Теңге • 28 Қыркүйек, 2023

Бағам бәріне тәуелді...

203 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ішкі нарықта доллар құнының өсуі қыркүйектің алғашқы күндерінен басталды. Айдың алғашқы онкүндігінде доллардың құны 466 теңгеден асты, ал мұнай барреліне 90 доллар шамасында болды. Қыркүйектің бірінші жартысында еуроның ресми бағамы негізінен тамыз айының соңындағы деңгейден төмен болып шықты, бірақ ай ортасында ол 500 теңгеден қайта асты. Нәтижесінде, теңгенің еуроға шаққандағы девальвациялану деңгейі 1,8 пайызға дейін өсті.

Бағам бәріне тәуелді...

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл ретте рубль-теңге жұбының ресми бағамы қыркүйектің бірінші жартысында әртүрлі бағытта 4,71-ден 4,87-ге дейін құбылды.

Қазақстанның ақша айырбастау орын­дарында 1 доллар үшін бағам 473-475 теңге аралығында саудаланып жа­тыр. Қазақстан Республикасы айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев апта басында журналистермен кездескен кезде отандастар бұл құбылысты аса сал­қынқандылықпен қабылдағанын айтыпты. Бұрынғыдай дүрбелең мен толқу жоқ.

А. Ғалымбаев қауымдастықтың бар­лық айырбастау пункттері шетел валю­тасымен де, ұлттық валютамен де толық қамтамасыз етілгенін, сон­дық­тан қандай да бір тапшылық туралы алаңдаудың немесе айтудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

Сарапшының пікірінше, АҚШ дол­ла­рының қымбаттауын мұнай бағасы­ның төмендеуі және Ресей рублінің шетел валюталарына шаққандағы құлдырауы сияқты сыртқы факторларға кешіккен реакция деп қабылдауға болады.

Бұл жолы Ұлттық банк те өзінің қа­лыптасып қалған ұстанымынан танбай отыр. Бас банк теңге бағамын мақсатты белгілемейді немесе болжамайды. Теңге бағамы нарықтық факторлар негізінде қалыптасады. «Теңге бағамының ауытқу амплитудасы нарық қатысушыларының күтулеріне, әлемдік нарықтардағы дина­ми­­каға және ішкі факторларға байланыс­ты», дейді Ұлттық банктің таратқан бас­па­сөз хабарламасында.

Саясаттанушы және экономист Әнуар Бақытханов Қазақстан теңгенің дол­ларға шаққандағы траекториясына басымдық беретіні байқалып қалғанын айтады.

Рубльдің құнсыздануы теңге баға­мы­на әсер ететіні жасыра алмайтын жағдайға жетіп қалды. Рубль әлсіреген сайын теңгенің құны да төмендейді. Бұл корреляция Қазақстан экономикасындағы осы валюталардың өзара байланыс­ты сипатын көрсетеді. Ұлттық банк тең­ге­нің рубльге қатысты бағамының маңыз­ды­лы­ғын түбірінен түсінеді. Демек, Ұлттық банк екі валюта арасындағы тепе-теңдікті сақ­тауға тапсырма алған деп бағалауға бо­лады.

ҰБ теңгенің долларға және рубльге шаққандағы айырбас бағамы арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті табу мақсатында стратегиялық тәсілді – теңгерімді маневрді қолданып отыр. Бұл делдалдық стратегия рубль бағамының ауытқуына байланыс­ты ұлттық валютаның құнсыздануын бол­дыр­мауға бағытталған.

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің па­йымдауынша, жақын арада ұлттық ва­люта нығаяды деп күтуге болмайды.

«Теңгенің болашағын болжау қиын, біздің ел АҚШ валютасы мен мұнайға тәуелді шикізатқа негізделген экономикада. Әртараптандырылған экономика құра алмадық, валютамыз доллар мен еуроны ғана емес, рубльге де тәуелді. Сондықтан ұзақмерзімді перспективада, яғни, бес жыл ішінде теңге тек әлсірейді», деп түйіндеді сөзін Рысмамбетов.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдас­ты­ғының өкілдері теңгенің әлсіреуін сыртқы факторлармен емес, ішкі факторлармен байланыстырып отыр. ҚҚҚ (Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы) шолуында 2023 жылдың жеті айында экспорт 9 пайызға қысқарғаны, импорт 33 пайызға өскені айтылған. Ақша-несие саясатының басқа параметрлеріндегі көрсеткіштер де мәз емес. Соңғы бірнеше жылда елдің халықаралық резервтерінің қысқару үрдісі байқалды және бұл үрдіс биыл да жалғасуы мүмкін.

Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері қаңтар-тамызда 4,2 пайызға азайып, шамамен 33,6 млрд доллар деңгейіне жетті. Резервтердің қыс­қар­уы еркін валютадағы активтердің де, алтындағы активтердің де азаюына бай­ланысты болды. Бұл ретте Ұлттық қор­дың шетел валютасындағы активтері сегіз айда 4 миллиардтан астамға (7,4 па­йыз) өсіп, шамамен 59,9 миллиард доллар деңгейіне жетті.

Соңғы жылдардағы мемлекеттік бо­рыш­тық бағалы қағаздар нарығының жағ­дайы айналыстағы бағалы қағаздар көлемінің ұлғаюымен қатар жүрді.

Ұлттық банктің «артық» өтімділігін алу үшін пайдаланылған қысқамерзімді нот­тарының көлемі биылғы тамыз айы­ның соңында 2,8 трлн-нан астам теңгені құрады. Жыл басынан бері 560 млрд теңгеден аса өсті.

Қаржы министрлігінің айналыстағы облигацияларының көлемі есепті кезеңде 21,5 пайзыға (2,95 трлн теңгеге) өсіп, 16,6 трлн-нан астам теңгені құрады. Ай­на­лыс­тағы мемлекеттік бағалы қағаз­дар­дың жалпы көлемі – қаңтар-тамызда 20 па­йыз­ға өсіп, 20,5 трлн теңге.

Айналымдағы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өсу динамикасы жоғары болып қалуда. Дегенмен, бұл өсімге қуануға болмайды. Қаржы ми­нистр­лігінің бағалы қағаздарына келетін болсақ, олардың көлемінің өсуі республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру қажеттілігіне байланыс­­ты.

Ақша агрегаттарында әлсіз динамика байқалады. Осылайша, ақша базасы кең мағынада қаңтар-шілдеде 19 пайыздан аса қысқарып, шамамен 9,6 трлн теңгені құрады. Осы кезеңде ақша массасы 0,2 пайызға төмендеп, 34,2 трлн теңгеге жетті.

Ақша агрегаттарының номиналды мәндегі өсу динамикасы белгіленген ке­зеңдегі жинақталған инфляция қарқы­ны­нан әлдеқайда төмен болып қалуда. Ақша массасы экономикадағы маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Айналымдағы қаржы көлемі ІЖӨ-ге қатынасы экономиканың монетизациялану деңгейін анықтайды.

Біздің елде бұл көрсеткіш дамыған елдермен ғана емес, көптеген дамушы елмен салыстырғанда төмен.

Депозиттік және несиелендіру на­рығын­да шамамен осындай көрініс сақ­талуда. Резиденттердің екінші дең­гейлі банк­тердегі депозиттері қаңтар-шілдеде 0,7 пайызға азайып, 30,7 трлн теңгені құрады. Бұл жолғы төмендеу заңды тұл­ға­­лардың депозиттері көлемінің төмен­деуіне байланысты болды, ал жеке тұл­ға­лар­дың депозиттері 6 пайызға өсті.

Несие беру нарығында анағұрлым оң динамика байқалды. Банктердің эко­но­ми­каның нақты секторын несие­лен­діру көлемі тамыз айының басында шамамен 24,9 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері шамамен 2,1 трлн теңгеге немесе 9 пайызға өсті.

Жалпы алғанда, ақша-несие саясаты­ның көрсеткіштері жылдың өткен ке­зеңін­де шикізатқа айтарлықтай қолайлы баға кон­ъюнк­турасына қарамастан, өте әлсіз ди­на­мика көрсетті деп айтуға болады. Олардың болашақтағы серпіні де ішінара отандық тауарларға әлемдік бағалардағы жағдаймен анықталады. Жыл соңына дейін әлі уақыт бар, баға бір бағытта өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар бүгінде негізгі экспорттық тауарымыз – мұнайдың әлемдік бағасы өткен жылмен салыстырғанда 15-20 пайызға дейін төмен болады деген болжам бар. Әлемдік мұнай бағасының төмендеуі сыртқы сауда көрсеткіштеріне және елдің төлем балансының жағдайына кері әсерін тигізуде.

«Теңгенің әлсіреуінің тағы себебі Үкімет пен Ұлттық банктің қалауы болуы да мүмкін» деген пікірді келесі қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагим де қолдайды.

Қордаланған мәселелерді теңгенің құнсыздануы шешу қалыпты құбылысқа айналып барады. Мемлекеттік бюджетте бір доллар үшін орташа жылдық бағам – 470 теңге. Жылдың алғашқы жарты жылдығында осы деңгейден төмен болды. Қазіргі жағдайда доллар 470 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін, ал рубль одан әрі құлдырауын жалғастырса, онда дол­лардың бағасы 480 теңгеге де­йін жетеді. Бірақ мұндай мөлшерлеме 2022 жылдың қыркүйегінде болды, сон­дықтан оның қосымша инфляцияға бағаның айтарлықтай жеделдеуіне және әкеліп соғуы екіталай. Сондықтан Ұлт­тық банк доллардың 500 теңгеге дейін нығаюына жол бермейді, 480 теңгеге дейін қымбаттаса бір әрекетке барады. Одан әрі шегінуге жол жоқ. 1 доллардың 500 теңгеден асып кетуі инфляциялық және девальвациялық толқынды көтеріп, халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етуі мүмкін. «Біздің ел өткен жылдың ортасынан бері рубль бағамына назар аудармаған, 2022 жылдың күзіндегі рубль жағдайы теңгеге әсер етпеген. Сол кезде 1 доллар 350 теңгеге дейін арзандап кетуі әбден мүмкін еді. Бірақ біз бұл мүмкіндікті пайдаланбадық. Қа­зіргі жағдайда 1 доллар 470 емес, 500 теңгеден асып кетуі мүмкін еді. Дол­лар­дың қазіргі бағамы – Ұлттық банктің интервенциясының емес, ішкі операцияларының нәтижесі», дейді Е.Ибрагим.

Ұлттық банк бюджетті толықтыру үшін Ұлттық қордан ай сайын 500-700 миллион доллар сатса, екінші жағынан зейнетақы активтерін басқару аясында 200-300 миллион доллар сатып алды. Қалай болғанда да, бұл нарықта шетел валютасының ұсынысын арттырды. Осыған байланысты сарапшы Ұлттық банк бағамды түзету үшін бұл операцияларды тоқтатуды немесе уақытша тоқтатуды ұсынды.

«Ұлттық банк кросс бағамды ұстап тұруы керек. Егер біз тек теңгенің дол­ларға шақ­қандағы бағамын бас­шылыққа алатын болсақ, онда рубльдің күрт құн­сыз­дануы теңгенің рубльге қатысты ны­ғаюына әкелетін еді. Бұл Ресеймен саудада теңгерімсіздік болса: ресейлік өнімдер айтарлықтай арзандап, Ресейден Қазақстанға тауар ағыны басталып, 2014-2015 жылдардағы жағдайға қайта оралу қайталанар еді», деді Ерлан Ибрагим.

 

АЛМАТЫ