Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2023

Сын сағаттағы сергелдең

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірдегі диқандар дағ­дарыс үстінде. Ала жаздай аптап ыстықтан, ел ырыз­дығын шашаусыз жинап алар қоңыр күзде толассыз жауған жа­уын­нан бейнет шеккен ауыл шаруашылығы құры­лымдары осы бір сын сағатта серпіле алмай отыр.

Сын сағаттағы сергелдең

Айлап жауған жауын қол­байлау болды. Астық сапасына да әсер етті. Қазір өңірдегі ди­қандар өзгені былай қойғанда, келер жылдың тұқымын қалай дайындаймыз деп уайымдап отыр. Ылғалы көп астықты кепті­ру­дің өзі күрделі мәселеге айнал­ған. Соңғы тәуліктерде газ тап­шылығы сезіліп отыр.

Піскен егінді уақытында жинап алуға мүмкіндік бар еді. Егін орағына 16 мыңнан астам тех­ника пайдаланылып жатыр. Ауыл ша­руашылығы құрылымдарына 90,5 мың тоннаға жуық кепіл­ден­дірілген дизель отыны бөлінді. Астықтың сақталуын қамтама­сыз ету үшін 72 астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істеу үстінде. Күні бүгінге дейін 1,6 миллион гектар алқаптың астығы бас­тырылды. Гектар берекесі 5,6 центнерден айналып жатыр. Егін ора­ғын ұйымдастыру барысында туын­даған күрделі мәселелерді жедел шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық мүдделі органдар мен ұйымдарды жұмылдыра отырып, табиғат тақсыретін тартқан өңірлердегі құр­ғақшылық пен тынымсыз жа­уынның салдарын анықтайтын жұмыс комиссиялары құрыл­ды. Аудандардың карантиндік қызметтерінің мемлекеттік инс­пекторлары астық сапасын тал­дау жұмыстарын жүргізу үстінде. ­Сон­дай-ақ келер жылғы көк­тем­гі егіске қажетті тұқым қорын қа­­лып­тастыруға да тапсырма бе­рілген.

вап

– Ауа райының салдарынан зор еңбекпен жиналған аз ғана астықтың күйіп кету қаупі бар, – дейді агроном Бауыржан Молдағалиев. – Бағасы арзан бол­ғандықтан, астық қабылдау орындары газбен жұмыс істеу­ге көшкен. Дизель отынының бағасы қымбат екендігі белгілі.

Өңірдегі автокөліктерге ар­налған кейбір газ бекеттерін­де бірнеше тәулік газ болған жоқ. Энергетика министрлігі облысқа қыркүйек айына жеті мың тонна газ бөлген, бірақ шаруалар­дан артылмай отыр. Астық кептірушілердің өзі де газға зәру. Облыстық энергетика басқармасы қыркүйектің орта шенінде 2 300 тонна газға өтінім берген. Бірақ әлі қайран болмай тұр. Өңірдегі астық қа­был­дау кәсіпорындары күн сайын газ сұрап, өтінім жолдап отыр. Егер бұл мәселе уақытында шешіл­ме­се, астықтың күйіп кету қаупі бар.

Қиян шеттегі Жарқайың ауда­нының диқандары жыл са­йын тәп-тәуір өнім жинайтын. Ауданда үлкенді-кішілі 500-ден астам шаруашылық бар. Олардың барлығы дерлік құрғақшылықтан, күзгі ылғалдың көптігінен зар­дап шегіп отыр. Ең бастысы, саба­ғында тұрған дән көктеп кет­кен. Күн ашықта атжалға жы­ғылған алқаптардағы ахуал да алаң­да­тарлық. Бірнеше рет атжалды аударғаннан кейін ылғалды болуы себепті толысқан, ісінген дән қауызына сыймай, масақтан шашылып жатыр. Гектар берекесі туралы айтудың өзі қиын. Ахуалды көңіл таразысына салған кәнігі диқандар бес центнерден өнім жинасақ та тәубе деседі. Ал шы­ғын шашетектен.

– Біздің ауданда 663 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңірілген болатын, – дейді Жар­қайың аудандық ауыл шаруа­шылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Мұрат Берлібеков. – Қазір алқапқа келген зиянды толық саралаудың өзі мүмкін болмай отыр. Ол үшін 21 547 шақырымды айналып өту керек. Күн әлі жауып тұр. Жұмыс тобының мүшелері көліктері батып, далада түнеп те қалды.

Жұмыс тобы ахуалды зерделеу үшін «Отрадное-Агро», «Донское Агро», «Жарқайың» тәрізді бірнеше серіктестіктер­де болған. Қостычев ауылдық округіне тиесілі егістік алқап­тар­дағы дақылдың жай-күйі, ылғал­дылығы, масағынан төгіліп түсуі және көктеп өсуі тексерілген. Мәселенің бар екендігі шындық. Алдағы уақытта бір тоқтамға келіп, шара қолданылмақ. Адам айтқысыз шығынға ұшы­раған ауыл шаруашылығы құры­лым­дары да осыны тосып отыр. Жұмыс тобының мүшелері ауыл­дық округ әкімдерімен тізе қо­сып, өздеріне бекітілген әкімші­лік аумақтарды үнемі аралап, орын алып отырған жағдайды қа­дағалау үстінде.

Ендігі бір күрделі мәселе – тұқым дайындау. Элиталық тұ­қым шаруашылығы санатын­дағ­ы «Жер-1» серіктестігі жоғары­да айтылған қолайсыздықтарға ­байланысты қатты зиян шегіп отыр. Серіктестік агрономы Светлана Орехованың пікірінше, егістіктің 75 пайызына жуық көкөскін өсіп кеткен.

Күзгі тынымсыз қарекеттің бір парасы – мал азығын қамдау. Құрғақшылық жылы әлдеқалай болады екен деген де уайым бар. Абырой болғанда аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары тапсырманы орындаған. Өз шабындықтарындағы шөптің шығымы нашар болғандықтан, Қостанай облысының Амангелді, Жанкелді аудандарынан мал азығын дайындаған.

Орақ науқаны өте қиын жағ­дайда өтуде. Әйтсе де ди­қандар жерде өскен дәнді жер­де қалдырмау жолында жан­қиярлықпен еңбек етіп жатыр.

 

Ақмола облысы