жатқанда денсаулығыңыз сыр берді. Індеттен амансыз. Бірақ бүкіл ағзадағы қан та­мырларын қажетті қорекпен қам­тамасыз еткенімен, өзінің тамыры аз жүрек шаршаған деді дәрігерлер. Сол күні қолыңызды қысып, аман­да­суға да рұқсат бермеді. Сақтық ша­раларын сақтап. Қазақтың сөз қол­данысына зорлағандай болып енген «бетперде», яғни медициналық маска таққанбыз. Тәртіпке бағынып. Екеуміздің арамыз екі метрдей. Алыс. Жақындатпай тұрған ақ ха­лат­ты абзал жандар ғана емес, ауру­ха­наның түсі көкшілдеу де суық қабырғалары. Аурасы.

Сіз бен біздің арамыз бір метр­ден асар-аспас. Жақын. Алыстатпай тұрған сіздің жылы да, мейірімді қос жанарыңыз еді. Сәл жымиған сәтте жүзіңізге үйірілетін мейірімді бетперде де жасыра алмады. Бұл сізбен соңғы жүздесуіміз екен. Жүрек шіркін бір жамандықты сезді ме, жанарға жас тығылды... Қабіріңіздің басында елес болып қайта оралған осы бір көрініс, түпсіз ой әрі қарай тереңіне сүйреп ала жөнелді.

Көке! Әсерлі әңгімелеріңіздің көптеген кейіпкерлері тұратын Н. уәлаятының халқы сізді іздейді. Әлі де. Сіз жиі баратын кітапханаларда арнайы ұйымдастырылған жиындарда зиялы қауым, оқырмандарыңыз еске алады. Сондай жиындарда жа­ным жабырқап, жүрегім жүдеп жы­миып күлген жылы жүзіңізді көз алдыма елес­тетемін. Көңіл осындай кеш­терде сізді іздейді. Көптің ара­сы­нан. Арқамнан қаққан аялы ала­қаныңыздың табын сеземін. Кейде аң­саймын. «Көкем-ау», деп оңа­ша­да көз жасқа ерік берген кез де бол­ды. Сағыныштан. Арқа сүйер адам іздегеннен. Сіз жазған «банктің ит­тері» емес, көреалмаушылық пен іш­тарлықтан айтақталған иттердің шәңкілі бүгінде жүйкені жұқартады. Сізбен әңгімелесу жұқарған жүйкені тыныштандырып қана қоймай, көп ке­леңсіздікті ұмыттырып жібе­ре­тін еді. Кез келген аудиторияны қа­рапайым ғана тілмен баурап­ алатынсыз, жинал­ған қауым ұйып­ тыңдап, терең ойға шо­ма­тын, ізгі әрекеттерге, жақсы іс­тер­ге ұмтылатын. Осындай қасиет­тері­ңізді, терең білім мен ше­шен­­дігі­ңіз­ді билік те, біз де пайда­ландық. Өзі­міз бел ортасында жүр­ген, бірге атсалысқан немесе бастамашы болған бір-екеуін ғана айтып өтейін.

Жазушы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын Жамбыл облысынан бөлек Түркістан өңірінде де атап өту – сіздің бастамаңыз еді. Бізге тапсырған болатынсыз. Шерағаның: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім... Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде ылғи Ақсу Жабағылыны көремін» деп жазғанын еске салдыңыз. Облысы бөлек болғанымен, жазушының туған жері Жуалы ауданының Түл­кібаспен қойындасып жатқанын айтып, жақын тарттыңыз. Шерағаны. Осы іс-шараны өткізудің мән-жайын ақылдасуға ауылыңызға, Пістеліге барғанымызда ауырыңқырап отыр­саңыз да жымия қарсы алды­ңыз. Сце­нарийін жазып, «Көр­кем­сөз­дің көшбасшысы, көсемсөздің қол­бас­шысы» деген атауына дейін өзіңіз қойдыңыз. Өкінішке қарай, Шерағаңның 90 жылдығына арналған іс-шараның басы-қасында Мархабат ағаның өзі жүрсе, келелі жиында отырып естеліктерін айтса деген ойымыз арман күйінде қалды. Шерағаңды ұлықтайтын халықаралық іс-шара­ны желтоқсанның ортасына жоспар­лағанбыз, Сіз ол күнге үш апта қал­ғанда келместің кемесіне мініп кеттіңіз. Сіздің ұсынысыңызбен. Шер­хан Мұртазаның мұра­сына ар­налған «Шыңдағы Шерағаң» атты естеліктер жинағы да жарық көр­ді. Қазақ­стан Журналистер және Жа­зушылар одақтарының Түркістан облыстық фи­лиалдарының атсалысуымен ба­сылып шыққан бұл жинаққа екі естелігіңіз енді. «Шыңдағы Шер­ағаң» және «Шерағаң қайда жүр екен?..» атты естеліктеріңізді оқып,­ мұңайғанбыз. Жанарымыз жасаура­ған, жүрек сыздаған. Сол естеліктерді жазған сіздің жүрегіңізге түскен салмақтың ауырлығы өлшеусіз, өзіңіз ғана сездіңіз.

Жүрекке түскен алғашқы сызат, тамырларын жұқартқан «Әдебиет пәнінің періштесі» еді. Ұлыңыз Бау­бек Түлкібас ауданындағы Науаи атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бөлмесін көр­кемдеймін деп жүріп қайтыс бол­ды. Бұл қайғылы оқиғаны сіз «Әде­биет пәнінің періштесі» хикаятын­да, әрбір сөзін жүректен өткізе, көз­ жасыңызды құрғата қағазға түсір­ді­ңіз. Оны кейін тереңдей, еселей түс­кен жайттар да аз емес шығар. Шер­ағаң туралы жазған естелігіңізде, Әбіш Кекілбайұлының қазасын ес­тігенде есеңгіреп қалғаныңызды айтыпсыз. «Көркемдіктің көкесі, көкем. Кемеңгерліктің кемелі, кө­кем. Әлемнің Әбіші ғой, көкем. Бү­кіл байтағыңызды, оның ішінде Оң­түстігіңізді жаныңыздан артық кө­руші едіңіз-ау, көкем. Оңтүстігіңіз ойсыраған күй кешті, көкем. Шырай­лы Шымкентіңіз шер кешті, көкем... Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі күреңітті, көкем» дегенсіз. Егіліп, ебіл-дебіл жы­лағансыз. Шерағаңның қаза­сы да сізге ауыр тиді. «Шерағаң Шол­пан жұлдызға жол тартты. Тең­біл Торғайы шырылдай ұшып, шы­ғандай бастап барады. Ұлы Пайғамбарымыздың Ухуд тауындай көретін Тәңіртауыңыздың... баурайында тәніңіз тыншу табар. Ал асыл жаныңыз Таңшолпанның нұрына ұласар, көке!» дедіңіз. Оқып, терең күрсінгенбіз. Көкемен мәңгілікке қош­тасу мен жоқтаудың өлшеусіз ауыр­лығы мен айтып жеткізе алмастай қиындығын сіздің қазаңыз ұқты­рып кетті. Шерағаң екеуіңіздің ара­ңызда тек шығармашылық емес, ағалық-інілік үлкен құрмет, сый­ластық байланыс болды. Сіздің идея­ңызбен үш жыл сайын өткізуді дәс­түрге айналдыру мақсат етілген «Таупістелі тағылымының» осыдан төрт жыл бұрынғы халықаралық басқосуы «Шерхан мен Насыр бауында» тақырыбына арналған болатын. Пістелі ауылындағы бау­ға ширек ғасырдан астам уақыт бұрын­ заңғар қаламгерлер Насыр Фазыл мен Шерхан Мұртаза тал отыр­ғызыпты. Пістелі жұрты Астана, Тараз, Алматыдан, көрші Өзбек­стан­нан келген қонақтарды зор құр­метпен қарсы алды. Олар сіздің ша­ңырағыңызда балдай тәтті қы­мыз­­дан ішіп, Шерхан мен Насыр бауы­ның тарихына қанды. Аға бу­ын өмірден көрген-білгендерін, түй­ген ойларын жастарға айтты. Шер­ағаның 90 жылдығын да осы бауға өңірдегі шығармашыл жастарды жи­нап, бастап бердіңіз. Пістелінің та­мылжыған түн тыныштығын бұзып, шабыты шалқыған жастар өлеңдерін түн ортасы ауғанша оқыды. Қос тұлғаның еккен талдары құт болып дарып, бүгінде жайқалып өскен бауға айналған. Даңқты қаламгер Шерхан Мұртаза да сізді бауырындай жақын тартқанын жазбаларынан білеміз. «Киікотын көксеу» атты толғауында сіз туралы былай деді: «Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көп шалап ішкендер. Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі – көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі көзден басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер». Шерхан Мұртазаның осылай бағалауы көп жайтты аңғартады.

Өзіңіз «журналиссимус» деп атаған Байдулла Қонысбектің қазасы сізді тағы есеңгіретті. Қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетіне отыз жылға жуық еңбегі сіңген, облыстық телеарнаны жаңадан ашып, көркейт­кен, жас журналистерді тәлімдеу­дегі төккен тері өлшеусіз аға-до­сы­ңыздың қаралы жиынын жүргізу маған тапсырылып, алғашқы сөзді сізге бергенмін. Аппақ қағаздай қуар­ған жүзіңізді көрдім. Даусыңыз діріл­деп, қатты қиналдыңыз. «Енді, міне, көркем көкетайым менің, соғыс басталған 22 маусымда ба­қилық болдыңыз. Алғаш естігенде, сен­бедім. Сенгім келмей, сенделдім. Ай, айналайын, аға-досым-ай! Бақұл бол. Ерте ме, кеш пе, маһшарда ұшы­ра­сармыз. Жаратқан ұлтымыз бен ұр­пақтарымыз аман, еліміз есен, же­ріміз бүтін болсын!», дедіңіз жұрт­­ты да, өзіңізді де жұбатып. Байе­­кең алпысқа толғанда «Сол қол» деген тақырыппен баяндама жасағансыз. Пайғамбар жасын атап өткенде «Оң қол», одан кейініректе «Байдулла би» деп жаздыңыз. Ол соғыс басталған жылы, ал, сіз соғыс аяқталған жылы туғансыз. Жарасымды әзілдеріңіз жұрттың жадында. Бір кеште «Байеке! Тағы бір үлкен жаңалық ашылды. Қарап отырсақ, сіз 1 қыркүйек, алғашқы қоңырау күні дүниеге келіпсіз, ал, мен 25 мамыр – соңғы қоңырау сың­ғырлар күні туыппын» дегенсіз әзілдесетіндеріңізден хабардар әлеу­мет­ті күлдіре. Жүрегіңізге салмақ түсі­ріп, сызат салған тағы бір жәйт – еңбегіңіздің бағаланбағаны еді. Сіз атақ-мансапқа мүлде қызық­пай­тынсыз, бірақ Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еңбегіңіздің лайықты бағасын алмағанына қатысты кө­ңіл-күйді жүректен өткізе сыртқа шы­ғармадыңыз. Әсіресе, екінші мәр­те ұсынылып, ақтық сөреге дейін бір топ ақын мен прозашылардан бір өзіңіз келдіңіз. Еңбегіңіз ақтық сәтте тізімнен сызылғанында қазақ про­засына қиянат жасалғанын айтушылар көп болды. Қайран жүрек әділетсіздікке шыдады, жеңді, шабыт берді. Бірақ сол күндері түскен сызаттың тереңдігі кейінірек білінді. Көке, қалың оқырманыңыз тізімнен сызған жоқ, еңбегіңізді әрдайым жоғары бағалады. Нәтижесінде, Ха­лықаралық «Алаш», «Түркі әле­міне қызмет» сыйлықтарының, «Құр­мет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының, Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы атандыңыз.

вап

 

Түркі әлеміне төккен тер

Көке, сіздің «Түркілер төрі – Түркістан» атты жаңа жинағыңыз 75 жас мерейтойыңыздың қарсаңында жарық көрді. Рухани, жанашыр ініңіз, һәм жерлесіңіз Дархан Қыдырәлі тізгінін ұстаған Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған кітапта Түркістан ғана емес, оның айнала-төңірегіндегі өзге де қа­лалар мен қамал-қорғандардың, кент­тердің ежелгі және бергі заман­дардағы тағдыр-талайы, өңірдің табиғаты, тау­лары мен даласы, даңқты тұлғалар, билеушілер, өзге де қайраткерлер, қаламгерлер ту­ралы баяндадыңыз. Жинақта бар­лық жағдаяттар көркем-тарихи тұрғыда, Елдостың эсселері ретінде тартымды да әсерлі әңгімеленді. Осы жинақ Қыздаркүл жең­шем­нің қамқорлығымен бастан-аяқ Пістеліде жазылды. Екі биені байлап, қымызбен қуаттауымен. Сол кітаптың «сигнальный» дерлік данасын әкеп берген сәт есімде. Ол да бүгін сағыныш. Бүгінде облыс ор­талығы – Түркістан қаласының әкімі ретінде іскерлігімен танылып жүрген Нұрбол Тұрашбеков Түл­кібас ауданының тізгінін ұс­тап тұрған тұста сіздің 75 жасқа то­луыңызға орай безендірілуі бөлекше сәкі жасатып, сыйға тартқан болатын. Беткей мен баудың арасын қосатын баспалдақтарына дейін орнатып берген-ді. Сәкіге апарар бас­палдақтар саны алдын ала жос­парланбаса да, қорытынды есеппен 75 болып шыққан. Иә, сіз 75 жасқа толғанда, дәл туған күніңіз – 25 мамырда «Түркілер төрі Түркістан» жи­­нағыңыздың баспахананың боя­уы кеппеген алғашқы данасын нақ осы сәкіде табыстаған едім. Марқайып қалдыңыз. Сәкіде отырып, ұзақ сырластық. Сұраныстың көптігінен сәл кейінірек баспадан қайта басылып шыққан «Түркілер төрі Түркістанның» тұсаукесерін 75 жасқа толу мерейтойыңызбен бай­ланыстырып, Халықаралық қа­зақ-түрік университетінде бес бірдей шет мемлекеттің зиялы қауы­мы, Парламент депутаттары, облыс басшылығы қатысуымен дүр­кі­ретіп өткізу, сол халықаралық жи­ын­ды жүргізу, ұйымдастыру бақы­ты біздей пақырыңызға бұйыр­ғанын мақтанышпен айтып жүр­міз. Сол іс-шарада Қазақстан, Түр­кия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан елдерінің жазушыла­ры, әдебиеттанушылары сөз сөйлеп, Түркістанның тарихына, оның мән-маңызына қатысты құнды пікір­лерін ортаға салды. Бүгінде 19 эссе­ден тұратын «Түркілер төрі – Түр­кістан» қытай тіліне аударыл­ған, алдағы уақытта ағылшынша шықпақ. Сол кезде ақпарат құрал­дары әдебиет әлемінде өзіндік өрнегі бар, туындылары көптеген шет тіл­деріне аударылған сіздің та­мыр­лас, тағдырлас елдер әдебиеті­нің дамуына қосқан сүбелі үлесі жо­ғары бағаланып, «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлығымен марапат­талғаныңызды сондай-ақ, шы­ғар­­маларыңыз Біріккен Ұлттар Ұйы­мының 6 тіліне аударылып, 60 мың данамен таралған қазақ про­засының антологиясына енгенін еске сала жарыса жариялап жатты. Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай «Түркілер төрі – Түркістан» түркі тілдеріне аударылуы тиістігін айтты.

Сіздің ел қолдаған, жас талант­тарды ынталандырған, үлгі-өне­ге­лік бас­тамаларыңыз көп еді. Түл­кі­бастағы ғажап қызғалдақтар өсетін Шұбайқызыл төбенің қазақы атауын қайтарып, «Шырайлым – Шұбайқызылым» деген алғашында аудандық, кейін облыстық, респуб­ликалық деңгейде үлкен байқаулар өткізуде бастамашы болдыңыз. «Мархабат -Мирас» қоғамдық қоры арқылы талай жас таланттың жолын аштыңыз. Жетпіске толғаныңызда Жеңістің 70 жылдығына орайластыра Шымкенттен – Шұбайқызылға жаяу шеру ұйымдастырдыңыз.

Мархабаттану орталығы ашылар...

Көке! Есіме өзім бір жылдары жазған өлең жолдары түсіп отыр.

«Өмір теңіз, ал уақыт қайығың,

Жаралғанбыз біздер ескек есуге,

Аз-көп ғұмыр кешу емес айыбың

Сол ғұмырды қалай,

қайтып кешуде»

деп жазыппын. Қалай, қайтып ғұмыр кешуді көрсете білген – өмі­рі­ өнегелі, қазақ әдебиетінің ғана емес, түркі әлемінің руханияты үшін бренд саналатын, қайталанбас қолтаңбасы бар қаламгер Мархабат Байғұт еді. Бүгінде сіздің жаныңызда болған әр сәтімізді мақтанышпен, сағынышпен еске аламын. Сіздің шығармашылығыңызға арналған «Мархабат музасы» атты жинақты шығаруға атсалысқанымызды, ав­тор­лық жобаңыз – «Таупістелі тағы­лымы» іс-шараларында бірге жүрген күндерді сағынышпен еске аламын. Иә, енді бәрі де өткен шақ. Бәрі сағыныш. Сол сәттерде, қасы­ңызда болған күндері өмір жо­лыңыз, кешегі күндер, әдебиет ту­ралы айтқан әңгімелеріңіз де жадым­да жаттаулы. Екінші сыныпта ерке­летіп жүрген әкеңіздің қайтыс бол­ғанын айтып, мұңайдыңыз. Бе­сін­ші класта 3-кластың әдемі бір қы­зына ғашық болғаныңызды айтып, жымидыңыз. Сол жылы, сол қызды қорғап жазған мақалаңыз «Қазақстан пионері» газетіне шығып, бүкіл ауыл білгенін, мектеп басшылары журналист баланы орталарына ал­ғанын айтып, күлдіңіз. Сонда сізді әдебиеттен беретін мұғалім қолдап, қа­наттандырған екен. Бесінші сыныпта қаламның құдіретін сезініп, мектепте «корреспондент бала» атан­дыңыз. Аудандық газетте алты жыл істедіңіз. Шымкентке Түлкібастан барып-келіп, қысы-жазы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 10 жыл 10 ай ең­бек еттіңіз. Үйсіз төрт жарым жыл жүрдіңіз. Бес күн Шымкентте бо­ласыз да, екі күнге автобуспен ауыл­ға қайтасыз. Одан екі тілде де газеттерге талдау жа­сай алатын сізді қызметке обкомға шақырды. Жұрт жете алмай жүр­ген жерден қашып шыққандай әрең құтылғаныңызды айтып, жыми­ды­ңыз. Жазушылар одағының облыс­тағы филиалын басқардыңыз. Ақ­парат, қоғамдық келісім, кейін қай­та ашылған Тіл басқармаларына басшы болдыңыз, сізді әрдайым Оң­түстіктегі жас қаламгерлер ұстаз санады. Мысалы, айтулы ақын Әбілда Аймақ «Дидар» газетінде 1997 жылы жарияланған «Алдымда жүрсе – қамқоршым» атты мақаласында: «Кірпіш қалап, лай тасып, там сылап жүрген жерімнен «балағыңның биті бар екен», деп Жазушылар одағына қызметке шақырып, үлкен үміт артып еді маған. Махаңның жан дүниесін ұғына, алдында «қорқатын болдым». Үмітін ақтай аламын ба деп, қарап жүріп сасатын болдым. Осы күні Махаңмен қызметтес болғанымды, қиын жолда сол кісіге кездесіп, тәлім алғанымды мақтаныш етемін», деп жазыпты. Сол жылдардағы ахуалдан жақсы хабардар, сізді етене танитындар әкімдердің елдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды жан-жақты жақсы білетін, мемлекеттің ұстанып отырған саяси бағыт-бағдарын терең пайымдайтын, ойды, идеяны дөп беретін, дәл жеткізетін сізді өздері тауып алатынын айтады.

Көке! Ел газеті «Егемен Қазақ­стан­дағы» үш облыс бойынша ар­нау­лы тілші болып істеген жылдарыңыз біз үшін үлкен мектеп еді. Сол мектептен сабақ алуға қызығушылығымның соңы ел басылымы «Егеменде» жұ­мыс істеуге мені де жетелеп әкел­ді. Сіздің жазғандарыңыздан үй­рен­дік, үлгі алдық, ұқсап бақтық. Бү­гінгі жазуымыз да «болмасаң да ұқ­сап бағудың» бір көрінісі. Бір кездесуімізде журналист болып, әде­би шығарма жазуға аз уақыт бөл­геніңізді айттыңыз. Негізінен сен­бі, жексенбіде жаздыңыз, басқа уақытта күнделікті жұмыстан қол ти­меген. Сосын еңбек демалысын пай­даландыңыз. Таңғы алты жарымда тұрып, серуенге шығасыз жүгіретінсіз. Кешке де соны қай­талап, үйде сәл-пәл спортпен айна­лы­сатыныңызды білдік. Соңғы жылдары жазуды азайтқаныңызды айтып, күрсіндіңіз. Забайкалье әскери округінде азаматтық борышыңызды өтеп жүріп жазған ең алғашқы әңгімеңіз «Күн астындағы Күнікей қыз» туралы айттыңыз. Марал бағатын, қазақ қызына ұқсайтын сұлудың бейнесі көз алдыңызға келген болар, күлімсіредіңіз. Тұңғыш әңгімелер жинағыңыз «Шілде» төрт жыл баспада жатып, 1978 жылы шықты. Араға екі жыл салып­ «Сырбұлақ» кітабыңыз жарық көр­ді. Қалың оқырман қауым «Ин­тернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі» десе, елең ете қалады. «Әпкемнің ауылы» атты әңгімелер жинағыңыздың Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екенін айтушылар да аз болған жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңді суреттейтін 19 әңгімеңіз енген «Оқу залы» кітабыңыз да жоғары ба­ғаланды. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Көксу комедиясы», «Асқаровтың аққайыңдары» драмаларыңыз театр сахнасында қойылды. Жалпы сыншылардан да, оқырмандардан да өз бағасын алған он шақты повесіңіз 100-ден астам әңгімеңіз бар екен. Мектепте жүріп өлең де жазғансыз. Өлең демекші, Таупістелінің төрінде, қыр басында отырып өзіңіз шығарған «Ақтолғай» әнін үнтаспадан тыңдадық. Тағы бір қырыңызды таныдық. «Егемен Қазақстанға» шыққан «Қош бол, кітап!» деген әңгімеңізге пікір айту­шылар көп болды. Қоңырау шал­ғандардың да қарасы қалың. Сол әңгімеде сіз жазу стиліңізді өзгерт­тіңіз. Алдымен ұзақ қылып жазып алып, сосын бәрін сығып-сығып жар­тылай қысқартыпсыз. Жұрт соны жақсы қабылдағанын, оқырманға икемделген соң оның сәл-сәл әсері бо­латынын байқағаныңызды айт­тыңыз. Бірақ тек солай жазып кетуге тағы болмайтынын, онда қазақ­тың көркем сөзінің құнары жү­дейтінін ескерттіңіз. Повестің өзін қысқа жазасыз. Орта жолды ұс­тана отырып, оқырман талабын да ескеріп, жаңа ізденістерге де баруға кеңес бердіңіз. Бізге. Стиль демекші, сізде Бейімбеттің сти­лі барын айтушы сыншылар аз емес. Иә, сіз Бейімбет Майлинді әр шығармаңызды жазардың алдында қайталап оқитынсыз. Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қарауылбек Қазиев, Сайын Мұратбековтің туындыларын жиі оқитын едіңіз. «Ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнің «Ай мен ақша» деген туындысын жақсы көремін. Өзім «Бетінде әжімі көп дүние жүзінде екі-ақ жазушы бар. Бірі – Сомерсет Моэм, екіншісі – мен», деп әзілдейсің. Марк Твенді, Эрнест Хемингуэйді жақсы көремін. Орыстардан Чехов пен Шукшинді, Распутинді көп оқыдым. Қай-қайсысы да мықты жазушылар», де­ген едіңіз бір кездесуде. Сізбен өт­кен әр кездесу, әр минут мен үшін үлкен сабақ, құнды да қымбат сәт­тер еді, көке! Өзіңіз жаныңыздай жақ­сы көретін Пістелі, жағасын ара­лап көп жүретін Көкбұлақ өзені, жиі шығатын Құлбайшоқы бүгінде же­тімсіреп тұрғандай...

Қазақ әдебиеті бар кезде сіздің шығармаларыңыз, әдебиеттегі еш­кім­ге ұқсамайтын, өзіндік өрне­гі бар соқпағыңыз өлмейді, өшпей­ді. Биігіңіз аласармайды. Шығар­маларыңыз әлі зерттелер, ол үшін шы­райлы Шымкентіңізде немесе Түр­кілер төрі Түркістаныңызда Мар­хабаттану орталығын ашу да қажет болар.

«Әдебиет пәнінің періштесінде» Баубек: «Маһшарда біз табысармыз, жан әке. Сағынышқа оранып. Сіз са­ғыныштың түсі сары бола­ды деуші едіңіз өзгелер секіл­ді. Ал мен баяғыша, сағыныш дегені­ңіз­дің түсін теңіздің толқын суындай көгілдірлеу-күреңдеу күйде се­зінетінмін. Ол жақта мына жалған дүниеден басқашалау болар. Шы­нын­да да, шын дүниеде қандай екен сағыныш?...

Ақ дидармен аңсарлы... Арса­лаңдап, алдыңыздан шығармын-ау, жан әке... Күлім-сі-і-і-і-р-р-рееп..» дейді. Ұлыңызбен табысқан да боларсыз, көке!..

 

Рухыңызбен сырласқан рухани ініңіз –

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ