Отырысты ашқан Палата спикері Мемлекет басшысының Жарлығымен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарып келген Асқар Шәкіровтің депутаттық өкілеттігі тоқтатылғанын атап өтті. Соған байланысты конституциялық нормаларға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы қабылдады.
Мәулен Әшімбаев Асқар Шәкіровтің Сенат төрағасының орынбасары, комитет төрағасы лауазымдарында абыроймен еңбек еткенін айтып, сенатор ретінде атқарған нәтижелі қызметі үшін Палата атынан алғыс білдірді.
Сонымен қатар депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Ғауез Нұрмұхамбетовтің өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы Сенатқа тиісті ұсыным енгізді.
«Ғауез Нұрмұхамбетов жыл басында сенатор болып сайланды. Осы аралықта Палатаның заң шығару қызметіне және жоспарлы іс-шараларына белсенді атсалысты. Маңызды заң жобаларына бастамашы болды. Сенат қабырғасында халықты алаңдатқан маңызды мәселелерді оң шешуге де өз үлесін қосты», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ отырыс барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалған Дархан Қыдырәлі ант берді және Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып сайланды. Палата депутаттары аталған комитеттің төрағалығына сенатор Андрей Лукинді сайлады. Ол бұған дейін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болған еді. Осыған орай Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып сенатор Нұрлан Бекназаров сайланды.
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Құжат жөнінде сенатор Амангелді Нұғманов баяндама жасады. Оның айтуынша, құбыр және электр желілері бойынша энергоресурстарды өткізу кезінде біріккен кедендік бақылауға қажеттілік туып отыр. Осылайша, бірлескен ереже ұсынылмақ.
«Әлемдік нарықтағы болжамдалған мұнай бағасы елдердің экономикалық дамуымен қатар, жалпылай түрде әлеуметтік міндеттерді шешуде негізгі көрсеткіш екендігі жайдан-жай емес. ЕАЭО аясында жаңа құқықтық тәртіп орнату жағдайында құбыржол көлігімен және электр энергиясы желілері бойынша тауарларды өткізуге байланысты қатынастарды реттеуде басқаша сапалы тәсіл қажет. Сондықтан Қазақстанның тиісті халықаралық шарттарында энергоресурстарды олардың өзгешеліктерімен қатар, кеден шекарасы арқылы өткізу мәселелері кешенді түрде шешіліп жатыр. Тауарларды құбырмен және электр желілері бойынша өткізуге арналған шарттардың негізгі мақсаты – кеден шекарасы арқылы құбырмен электр беру желілері бойынша тауарларды өткізуге байланысты кедендік рәсімдер бекер қиыншылық түсірмес үшін мұнай-газ және басқа да энергетикалық компанияларға қолайлы жағдай жасау», деді А.Нұғманов.
Аталған құжат кедендік бақылаудың тәртібі мен мерзімдерін айқындайды. Талқылау кезінде келісімді ратификациялау энергия ресурстарын бақылаудың тиімділігін арттыруға және елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Сенаторлар отырыс кезінде маңызды мәселелерге назар аударып, депутаттық сауалдарын да жолдады. Сұлтанбек Мәкежанов ел экономикасының нақты секторын қаржыландыруды арттыруды ұсынды. Сенатордың пікірінше, бүгінде бұл салаға қаражат қалдық қағидат бойынша бөлінеді.
«Экономиканың нақты секторы бойынша шығыстар 18,7 пайызға төмендеп, ал әлеуметтік саладағы шығыстардың 17 пайыз өсуі байқалып отыр. Бұл ретте даму бюджетінің үлесі 9,2 пайыз немесе 2,2 трлн теңге болып қалыптасты. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда рекордтық ең төменгі көрсеткіш. Яғни даму бюджеттеріне арналған шығыстар 2016 жылмен салыстырғанда 38 есеге төмендеуі болжанып отыр. 2012 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі аралықты салыстырсақ, өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімге салымы 30,1 пайыздан 29,3 пайызға дейін төмендеген. Бұл мемлекеттің индустрияландыруға бағытталған саясатты іске асыруға жеткіліксіз қатысып жатқанын айғақтайды. Нәтижесінде, бүгінгі таңда бюджеттің қатаң тапшылығына ие бола отырып, шығындардың өсуі кірістердің өсуімен қамтамасыз етілмейтінін көрсетіп отыр», деді С.Мәкежанов.
Бибігүл Жексенбай ауруханалар мен емханаларды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландыруға қатысты проблемаларды атап өтті. Мұның бәрі емдеу сапасына теріс әсерін тигізіп, медициналық ұйымдардың дамуына кедергі келтіріп отыр. Депутаттың айтуынша, көптеген емдеу мекемелерінде қордан қаржыландыру айтылған соманың 60 пайыздан 80 пайызға дейін жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны байқалып отыр. Медициналық ұйымдардың шығындарды оңтайландыруына қарамастан қаржыландыру тапшылығына байланысты кредиторлар алдында берешегі пайда болады. Нәтижесінде, олар қалыпты жұмыс істей алмай келеді, жаңа технологияларды енгізе алмайды, қызметкерлерді ынталандыруға мүмкіндігі жоқ және тағы басқа игі істер кенже қалып отыр.
«Бұл жағдай бөлінген қаржы көлемін ӘМСҚ тарапынан әдейі төмендету ғана емес, сондай-ақ әрбір емделген жағдайға арналған қолда бар тариф нақты бір науқасқа арналған шығынды өтемейтініне байланысты. Бұл жағдайдың бәрі ӘМСҚ тарапынан кесте сызықтары бойынша қиындатылады, ол тіпті шұғыл қызмет көрсету кезінде де қолданылады», деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатор осы мәселелерді шешу үшін Үкімет басшысына ұсынылған жылдық өтінімге сәйкес Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қаржыландыруды, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру топтамасын біріктіруді ұсынды.
Закиржан Кузиев сүт өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарын алаңдатқан мәселелерге назар аударды. Депутат отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға арналған бірқатар ұсынысын да айтты. Сенатордың пікірінше, шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалып келген. Дегенмен мүйізді ірі қараның 85 пайыздан астамы және елімізде өндірілген барлық сүттің 88 пайызы солардың қолында.
Сенатор 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін жағдай ерекше ушығатынын атап өтті. Өйткені сол кезден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі күшіне енеді. Жаңа ережеде шикі сүтке қойылатын талаптар күшейтіледі. Ол бойынша сүт машинамен сауу арқылы дайындалып, бірден салқындатқыш шанаққа түсуі керек. Барлық шикі сүттің 90 пайызына дейін өндіретін шағын шаруа қожалықтары мұндай жағдайды қамтамасыз ете алмайды.
«Шикі сүтті оны өңдеу кәсіпорындарына Техникалық регламентке сәйкес жеткізудің мүмкіндігі жоқ. Шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс қуаты 40 пайызға дейін азаяды. Сүт зауыттарының 90 пайызы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның талаптары күшіне енгеннен кейін, бүгінде сүт сатудан табыс табатын ауыл тұрғындарының 70 пайызы тұрақты табыс көзінен айырылады», деді Закиржан Күзиев.
Закиржан Күзиев осыған байланысты шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарының сервистік-тұтыну кооперацияларын ынталандыру қажетін атап өтті.
Айгүл Қапбарова мүгедектігі бар адамдарға арналған инженерлік инфрақұрылым, жолдар мен оңалту орталығының құрылысына қатысты Шымкент қаласында қордаланып қалған мәселелерді көтерді. Депутаттың айтуынша, Шымкентте бүгінгі таңда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды болып отыр. Мұнда қазіргі кезде 51 мыңнан астам адам пәтер алуға кезекте тұр, олардың ішінде 30 мыңға жуығы – халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері. Жағдайды жақсарту үшін жаңа тұрғын үй салынуы керек-ақ, қазірдің өзінде 1 266 пәтерлі 35 көпқабатты үй салынып жатыр. Бірақ оларға инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселесі әлі шешілген жоқ.
«Бұл тұрғын үйлерді инженерлік жүйелермен қамтамасыз етуде 2024 жылға қаржыландыру мәселесі Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан шешілмей отыр. 2024 жылға аталған министрлікке бюджеттік өтінім берілген. Бұл ретте инженерлік жүйелердің құрылысы уақытылы аяқталмаса, қолжетімді бағамен баспаналы болуды күтіп жүрген халыққа пәтерлер дер кезінде үлестірілмеу қаупі төніп тұр. Осыған орай «Ақжайық» шағын ауданындағы кредиттік тұрғын үйлердің ішкі инженерлік жүйелері құрылысының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, мәселені шешуді қарастыруды өтінемін», деді Айгүл Қапбарова.
Мұрат Қадырбек қаржыландырудың тапшылығына байланысты Түркістан облысын газдандыру бағдарламасының мерзімі өзгеруі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Сенатор облыста 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтамасыз етілгені туралы айтты. Биыл табиғи газды тағы 57 елді мекенге жеткізу жұмыстары жүзеге асуда, бұл халықты газбен қамту деңгейін 62,6 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
«Облыста арнайы Жол картасы әзірленіп, 2025 жылы қосымша 202 елді мекенге газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9 пайыз жеткізу жоспарланған. 2024 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жаңа 69 нысанның құрылысына 18 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданған болатын. Алайда Энергетика министрлігі 2024 жылға тек өтпелі 6 нысанның құрылысына 3 млрд теңгені мақұлдап отыр», деді Мұрат Қадырбек.
Ғалиасқар Сарыбаев қандастардың тарихи Отанға көшуін белсенді ынталандыруды, шетелде тұратын этникалық қазақтарға ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды қолдап, дамытуға көмектесуді ұсынды. Сенатордың айтуынша, ресми мәліметтерге сәйкес шетелде 4 миллионға жуық, ал бейресми мәліметтерге сәйкес 7 миллионға жуық қазақ тұрады. Депутат олардың көпшілігінің тарихи отанына оралу ниеті бар екенін айтты. Алайда мұндай қадам жасауға оларға тұсау болатын бірқатар себеп бар.
«Қандастардың өздерінің ұлты қазақ екендігін дәлелдей алмауы, менталитеттегі, білім беру саласындағы айырмашылықтар, тілдерді білмеуі олардың мүмкіндіктерін шектейді», деді сенатор.
Депутат сонымен қатар халықтың көші-қон мәселелеріне қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, бұл Қазақстанға оралғысы келетін қандастарда олардың заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Сенатор осыған байланысты Үкіметтен көші-қон саласында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат беруді сұрады.