Жемқорлық • 28 Қыркүйек, 2023

Білім жемқорлықтан арылсын десек...

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Білім мен тәрбиенің ошағы – мектепте жемқорлық өршіп тұр. Оқушылардың игілігіне бөлінген қаражатты қалта­сына басатындар көп. Бұл мәселеге қатысты білім сала­сындағы жемқор­лық көрсеткіші ең аз Ертіс-Баян өңірі қаржыны қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық жоба әзірледі.

Білім жемқорлықтан арылсын десек...

Өткен оқу жылында 3 жыл бойы 6 мектептің ақшасын жым­қырып келген бас есеп­ші ұсталған болатын. Бюджет­тен 2 млрд теңгені ұрлаған Тал­дықорған қалалық білім бө­лімінің бас есепшісі Мад­лен Серғазинова жұмыс істе­мейтін адамдардың шотына жалақы аударып отырған. Абай облысына қарасты  6 аудан­да 3 директор, 6 есепші, 1 эко­номист бюджетке 19,7 млн теңге шығын келтірген. Ай­та берсек, мұндай мысал әр өңір­де бар. Бюджеттен қаржы бөлінген соң, қолға түскен ақ­ша­ға өзім қожа дегендей жем­қор­лыққа бейім мектеп дирек­торлары, бас есепшілер, меңге­рушілер, бас мамандар амалын тауып, айласын асырады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, кейінгі 3 жылда 453 іс тірке­ліп, 165 адам сотталған. Ал бюд­жеттің 11 млрд теңгесі қол­ды болған. Көбіне ақ­ша ең­бекақы қоры арқылы ұр­ла­­на­ды. Бұған себеп – ашық қа­да­ғалау жүйесінің жоқ­тығы.

– Білім саласына бөлін­ген бюджеттік қаражат не­гі­зінен еңбекақы қоры арқы­лы ұрланады. Алдымен, бюджеттік өтінім беріледі. Білім бөлімі арқылы тамыр-танысы бар мектептерге бө­лінеді. Артынша әртүрлі тә­сілдер арқылы, мәселен, мүл­дем жұмыс істемейтін адамға еңбекақы төлеу арқылы ақша ұрлана бастайды, – дейді Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.

Осыған байланысты Пав­ло­дар облысында жүйені цифр­лан­дыратын қанатқақты жо­ба әзірленіп, іске қосылды. Жобаны облыс әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бағ­дар­ламаға жалақының 50 пайы­зынан асқан аванс тө­лем­дерін бақылау және бұ­ғат­­тау тетігі, педагогтер мен бас­­қа да қыз­меткерлердің жұ­­мыс сағаттарын қадағалау, сабақ­қа қатысуды бақылау, қызметкерлердің уақытын есепке алу табелін автоматты түрде қалыптастыру, қазы­на­шы­лық есептілік нысандарын тікелей ақпараттық жүйеге жүктеу қызметтері енгізілетін болады. Бұған дейін «бұлтты есепші» жобасы білім беру мекемелерінде сынақтан өт­кен болатын. Ал желтоқсан айына дейін аймақ көлемінде іске қосу жоспарланған. Қа­нат­қақты жоба нәтижелі болса, еліміздің барлық өңі­рінде қолданылады.

– Біз министрліктермен, өңірдегі атқару органдарымен бірлесіп осы мәселе бойынша зерттеу жұмысын жүргізгенде, білім салаласындағы ұрлық, ең алдымен, цифрландыру, автоматтандыру жұмыстары жүргізілмегендіктен болады деген қорытындыға келдік. Өйткені құжаттар тек қағаз күйінде жасалады. Мектеп есепшілері директорлармен келісіп немесе керісінше білім беру саласындағы бөлім басшылары есепшілермен келісіп қаржыны қолды қылады. Ал осы жүйені енгізген 2020 жыл­дан бастап жемқорлық фак­тілерін тұрақты түрде анық­тай бастадық. Бұл қыл­мыс­тық істерге жол бермеуі­мізге айтарлықтай пайдасын тигізіп жатыр. Бірақ мұ­ны аймақтық жоба ретінде бас­таған едік. Енді әрі қарай тиісті органдармен бірлесе отырып, жобаны республика деңгейінде пайдалануға күш саламыз. Біртіндеп тұтастай білім саласына енгізілсе, әрі қарай денсаулық сақтау саласында да пайдаланып көруге болады, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі алдын алу қыз­метінің басшысы Саян Ахметжанов.

Елімізде мемлекет қа­зына­сының үштен бірі бі­лім­ге бөлінеді екен. Ал жаңа саладағы былыққа жол бермеуге, бюджет қаражатының бүтін сақталуына ашықтықтың айтарлықтай оң әсері бар.