Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2023

Ардагерлердің игі бастамасы

328 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңабазарлық ардагерлердің өнегелі іс-әрекеттері, қоғам өміріндегі белсенділігі облыс, республика көлеміне кеңінен танылған. Өңірдегі өзге аудандарда замандас­тары үлгі алып, игі істер жалғасын тауып жатыр. Қазығұрт ауданында абырой-беделі зор, туған жерді қайта түлетуге лайықты үлес қосып жүрген азаматтар да «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері. Олардың ел арасында ынтымақ, бірлікті сақтау, жастарға тәрбие беруде, отбасылық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі ерекше.

Ардагерлердің игі бастамасы

Ардагерлердің апта сайынғы басқосуы жұртты татулыққа үндеуге, адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын, ел ішіндегі дау-дамайды, тұрмыстық мәселелерді шешетін, бір-біріне қырын қарап жүрген екі жақты ымыраластырып татуластыратын, ауылдың бірлігі мен бүтіндігін, берекесін cақтауға дәнекер болатын дәстүрлі жиынға айналды. Әр жиында ардагерлер маусымдық жұмыстарды қорытып, алдағы іске бағыт-бағдар жасап отырады. Мал ұрлығы болған жағдайда кінәліні анықтап, шешімін айтатын да осындағы ардагерлер. Одан бөлек, өз еңбегімен шаруа қожалығын ашып, кәсіпке бет бұрған азаматтардың еңбегін көпшілік алдында айтып, жалқау жандардың намысын қамшылап та отырады. Кейде атқамінер қалталы азаматтар да ақсақалдардан ақыл-кеңес сұрап келеді. Қиналғандарға қолұшын созып, кеңес айтып, ақ батасын беру де қоғамдық бірлестік мүшелерінің міндетіне айналған. Ұйым жұмысына тек жаңабазарлықтар ғана емес, көршілес Көкібел, Жігірген, Қарабау, Сарапхана, Қаратас ауылдық әкімшіліктерінен де белсене қатысушылар көп. Берекелі де, ынтымағы жарасқан ауылға келетін үлкенді-кішісі бар қонақ та үзілмейді. Иә, елге үлгі ететін игі істері көп ардагерлердің белсенділігі қалай бас­талып еді? Ауылдың аға буынын берекелі істерге біріктірген қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық сусыны болатын.

Біз айтқан дәстүрді жергілікті жұрт «қымыз жиыны» деп атайды. Ауыл тұрғын­дарының бір үйде бас қосып, қымыз ішіп, өзара әңгіме-дүкен өткізетін үрдіс 1950 жылдан бері бар екен. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде бұл өңірде 60-тан аса ұсақ ұжымшар болған. Сол кезде алыс-жақын ауылдардан атпен, есекпен Жаңабазар ауылына келіп, қымыз ішіп қайтатындар аз болмаған. Сусындаудың себебімен келгендер өзара әңгіме-дүкен құрып, жаңалықтарымен бөлісіп, шаруа жайын ақылдасып отырған. Кейін бірнеше ұсақ ұжымшар біріктіріліп, 1963 жылы Жаңабазар ауылынан «Коммунизм» қой кеңшары құрылған екен. Бертініректе, яғни 1997 жылы ауыл азаматтары «қымыз дәмге» жиылып, бүгінді саралай ертеңгі күнді ойлап «Қарабастау» өндірістік кооперативін құруға шешім қабылдаған. Алайда «ор­тақ өгізден оңаша бұзауды артық» көргендер қатары көбейіп, өндірістік коо­ператив жұмысын тоқтатады. Әр шаруа өз үлесін бөліп алады. Уақыт өтіп, ел ішінде құрылымдық немесе шаруашылық басқаруда өзгерістер болып жатқанда, көпті көрген қариялардың қалауымен бұрыннан қалыптасқан «қымыз жиын» дәстүрі жоғалған жоқ. Тәуелсіздік жылдары жаңабазарлықтар бұл дәстүрді одан әрі жетілдіре түсті. Жергілікті белсенділердің бастамасымен «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ауыл ақсақалдары бас болып, демеушілердің көмегімен орталық елді мекеннің көркін ашатындай әдемі ғимарат бой көтерді. Маңдайшасына «Ардагерлер үйі» деп, одан төменірек «Қымызхана» деп жазылды.

«Жомарт жандардың демеуімен 22 млн теңге қаражат жиналып, қымызхана ғимараты 5,5 айда салынып бітті. «Жаңаба­зар ардагерлері» қоғамдық бірлестігіне мүше 55 ардагердің 13-і – қажы. Қоғам өміріне белсене араласып жүрген ардагерлер, сонымен қатар қымызды, жылқы өсіруді және ұлттық спортты насихаттап, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Мектептерде кездесулер өткіземіз. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында да үгіт-насихат жұ­­мыс­­тарын жүргізіп келеміз», дейді қо­ғам­дық бірлестік төрағасы Жорабек Сүйеубеков.

Өзгеше өрнекпен салынған сәнді де сәулетті «Ардагерлер үйі» көңіл сүйсінтеді. Көрме залы, намаз оқитын, қонақ бөлмелері бар ғимаратта қымызхананың өткенінен сыр шертетін деректер де орналастырылған. Деректерде Жаңабазар елді мекенінде ірі базар болғаны, сол өңірдің 10-15 колхоз басшысы бірлесіп, «Жаңабазар қымызханасының» негізін қалағаны айтылады. Олардың қатарында Әділ, Әлімбай, Тілеміс, Арынтай, Нәзірқұл, Исебай, Зиямет, Нұржан, Бекмырза, тағы да басқа ел басқарған азаматтар болыпты. Бүгінде алдыңғы буын аталардың ұрпақтары осынау ізгі бастаманы жалғастырып келеді. Әрине, жыл сайын ұрпақ алмасады. Өмірден озған ақсақалдардың орнына ұлдары келіп қатысады. Сөйтіп, ұрпақ сабақтастығы жал­­ға­­­сын табады. Бұл ортаға қосылғысы ке­ле­­тін­­дер де көп. Алайда оларға қойылар талап жоғары. Елге абыройлы, өзіндік айтар сөзі, үлгі етер өнегелі өмір жолы бар 60-тан асқан жандар арнайы комиссияның ірік­теуінен өткенде ғана қатарға қосылады екен. Жексенбілік жиынға қымызды жер­­гілікті төрт отбасы дайындайды екен. Сон­дай-ақ сол күнге арнап тандыр нан жабатын отбасы бар. Бұл күні қымыз жиынына келетін қариялармен қатар жастар да баршылық.

«Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі қайрымдылық жасаудан да кенде емес. Бірлестік мүшелері Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен отбасыларға, Мақтаарал ауданы тұрғындарының үйлерін су шайып кеткен кезде де қолдан келген жәрдемін аямады. Жыл сайын ауыл әкімдігінің тізіміндегі тұрмысы төмен отбасылардың әрқайсысына азық-түлігін жеткізіп, қайырымдылық жасаған азаматтар да аз емес. Қазығұрт пен Қосмола тауының арасын жайлаған Жаңабазар ауылының жылдан-жылға көркейіп, өсіп-өркендеп келе жатқаны да ынтымақ пен тату тірліктің нәтижесі болса керек.

«Ақсақалдар ауылдың тазалығынан бас­тап, жарық, ауыз су, табиғи газ, жол, жайы­лым тіпті қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелерін де үнемі бақылауда ұстап, ауыл округі әкімі мен құқық қорғау органдары басшылармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Мұндай ақсақалдардың бас қосып, мәселені оңынан шешіп отыратын орталықтар әр ауыл округінде болса екен деген ой да келеді. Бұл әр ауылда ынтымақ пен бірлікке, ауызбіршілікке жол ашатыны ақиқат. Біз – әрдайым үлкендерді сыйлап, соларды тыңдап өскен жастармыз. Сондықтан өмір көрген, тағдыр сынынан өткен аға буын әрдайым үлкендігін көрсетіп, жастарға ақыл айтып, жол көрсетіп отырса құба-құп емес пе?», дейді Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмайылов.

Кезінде санаулы ғана ардагерлердің басқосуымен басталған «қымыз жиын» бү­гінде заман талабына сай қалыптас­қан үлкен ұжымға айналған. Саналы ғұмырларын елдің елдігі мен бірлігіне арнаған, ұрпақтар сабақтастығын жалғас­тыр­ған, ел үшін еткен еңбектері де өлшеу­сіз әрі елеулі ардагерлерден құралған «Жаңа­базар ардагерлері» қоғамдық бірлес­тігі 70 жылдығын атап өтеді. Бұл орайда «Елдің елдігі ардагерлерімен танылады» тақырыбымен ауқымды іс-шара ұйымдастырылмақ.

 

Түркістан облысы