Жануарлар • 27 Қыркүйек, 2023

Жезкиік, біздің жаққа бекер келдің...

320 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғылымда «мамонттардың заман­дасы» саналатын, ал қазақтар ежел­­ден кие тұтатын ақбөкендер – қазір әлем бойынша жойылып бара жатқан жануардың қатарында. Әйткенмен біздің елде киік саны 2 миллионға жетіп қалды.

Жезкиік, біздің жаққа бекер келдің...

Инфографиканы жасаған – Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елімізде 1999 жылы киік санының күрт төмендеуіне байланысты 2024 жылға дейін оларды ғылыми лабораториялық жұмыстан басқа мақсатта пайдалануға мораторий жарияланғаны есімізде. Бұдан кейін ішінара браконьерлік заңсыздықтар болмаса, өрісте өз бетінше өмір сүрген түз тағысы жыл санап көбейгені белгілі. Кең даламыздың киесі болған киік жануарына қатысты кілтипан кейінгі 4-5 жылдың көлемінде көрініс бере бастады. Мәселе – киік санының көбейіп кетуі болып отыр.

Қайыра бір еске сала кетейік, биыл көктемде жүргізген әуе санағының нәти­жесіне сәйкес, қазір еліміздегі киік саны 1,9 миллионға жетті. Кеңес зама­нында ең жоғарғы көрсеткіш 1,2 миллион болыпты. Адам түгілі аң да азат­тық алғаннан кейін жері кеңіп, өсіп-өнгені осы еді. Әйткенмен әлемде елі­міз жер көлемінен 9-орында тұрған алып дала, апайтөс жазықтың иесі болса да, 2 миллион киікке жеріміз жетпей жатқан көрінеді. Киіктердің санағын жүргізіп отырған мекеменің болжауына қарағанда, бұл көрсеткіш жыл соңын­да (киіктің төлімен қоса есептегенде) 2,6 миллион бас болмақ. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметін­де болған дөңгелек үстелде киік популяциясын реттеу мәселесі жан-жақты талқыланды. Оған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен ғалымдар қатысты.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, қалай да киік санын реттеу қажет.

«Киік санының өсуінен жайылымдар мен суаттар, ауыл шаруашылығына тиесілі жер аясы тарылды. Аңғардағы ақбөкендер егінді таптап жатыр. Ке­йінгі үш жылда Батыс Қазақстан облы­сында әлеуметтік шиеленіс орын алды. Жергілікті тұрғындар өңірдің агро­өнер­кәсіптік кешенін тұрақты дамыту үшін киік санын реттеу қажет», дейді ол.

Ал Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов киік­тер қанша жем жеп, су ішетінін есептеп берді.

«Бір ересек киік күніне 7 кг-ға дейін жем жеп, шамамен 5 литр су ішеді. Мы­салы, Орал популяциясында 1,13 млн бас киік бар. Олардың көктемгі кө­беюін ескерсек, күн сайын 8 мың тоннаға де­йін жем және 6 мың тоннаға жуық су тұтынады. Әрине, бұл жағдай жайы­лым­дар мен суаттарға айтарлықтай әсер етеді», дейді К.Плахов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі шабындық және жайылымдық алқап­тарға келтірілген залалды есептеп отыр. Олардың дерегіне сенсек, қазіргі кел­­ті­рілген залал – 122 мың гектарға жуық егістік (Қостанай, Қарағанды, Ақ­мола, Ақтөбе, БҚО) зардап шеккен. Ветеринариялық бақылау және қадаға­лау комитетінің есебінше шығын көлемі 12 млрд теңгеден асқан.

«Көтерілген мәселенің күрделілігіне байланысты киік популяциясын реттеу тәсілдерін әзірлеу үшін, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сүйену мақ­сатында Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі қоныс аударатын түрлер жөніндегі Конвенцияның хат­шылығымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану жөніндегі халықаралық сарапшылармен талқылау жүргізіліп жатыр», дейді А.Ким.

Ғалымдардың дерегінше, дүние жү­зіндегі киіктердің ең көп үйірі біздің елде сақталған. Олар Бетпақдала, Үстірт, Орал популяциясы болып бөлінгенімен, елдегі ақбөкеннің 90 пайызы Батыс Қазақстан облысының оңтүстік өңірін мекендейді. Сондықтан «мыңдаған киік­тің тұяғы астында қалған» Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала ауданы тұрғындары, дәлірек айтсақ, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер дабыл қағып, мал өсіруге мүмкіндік болмай бара жатқанына ша­ғымданып жүргеніне біраз болды. Осы­ған орай, баспасөз жиынында Орал популяциясын басқа жаққа көшіру мәселесіне қатысты сұрақ қойған едік. Біздің сауалымызға жиынға онлайн режімде қатысып отырған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Қайсар Күшалиев мырза жауап қатты. Оның айтуынша, киік санын реттеу үшін көшіру тәсілдерін де қолдануға болады.

«Халықаралық сарапшылар тобы киіктің Орал және Бетпақдала попу­ляцияларының мекендейтін жерлеріне барып, елді мекендерге жақын орна­лас­қан киік табындарын өз көзімен көріп қайтты. Сонымен қатар киік саны­ның өсуіне байланысты туындаған мәсе­лелер жергілікті тұрғындармен бір­ге талқыланды. Қазіргі уақытта Жәң­гір хан атындағы Батыс Қазақстан агро­техникалық университетінің ғалым­дары киік популяциясын реттеу бойын­ша биологиялық негіздеме әзірледі. Био­логиялық негіздемеге сәйкес киік популяциясын реттеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада осы мәселеге қатысты шешім шығады», дейді Қ.Күшалиев.

Қорыта айтқанда, қорғансыз киік­тердің тағдыры мен нәпақасын жерден теріп жеген шаруалардың шығыны бір таразыға тартылуы қиын болып отырғаны рас. Шаруасы шатқаяқтаған еңбек адамдарының уәжі де орынды шығар. Бірақ киікте тіл жоқ... Тек бұған жауапты мекемелердің тиянақты шешім шығара алмай отыруы қынжылтады. Бұл мәселе айтылғалы 4-5 жылдың бедері болды, ешқандай оңды шешім болмай отыр. Түрлі саладан талай білікті мамандар көкейге қонымды ұсыныстар айтты. Әсіресе, киіктерді ел игілігіне жаратып, өндірістік бағытқа бұру, аз-кем аңшылыққа да рұқсат ету немесе популяцияларды көшіру мәсе­лесі қозғалды. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде барын айтады мамандар. Естіріңізде болса, былтыр Мемлекет басшысы да бұл мәселені мамандармен ақылдасып, оңтайлы шешуді тапсырған. Алайда Президенттің бұл гуманистік шешімін біздің жауапты мекемелер неге әлі күнге дейін жүзеге асырмай отырғаны түсініксіз?

 

P.S. Аталған жиыннан кейін елімізде киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілгені туралы ақпарат тарады. Киік санын реттеу жөніндегі Үкіметтің қаулысы бір ай бұрын қабылданып қойған деседі. Оны тіпті Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов растап отыр.

«Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады делінген. Бірақ содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны әлі шешілмеген сыңайлы», деді Мәжіліс депутаты.

Екі жылдан бері созбалаңға салынып келген түйткілге түпкілікті шешім шығарылғанын Экология министрлігі әзірге жариялаған жоқ.