Қоғам • 29 Қыркүйек, 2023

Батагөй Балтабай

280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақта «Саф өнер саңлаққа ғана қонады» деген жақсы сөз бар. Осы бір әдемі теңеуді заманында суырыпсалма ақындығымен, шебер күйшілігімен елді аузына қаратқан, бүгінде «Керекудің батагөй ақсақалы» атанып отырған Балтабай Сыздықовқа қай жағынан айтсақ та жарасатындай.

Батагөй Балтабай

Балтабай Сыздықов – елге еселі еңбегімен жаққан, то­қы­рау жылдары Ертіс-Баян өңі­рін­дегі ұлттық ру­ханият пен мәдениетімізді төрге шы­ғаруға ғұмырының жартысы­нан астамын арнаған абзал жан. «Баталы құл арымас» деген нақыл­ды әс тұтып, ел үлкендерінің ақ ба­та­сын алған, көкірегі толған қа­зына қарттың еңбек жолына үңілсек, қай қызметте болса да ұлтымыздың өнерін алтындай ба­ғалағанын тү­сі­нуге болады. Не­гізгі алған білімі ауыл шаруа­шы­лығындағы инженер-механик бола тұра, оның мәдениет саласында қалдырған қолтаңбасы орасан. Әсіресе 90-жыл­дардың соңы мен жаңа ға­сырдың басында мәдениетімізді дамытуда бұл кісідей тынымсыз еңбектенгендер сирек. Баянауыл ауданында Бірлік кеңшарының директоры болып тұрғанда елді мекенге жаңадан мәдениет үйін салдырып, кейін аудан орталығында ұзақ уақыт мәдениет бөлімі басшысы лауазымын атқарған тұста оның атсалысуымен жергілікті «Беу, жігіттер», «Баян әуендері», «Баян сұлу» ансамбльдері «Халықтық өнер ұжымы» атағын иеленіп, Баянауылда халық театры құрыл­ды. Одан соң ауданда алғаш рет «Баян ТВ» телеарнасын өзі бас болып құрды. Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінде жас жет­кіншектерді ақындық өнерге бау­лып, жергілікті жердегі өнер­паз­дардың басын қосып домбыра ансамблін жасақтады. Әсіресе отандық сапалы ақпаратқа сусап отырған жергілікті жұрт үшін «Баян ТВ» арнасының маңызы зор болған еді. Коммерциялық жоба өзін өзі ақтап, арна ұжымы бюджеттен бірде-бір тиын кө­мек алмады. Балтабай аға бір өзі редактор, диктор, журна­лист қызметтерін атқарып, көрерменге әр аптаның сенбісінде жергі­лікті жаңалықтармен бөлісу­ге асы­ға­тын. Іскер әрі ұйымдас­ты­ру­шы­лық қабілетінің арқасында жер­гілікті мәдениетті өрге сүй­реп, оның тұсында Баянауыл жерін­де республикалық, облыс­тық деңгейдегі түрлі өнер фестивалі жиі өтетін. Осының барлығы кас­сеталы камераға түсіріліп, жер­­­гілікті халыққа теледидардан тұ­рақты көрсетіліп тұрды. Бұдан басқа көгілдір экран арқылы ай­мақ­тың экологиялық мәселелері, Жасыбай демалыс аймағын дамыту жайы, жекешелендіруге қатысты түйт­кілдер жиі талқыланатын. «Баян ТВ» арқылы сол жылдары х­алық­тың саяси-экономикалық және рухани сауаттылық деңгейі өсті деп баға беруге болады.

Балтабай ағаның домбыра­шы­лық өнері сонау жас шағынан елге белгілі болды. Алматыда оқып жүріп, 60-жылдардың орта­сын­да республикалық студенттер арасындағы байқауда жеке күй орындаудан екі мәрте жеңімпаз атанған. Бұл жетістігі үшін ол өзге өнерпаздармен бірге 1968 жылы «ҚазКСР-дің Польшадағы мә­дениет күндеріне» қатысады. Варшава, Гданск, Щецин, Слупск тағы бірқатар үлкен шаһарды аралап, Динаның «Байжұма», Құрманғазының «Сер­пер» күй­лерін орындап, қа­зақ­тың асыл өнерін өзге жұртқа паш еткен. Сол жылдары ол атақты аспап жасаушы Қамар Қасымовпен бір қатарда еңбек еткен шебер Эмануэль Романенконың қолынан шыққан домбыраға ие болған. Сол көне аспап – күні бүгінге дейін Балтабай ағаның жан серігі.  Бір өзі қазақтың 80-нен аса күйін орын­дай біледі.

Енді бір өнері – суырыпсалма ақындығы. 1985 жылы Баянауыл жерінде Жаяу Мұсаның 150 жылдығы тойланып, үлкен ай­тыс ұйымдастырылады. Сон­да жергілікті ұстаз, ақын Зеке­бай Солтанбайұлы Балтабай Сыз­­дықовты дайындап, жыр сү­­лей­­лерінің бәйгесіне қосқан екен. Сол айтыста Балтабай аға облыс­тың бас ақыны аталып келген Тұр­сынбай Олжабаевты ақтық сында басымдықпен жеңіп, бас жүлдені иеленген. Кейін оның жолын жергілікті айтыскер ақындар Жұмкен Сейітов, Бағдат Дүйсенов тағы басқалары лайықты жалғас­тыр­ды. Балтабай ағаның өзі лауазымды қызметтегі адам бол­ған­дықтан, айтыстағы мансабын жалғастыруға мүмкіндігі бол­ма­ған. Тек суырыпсалма өне­рін жұрт ерекше бағалап, ел ішінде «Балтабай ақын айтты» деген ма­қамдар, әзіл өлеңдер әлі күнге дейін жиі кездеседі.

Бүгінде жасы 78-ге жетіп қал­ған қария батагөйлігімен де елді аузына қаратып отырған жайы бар. 2019 жылы Атырау же­рінде өткен республикалық сайыста бірінші, ал биыл мамыр айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдас­ты­руы­мен ақсақалдар арасында өткен І республикалық бата беру бай­қа­уын­да бас жүлдені жеңіп алды. Қазыналы қарияның аузынан төгілетін әрбір сөзі жақұт, адамды кемелденуге жетелеп, сана көкжиегін кеңейтуге бағыт бе­реді. Ақсақалдың сөзінше, бата беру – тек дастарқанға ас қайырып, пенде баласына жылы сөз, жақсы тілек арнау емес. Бата – қазақтың көне дәстүрінен жалғасқан қа­сиет­ті құндылықтарының ең ма­ңыз­ды­сы. 

– Адам баласы дүниеге келіп, фәни дүниеге кеткенге дейінгі өмір жалғас­тығын батамен кескін­де­ген. Батаның түрі өте көп. Қа­зір­гі өмір негізінде алсақ, мысал үшін «шілдехана батасы», «бе­сік батасы», «тұсаукесер батасы», «сүндет батасы», «ашамайға мінгізу батасы», «тоқымқағар батасы», «тілашар батасы», «әскер­ге шығарып салу батасы», «жас жұбайларға арналған бата», «ұза­тылған қызға бата», «қоныс бата­сы», «ақсақалдарға берілетін бата», тағысын тағы жалғастыра беру­­ге болады. Батаның дені дас­тар­­­қанға арналған. Ертеде көп ор­та­сында батаны тек елге сыйлы, жасы үлкендер ғана берген. Қариялар болмаған жерде орта жастағы еркек кіндіктілер, тіпті болмаса кішкентай ер балаларға бергізген. Ер отырған жерде әйел адам­ның бата беруі – өрескел іс. Мұның мағынасы – әйел адамды кемсіту емес, керісінше ер азамат шаңырақтың иесі, әулет үшін жауапкершілік жүгін арқалайтын жан деп түсінген қоғамымыз.

Бұл халқымыздың ұлттық біре­­­гейлігін сақтап қалатын код­тың бірі екенін ұмытпайық, дейді ақ­­сақал.

Ұзақ жылғы еңбегінің нәтиже­сінде Балтабай Сәкенұлы еліміздің «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Қазақтың қара сөзін қанына, сүбелі сөзін сүйегіне сіңірген ұлағатты ақсақалдың деніне саулық, күш-қуат тілейміз.

 

Павлодар облысы