Әскер • 27 Қыркүйек, 2023

Жетісу жастары – әскер қатарында

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Жетісу өңірінен әскерге аттанатын 800-ге жуық жас Отан қорғаушылар қатарын толықтырады. Қазір күзгі шақыру науқаны жүріп жатыр. Алғашқы легі әскерге аттанды. Талдықорған қаласындағы облыстық жинақтау пунктінде жастарды әскерге Отан алдындағы міндетін өтеуге салтанатты түрде шығарып салды.

Жетісу жастары – әскер қатарында

Іс-шараға Қарулы Күштер, Ауған соғысы, Тәжік-ауған шекарасы қақтығы­сының ардагерлері, жас сарбаз клубының мүшелері және әскерге аттанушы жас­тар мен олардың туыстары қатысты. Әскерге шақырылған жігіттердің көңіл күйі көтеріңкі, әскери борышын өтеуге сақадай сай.

«Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір азаматтың биік арманы. Әсіресе Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі. Мұны әрбір жас жете біліп, санасына сіңіріп өсуге тиіс. Қазір әлемде саяси ахуал қиындап барады. Бізге ел үшін қалқан болатын батырлар қажет», дейді Қарулы Күштер ардагері, запастағы полковник Сейітжан Меңдекеев.

Жетісу өңірінде жылдан-жылға Отан алдындағы міндетін өтеуге асық жастар көбейіп келеді. Оның үстіне мемлекет тарапынан тегін оқуға қолдау көрсетілгенін естіген ауыл жастары бұрынғыдай әскерді кейінге қалдырмайды. Жас сарбаздар шекара әскерлері, Ұлттық ұлан және елдің Қарулы Күштері қатарын толықтырады. Бір жыл қызметін өтіп, әскери билетін қолына алады.

«Азаматтарды әскери қызметке ша­қыру «Әскери қызмет және әскери қыз­метшілердің мәртебесі туралы» заң­ның 27-бабына сәйкес жүргізіледі. Заң­ның 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақы­рылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Жыл сайын шақыру көктем мен күзде жүзеге асырылады. Әскери қызметтің мерзімді қызметін өткеруге жататын балалар контингентін арнайы комиссия айқындайды», дейді Талдықор­ған қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Мақсат Қуандықұлы.

Әскерге шақырылатын жас­тар­ға шақыру қағаздарын қорғаныс бөлім­дерінің мамандары тапсырады. Ша­қы­ру қағазын азаматқа жеке тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде әске­ри міндетті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруге міндетті.

«Бұл ретте заңнама нормалары бойынша кейінге қалдыру берілетін азаматтардың санаттары бар. Заңның 35-бабына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша: отбасылық мән-жайлар, білімін жал­ғастыру үшін, денсаулық жағдайы, басқа да себептермен беріледі. Екі әскерге шақыру науқаны кезінде, яғни жыл басынан бері 2500-ге жуық азаматқа кейінге қалдыру берілді», деп түсіндірді Талдықорған қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қызметтік істі ұйымдастыру және әскерлері қызметінің басшысы Нұрсұлу Мұсабаева.

Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған сөзінде Отан қорғаудың қасиетті парыз екенін үнемі айтып келеді. Ел сенімді тірегіне үлкен үмітін артады. Сенімді ақтау – азаматтық парыз. Жастарды отансүйгіштікке баулу, оларды достық пен ынтымаққа бағыттау, еліміздің ертеңгі бейбіт өмірінің негізі болмақ.

«Әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуі қажет. Мен өз еркіммен әскер қатарына бармақпын. Әскерден кейін келісімшарт бойынша қызмет істеуге ниетім де бар. Себебі әскерге барған адам тәртіпке үйренеді. Сондықтан әскер ең алдымен ішкі тәртіпті қалыптастырып, жауапкершілік жүгін арқалай білуге баулиды. Үйдегілер шешіміме қарсы болған жоқ, қайта қуана қолдады. Осы салада өзімнің бағымды сынап көргім келеді. Бала күнімнен арманым осы болатын. Міне, бүгін сол арманыма қол жеткізіп тұрмын», дейді әскерге шақырылған Мирас Дайырбек.

 

Жетісу облысы